Тірек сөздер: бесатар, қарсыластар, 1916 жыл, қазақ ауылдары.
Қылшатас төбенің басында шоқиғанына екі сағаттан асып кеткен Крейгель френчінің етегімен шынысын сүртіп ап, Қазығұрттың асуына дүрбі салды. Сағым буа бастаған қара көк жота қылт еткен қарадан ада екен. Көңіліне маналы бері ін аузындағы суырдай қылт-қылттап отырған күдік кеп кірді. Қатер болмаса игі еді деп отыр. Қазір сәске, отряд кеше құптанның қарасын жамылып аттанған, содан әлі жоқ. Бес қаруы түгел отрядтың құр қол ауылға қона жатып аялдағанын түсіну қиынға түсті.
Крейгель темекі тұтатты. Аяғының асты папирос тұқылына онсыз да толып қалған екен. Портсигарда жұмсақ жұпар «Дукаттың» екеуі-ақ қалыпты. Қайтеді, азар болса Голоножкиннің махоркасына жалынады дағы.
Аш қарынға сорғылай бергесін бе, жүрегі лоблыды. Сәрі аста шеңбер атып үйренген кінәмшіл құрсақ майлы ас қарпымай қыңқылын тыймастай көрінді.
Етектен кеңсірігін қытықтап семіз құйқаның қою иісі келді, іле жылқы оқыранды. Еркелігінен жаңылып, жалынуға әлі үйрене алмаған жылқының дауысындай. Дәу де болсаң Қарала шығарсың деп отыр.
– Ох, өзін Ташкентке жөнелту керек екен, – деп қалды Крейгель, марқа қозының қуырдағы мен құйқасына көңілі әбден ауған ендігі сәтте.
Кенет келген шешіміне қуанып та қалып еді. Қуырдақ пен құйқа бар, таң асқан сары қымыз бар, қолына Құдайдың өзі айдап әкеп ұстатқан Қарала бар – отряд күтіп алақтаған Крейгельдің көңілі енді қазір мәйектеніп қалды. Осы тұс отрядтың кешігуіне басқадай себептер де табылды. Казарманың сасық борщынан жаңадан құтылған солдаттардың ен еттің ортасына түскенде нәпсі тыйып қалуы, әй, неғайбыл-ау… Тойып жеген еттен кейін, қанып ішкен қымыздан кейін, үріккен құстың үйіріндей шылаған ақ бұғақ, қаракөз сұқсырлар тұрса, қаратаяқ солдат түгіл, Витька Софронов та қалғи қоймас.
Крейгель жерде жатқан маузерді кекілік ықылық атқан тасқа көздемей кезеп, қатарынан бес рет басып-басып жіберді.
Дәрінің иісі құйқаның иісіндей екен.
Жылқы етектен тағы оқыранды. Қырық шақты түп қарағаш, сол қарайлас жиде мүлгіген қыстаудың ашық алаңқай, қылта бұрылыстарын сүзіп, тінтіп шықты – Қарала көрінген жоқ.
Сауысқандай сақ Голоножкин ат қораға тыққан шығар деп отыр.
Ипподромға бармағанына да көп болыпты. Крейгель қара болат маузердің қозы аузындай қорапшасына оқ ытқытып отырып, ипподромға бармаған апталарын санады. Бүгін шілденің жетісі болса, аттай алты апта өткен екен.
Дегенде ат таниды өздері. Бұлардың жылқысы желіске жоқ демесең, қан жоса шабысқа келгенде дес берместің өзі. Қос танауын анар сыярдай ғып айналдырып ап емінгенде Орлов пен Ростовтан қолқалап әкелген ұзын сирақ арғымақтардың шаң қауып қалғанын жексенбі жарыстарда талай көрген. Құлағына губернатор Фольбаумның өзі қазақы атқа ықыласты деген қауесет шалынып еді.
Қараланың қызығы мен қылығын генералға жеткізетін адамның ретін ойлап қалғанда, Крейгельдің есіне Иноземцев түсті. Бір-екі рет Иноземцевтің қасынан Фольбаумның адъютантын көргені бар-ды.
Крейгель орнынан тұрды.
Мына шоқыға мана оңай-ақ көтерілген сияқты еді. Енді байқады – оқ жетпес дерліктей құзар құз екен. Сонау етегіндегі жылан бел күміс бұлақтан бастап ұшар басына дейін қанқызыл итмұрынға тұнып қапты.
