АЛЛЕГОРИЯ (грекше allеgorіa – пернелеп айту), пернелеу – оқырманның санасына, қиялына ерекше әсер ететіндей образ жасаудың бейнелеуші құралы, көркемдік тәсіл.
ДАРАЛАУ – кейіпкердің жеке мінез ерекшелігі. Кейіпкердің өзіне ғана тән қимыл-әрекеті, сөйлеуі, киінуі, жүріп-тұруы. – кейіпкердің жеке мінез ерекшелігі. Кейіпкердің өзіне ғана тән қимыл-әрекеті, сөйлеуі, киінуі, жүріп-тұруы.
ЖИНАҚТАУ – типтік бейне жасау үшін кейіпкер бойына заманына, кәсібіне, атқарып отырған қызметіне сай іс-әрекет, мінез ерекшеліктерін беру.
КӨРКЕМ АУДАРМА – әдеби шығарманың бір тілден екінші тілге аударылған нұсқасы, көркем әдеби шығармашылықтың бір саласы.
КӨРКЕМДІК ДЕТАЛЬ (бөлшек, бедер-белгі) – мағыналық, көркемдік мәні бар ұсақ ерекшелік, сөз болып отырған нәрсенің жекеленген сипатбелгілері.
КӨРКЕМ ҚИЯЛ – көркемдік ойлау ерекшелігі, суреткердің дүниеде, өмірде болатын, болуы мүмкін нәрселерді, жай-жағдайларды қиял арқылы елестету қабілеті, бейнелеп көрсету тәсілі.
КӨРКЕМДІК УАҚЫТ – шығармада суреттелетін және оқырманға көрінетін уақыт. Ол нақтылы уақытқа қарағанда, оқырманның қабылдауына байланысты әр қырлы болуы мүмкін. Көркем шығармадағы оқиғалардың байланысы және реттеліп берілген сюжет арқылы уақыт сипатталады.
КӨРКЕМ ШЫҒАРМАНЫҢ ЖАЗЫЛУ ТАРИХЫ. Кез келген көркем шығарма оның жазылу тарихымен байланысты. Ең алдымен, автордың шығарманы қашан, немен, қалай аяқтағанын анықтау қажет.
КӨРКЕМДІК ШЫНДЫҚ – өмір шындығының жазушының ой-елегінен, шығармашылық көрігінен өтіп, қорытылып, әдеби шығармалардағы баяндалған, көркем суретке айналған қалпы. Көркемдік шындық – өмірдегі шындықты кең толғап түсіну, терең сезіну, ол жазушының өз ойы мен пікірін білдіруінен туады.
ЛИРИКАЛЫҚ КЕЙІПКЕР – поэзиялық шығармалардан көрінетін адамның тұлғалық бейнесі. Өлең-жырларда ақын көбіне өз атынан сөйлейді. Басқа адамның бейнесін жасап, соның атынан айтуы кейде ғана кездеседі.
МӘҢГІЛІК БЕЙНЕЛЕР – белгілі бір заманда, қоғамдық ортада қалыптасқан мінез-ерекшелігі бар, сонымен бірге бойынан жалпы адамзатқа тән сипат-қасиеттер де айқын танылатын, типтік тұлға дәрежесіне көтерілген әдеби бейнелер. Бір халықтың әдебиеті көлемінде ғана қалмай, дүниежүзі мәдениетінде танымал бейнелер болады.
МОДЕРНИЗМ (латын тілінен алынған термин, modernus) – жаңа, қазіргі деген мағынаны білдіреді. Модернизм – ХХ ғасырдың басында пайда болған философиялық-эстетикалық ағым.
ПОЭЗИЯЛЫҚ ЛЕКСИКА – өлең жырларда, поэзия туындыларында қолданылатын сөз қоры, тіл байлығы. Бұл тұрғыда әр сөздің
мағыналылығына, мәнділігіне және бейнелілігіне, сөз сұрыптау, іріктеу, таңдаулысын тану, шебер қиюластыру, сөз інжуін жарасымды қолдану шеберлігіне айрықша назар аударылады.
ПОЭМА – өмірде болған не болуға тиіс күрделі құбылыстар мен келелі оқиғаларды, алуан-алуан адам тағдыры мен заман шындығын көлемді, желілі, эпикалық не лирикалық сипатты өлеңмен суреттеу.
ПРОТОТИП – әдебиет шығармасындағы кейіпкердің бейнесін жасауға тірек, негіз болатын өмірде болған адам, яғни өмірде бар тұлға.
РОМАН-ЭПОПЕЯ (грек. epopoeia – тудыру, жазу) – эпостық шығарманың бір түрі; белгілі бір немесе бірнеше тарихи дәуірдің типтік оқиғаларын кең көлемде суреттейтін, бірнеше ұрпақ өкілдерінің іс-әрекеттерін ортақ идея мен бір тақырыптың арнасында, көркемдік тұтастықта баяндайтын поэзиялық не прозалық кесек туынды.
СИМВОЛ (грекше sуmbolon – нысана, бейне, белгі) – бейнелеу. Айтайын дегенін ашып айтпай, астарлап, басқа бір нәрсенің бейнесінде суреттеу.
СТИЛЬ – жазушының өмір шындығын танып-білу, сезіну қабілетін, бейнелеу шеберлігін, өзіндік суреткерлік тұлға-бітімін танытатын даралық өзгешелігі, жазу мәнері, қолтаңбасы.
СЮЖЕТ (франц. sujet – зат) – өзара жалғасқан оқиғалардың тізбегі, біртұтас желісі. Сюжеттің негізі – өмірлік тартыс, конфликт, кейіпкерлердің қарым-қатынасындағы қақтығыс.
ТАРИХИ ШЫНДЫҚ – өмір шындығының тарихи тақырыпқа арналған шығармадағы көркемдік көрінісі.
ТИПТЕНДІРУ – суреткердің іс жүзінде өмір шындығын өз дүние-танымы тұрғысынан белгілі бір уақыт пен кеңістікке, әлеуметтік орта мен дәуірге сай талғап-тануы, таңдап іріктеуі және жинақтауы, сол арқылы өзі жасап отырған көркем бейнені сомдауы, тұлғаландыруы, даралауы.
ТРИЛОГИЯ (грек тілінен trі – үш, logos – сөз) – мазмұн-мағынасы, сюжеті жағынан бір-бірімен тығыз байланыста, негізгі кейіпкерлері ортақ келетін, өзара жалғасқан, тұтас үш бөлімді туынды.
ШЕГІНІС – шығармадағы оқиға желісіне тікелей қатысы жоқ басқа бір жай-жағдайларды кенжелей кірістіріп айту. Көбінесе әңгіме желісін үзіп, кідіріс жасаған кезде бұдан бұрынырақ болған жай тілге тиек етілетіндіктен, бұл тәсіл «шегініс» деп аталады. Кейде «лирикалық шегініс» делінеді. Лирикалық шегіністе байқалып отырған жағдайға, суреттеліп отырған кейіпкерге автордың өз қатынасы, өз көңіл күйі айтылады.
ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ – әдеби шығармадағы кейіпкердің ұлттық сипатымен ерекшеленген мінез-бітімі, оның белгілі бір халықтың өкілі екендігін танытатын психологиялық және ойлау, сөйлеу өзгешелігі.
ІШКІ МОНОЛОГ – кейіпкердің ішкі ойы, өзіне-өзі қарата айтылған арнауы. Көңіл күй сырын білдіретін, эмоциялық әсерді байқататын көркемдік құралдың бір түрі.
ЭКЗИСТЕНЦИАЛИЗМ (лат. eksіstentіa – өмір сүру) – ХХ ғасырдың бас кезінде пайда болған және болмысты субъект пен объектінің тікелей бөлінбес тұтастығы ретінде түсіндіруге тырысқан қазіргі заманғы философиядағы бағыт.
ЭССЕ – тұрақталған, қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарап, өзінше толғап әрі дағдыдан, әдеттен, көне соқпақтардан бөлек, тың болжамдар мен түйіндеулерге құрылатын философияның, эстетиканың, әдеби сынның, публицистиканың, көркем әдебиеттің жанры.