Крейгель көк шатқалдың қыр жағына, ту жусан тұнған бөкен жон адырға бұрылды. Көк жазық еңіске, бітік өскен тарыдай сағағынан иілген қалың жусанды борт-борт сындырып малтығып түсті. Артында ит жасырардай ор боп, бұлтағы жоқ қасқарған із қапты.
Петр Иванович мырс етті.
Кекесіннің еншісі саналатын мырсылды өзінше мүсіндеу бұ кісінің қашаннан дағдысы болатын. Істеген ісіне көңілі толғанда мырс етер еді – адырдың бөкен жонынан тура түскен із көрді. Төтеден бас тартып ұзаққа салғанның өзінде бұралаң-бұлтаққа алым бермеген екен.
Крейгель сонсоң Қазығұрт жаққа тағы дүрбі салды. Елең-алаң қара түгіл асудың өзі жоғалып кеткендей; лапылдаған қою сары сағымнан жоғын іздеп таба алған жоқ.
Міне, бұлардың жері – осы. Қусаң жетіп, қашсаң құтқармайды, тығылсаң адырайтып аспанға көтереді. Иноземцев ұрланған үш күннен бері Рабат пен Черняевканың арасын жылға-жылға, сай, жақпар тасына дейін дерліктей адалап шықты. Бүгіндері жиырма кісінің бесеуін оң жағына көлденең сап отырған жайы бар. Бесеуінің де түбіне жеткен тапа тал түсте жай түскендей тарс ете қалатын құлдырау қараның жалғыз оғы. Бір жағың – ат шаптырым көк жазық, бір жағың – табан асты аспандаған ақбас тау. Құлдырау қара тарс етеді де, шекелеп, ылғи да шекелеп тиеді, шекелеп тиіп, ат жалын құштырып кетеді.
Табан жолын осы өлкеде танып, нәпсі солығын алғаш осы өлкеде басса да, қойын-қойнауынан жыл он екі ай ақ тұманы сейіліп, мамық бұлты арылмайтын Қазығұрттың осынау аспаншыл биіктеріне, мынау тақтай төскейлеріне Крейгельдің іші қашаннан жылып көрген емес. Қайта қай күні бір ойға қалғанда байқап еді – Ташкенттің бұлтағы көп көшелерінің бұрыш-бұрышынан бақырып-шақырып шығып аттылы қазақтың атын үркіту парыз саналған бала кезінен бастап самайына сынап тұнған бүгініне дейін, осы атырапқа сыбағадай арнайы сақтап айта алмай жүрген бір сөзі, ата алмай жүрген бір оғы бардай. Қай жылы – ах, да, үш-ақ жыл өткен екен-ау – әкесіне еріп династияның салтанатына Петербург барғанда қайтар жолда Сычевкаға, атамекен топырағына соғып қайтқан. Әлгі атылмаған оқ пен айтылмаған сөзге алғаш сонда кептеліп еді.
Түркістанға 61-жылдың реформасынан кейін жалғыз шобырдың құйрығына байланып кеп, бүгіндері Шымкент кетіп, рудник иеленіп отырған әкесінің араққа тойып алғанда, «қайран Сычевкалап» маңдай соққанын талай көрген. Әлгі жұрт көп айтатын қан дабысы ма, әлде бүкіл Түркістан өлкесіндегі мұрнын жүз соммен сүртеді дейтін қалталылардың санатында санала бастаған дардай кісінің парлаған көз жасынан шіміріккені ме, әкесі «қайран Сычевкалап» маңдайын төпелегенде мұның да жүрегі лүпілдеп кетер еді. Барғанда көрді: ақ теңбіл қайың орманы, сақинасын жоғалтқандай өзеннің жағасында шашын жайып жылап-жылап отыратын құба талынан басқа өрекпіп келген көңілдің межесінен табылар бөлекше бір қылық, көрініс-сурет, кескін-мінез көрсеткен жоқ. Күндізінде жалғыз сиырға соқа жегіп, былқылдақ жердің арқасын қасып отыратын қалың мұжық, мұңлы мұжықтың аза бойыңды қаза тұрғызар зарын естігенде әкесі айтқан, сасық қазақтың мақалын көрдің бе деп кекетіп айтқан бес сөз есіне түсті: ит тойған, ер туған жеріне.
Пар ат жеккен солқылдақ фаэтонмен Мәскеу қайтқанда осы мақалды әкесіне қайырып айтып та беріп еді. Етжең бет-аузы ұйқы қақты боп бір, арақ өтіп екі домбыққан батькасы Ташкенттен шығарда бөдене құйрықтатып күзеп тастаған сақалын иегімен қосып уыстағаннан басқа қайрат қылған жоқ-ты. Сәскеде қадаған кетпенсап бесінге жетпей бүршік жаратын, қазынаға күпті өлкенің алтын буынан мәйектеніп алған кәрікөз банкирдің әлгі мақалдағы туған мен тойғанның орнын бейне шот қаққандай, сарт-сұрт қайта ауыстырғанын қатты жиреніп, тітіреп сезініп еді. Бірақ сәлден кейін, әкесіне деген жиреніші суынар-суынбаста байқады: туған мен тойған жайлы өз ұғымы да әке ұғымынан қара үзіп кетпеген екен. «Қайран Сычевка!» деп бұрылып артқа қарардай күре тамыры солқылдап, кіндігі бүлкілдеген жоқ. Сонсоң Мәскеуге жеткенше әкесінің қасынан кетіп көшірдің жанына отырғаны; бетіне сыңсыған қайың орманымен сыр айтысқан өң жапсырғаны; сауық құрып, қазақтан мал тартып ап жүріп неше дүркін аралаған Қазығұрттың қойнауларын, жайлауларын жол бойымен ойша салыстырғаны бар еді. Салыстырған, шағыстырған сайын сауыры төңкерілген ту бие мен ыңыршағы айналған ала бүйір көк сиыр, құндыз бөркін шекелеткен қазақ пен шөжім дамбал мұжық көз алдына жағаласып қабат кеп, пысылдақ сиырдың танауын иіскелердей боп, ал ту биеге пышақ пен бұғалықты кезек ұсына бергені де есінде. Сол сапардан бері Ташкентке шаруа жөнімен анда-санда келіп-кетіп жүретін әкесін көрсе болды, қылмыс үстінде танысқан бастасымен табысқандай сынып қалады. Қан шеңгелден ештеңелері жоқ сияқты еді. Ау, сондағылары, қылмыс па екен сондай-ақ? Крейгель осы бір сөзді – қылмыс, әсіресе жек көреді. Себебі мұның кеудесін сол сапарда қапқан сасық балшықтың иісіндей қолқа суырар жиреніш түйсікті басқадай ұғым-сөздің ауқымына сыйдыра алмап еді. Небір таскешті заманның қансоқта төңкеріс-қырғындарына тірсегін қиғызбай атадан балаға мирас боп келе жатқан сенім мен сезімге аталы-балалы екеуі кәнігі қарақшылардай қабақ астынан ұғысып ап, жарысып, тас атқандай ма? Құлқын мен нәпсі сынды ылғи да мансап деп, ылғи да жемтік деп терсінетін дойыр қамшының ыңғайымен қайқаңдағанда жолай кезіккен жалаң аяқ, ақ шашты ананы кеудесінен итеріп кеткендей ме? Крейгельдің әйтеуір сол жолғы көкірегін білек сыбанып аршуға жетер шыдамы да, шабар құлқы да жоқ. Беті аулақ деп іштей қашқақтағанмен солқылдақ фаэтонның түкпірінде қасқыр ішік жамылып дөңкиген әкесінің – бұл қазақ мақалын кенет кіжініп бетіне басқанда, дағдыдағы сарт та сұрт шапшаңдығынан айырылып қап, бетін бейне ызғар қарығандай бұрып әкеткені осындай оңаша қалған сәт-тұстарда төтеден кезігіп, бетіне от шығарады. Ес жиғызбай тұқыңдатып, тұқырып кетеді. Сондағы Крейгельдің бар жасайтын әрекеті, бар сілтейтін қаруы: осы өлкеге, осы өлкенің момындық пен ашу өрлігі боп айрықша бір келісіммен бірігіп-кірігіп жататын жазықтары мен тау-тасына, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ еліне, Сычевкадан емге табылмайтын арқары мен бөкеніне деген мұздай бір кекке кептеле беретіні. Бұлардың жазығы не, тентіреп келген әкем мен әкемдейлерді сауырлап айдап тастамағанына кінәлі ме деп дағдарған да емес. Верныйдағы, Ташкенттегі өзі білетін тектілердің ішінен бұратанаға іші бұратын әлдекімді кездестірсе, мысық көрген иттей ырылдап қоя берер еді. Құнығып бір оқитын кітабы «Идиоттың» авторының көксау бір қазаққа жазған хатын оқып, бұлан-талан болғаны да бар-ды. Осылардың әйтеуір марқасқа болмысын, екі иығына екі кісі мінгендей еңгезерлігін жаратпайды; елінен өзі қол үзіп, елімен өзі ат құйрығын ойға қалмай оп-оңай, оңай, оңай, оңай кесісіп кеткесін бе, осылардың әлгіндей мақалкештігін жаратпайды. Крейгель осы себепті де Петербург барып қайтқан үш жылдан бері, өлке жұртына аты әйдік, қолы кобура іздегіш тергеуші боп алған. Ал мына тағы қазақты солдаттыққа міндеттейтін указ шыққалы бері ұйғырдың қамырындай қалай созса да, кере құлаш боп кете беретін заң-закон атымен керексіз боп қалды. Оққа жалынып, оққа бағынар күндердің туар-тумасына нәргүмән боп жүрген Крейгель жер-жерден бунт деген хабар бұрқ-бұрқ ете қалғанда, қатты толқып еді. Сырттағы соғыстың, іштегі большевизмнің бар қатер-қаупін таразыға сап отырған губернатор Фольбаумның етек-жеңі жиыңқы екен. Бас-аяғы апта жарымның ішінде жазалаушы отрядтар құрылғанда, Петр Иванович Крейгель жиырма солдатты өзі екшеп ап, ат ойнатып шықты…
– Ваше благородие…
Крейгель селк ете қалды. Өзі «Үкі» деп ат қойған, жапалақ сары Голоножкин – атұстары екен.
– Кешіріңіз, Ваше благородие. Әрі қарай жүргеніңіз қауіпті болар.
– Сен қашан келіп қалдың?
– Біраз болды, Ваше благородие.
Крейгель төңірегіне қарады: қыстауға бұрылмай, бөкен адырдың таңын қуалап ұзап кетіпті.
– Қарала қайда?
– Ат қорада, Ваше благородие.
– Менің ерімді сал, – деді Крейгель.
Френч – етегі тізеден жоғары тұратын әскери киім.
Маузер – «Маузер» компаниясында ағайынды Фидель, Фридрих және Йозеф Федерлелер құрастырған тапанша. 1895 жылы тапанша Германияда Пауль Маузердің атына патенттелген.
Адъютант (лат. adjutans) – көмектесуші. 1. Әскери бастықтардың, қолбасшылардың түрлі тапсырмаларын орындайтын немесе штаб қызметін атқаратын офицер. 2. Жеке әскери бөлімдердің жасақтау жағын басқаратын офицер.
Адыр – берік тау жыныстарынан құралған мұқыл аласа тау. Көпшілігі төңірегіндегі жазық өңірлерден 100–400 м көтеріңкі тұрады.
Қан дабысы – құр дақпырт.
Фаэтон – күймелі жеңіл арба.
Шобыр – мініске, күш-көлікке өте мықты шабан ат.
Нәргүмән – дүдәмал болу, бір нәрсеге күдіктену.
1. Крейгель кім? Оның мазасыздануының себебі не?
2. Үзіндіден Крейгельдің қандай жан екендігі туралы қандай мәліметтер алуға болады?
3. Автор Крейгельді неліктен қазақы танымды қазақтың өзінен де терең білетіндей етіп бейнелеген?
4. Голоножкин кім? Крейгель оған қандай ат қойған?
5. Шығарма бөлімдері неге кейіпкерлер атымен аталған деп ойлайсыңдар?
6. Автор кейіпкерлеріне ат бергенде қандай да бір мағынаға мән берген бе?
7. Автор неге әр кейіпкерін жеке сөйлеткен деп ойлайсыңдар?
1. Бөлім атауларына назар аударып, жазушының повесті осы бөлімдерге бөлу мақсатын топпен бірге анықтаңдар.
2. Крейгельдің жылқы туралы, қазақ жері туралы пікірлерін теріп жазыңдар. Крейгельдің жылқы туралы ойы, қазақ жылқысының желіске жоқтығы, шабысқа, яғни ашық күрес, тікелей тайталасқа бейімдігі неге айтылып отыр деп ойлайсыңдар? Ойларыңды жүйелеп жеткізіңдер.
3. Үзіндіні негізге ала отырып, Крейгельге сипаттама беріңдер.
4. Үзіндіден бейнелеу, суреттеу құралдарын табыңдар. Олардың қандай көркемдегіш құрал түрі екенін ажыратыңдар. Шығарма идеясы мен көркемдегіш құралдардың байланысын талдаңдар.
1. Үзіндідегі өздеріңе ұнаған мәселе мазмұнына шығармашылық жолмен қорытынды жасаңдар.
2. «Бесатар» повесінде дәріптелетін құндылықтарды анықтаңдар.
«Бесатар» повесі – өз заманындағы өзекті тақырыптарды көтере алған туынды» тақырыбында әдеби эссе жазыңдар.
Кері байланыс. Жұптасып толтырыңдар.