Орман – Жер көркі

Кейіпкерді түрлі әдіспен бейнелеймін.

1. Шешуін тап.

1. Қорбаң, қорбаң етеді,
    Орман – оның мекені.
    Тәтті балға тойып ап,
    Қыста ұйқыға кетеді.

2. Секең, секең етеді,
    Орман – оның мекені.
    Отырғанда шоқиып,
    Құманға ұқсап кетеді.

3. Көп, көп ине,
    Бір сабағы жоқ ине,
    Іс тікпейді әрине.

4. Шырша саясы – күркесі,
    Өзі – орман еркесі.
    Қарғып жүрер жан-жаққа
    Өте құмар жаңғаққа.

• Орманда тағы нелер мекендейді? Қимылмен, дыбыспен бейнелеп, жұмбақтап көр.

2. Мұқият тыңда.

Орман

Орман – қырдың, ойдың да
Әсем бағы, Жер көркі.
Жыл он екі ай бойында
Жайнап тұрар біркелкі.

Қыста да әсем орманда –
Соғар боран, бұрқасын
Ақ мамыққа орарда
Әрбір бұтақ, бұтасын.

Орман әсем көктемде –
Жайнап жасыл желектер,
Гүлдер шағы жеткенде
Ұшқат, мойыл, жидектер.

Орман әсем жазда да –
Маужырап бір балқиды,
Ауада ыстық, таза да
Шайыр иісі аңқиды.

Орман әсем күзде ерек –
Жерге алтындай жарқырап,
Бұтағынан көк терек
Төгіледі жапырақ.

Қып-қызыл боп бүргеннің
Жемісі әбден піседі,
Күзгі орманда жүргеннің
Ынтығы арта түседі.

Орман – қырдың, ойдың да
Әсем бағы, Жер көркі.
Жыл он екі ай бойында
Жайнап тұрар біркелкі.

Ермек Өтетілеуұлы

3. Автор туралы әңгімеле.

Ермек Өтетілеуұлы
1938–2006

  • Ақмола қаласында туған.
  • Ақын, аудармашы.
  • «Балаларға жазу – бұл әрі жеңіл, әрі қиын шаруа. Бірақ, бастысы – қуанышты іс».

Ермек Өтетілеуұлы

4. «Жыл он екі ай бойында Жайнап тұрар біркелкі» деген жолдағы ақын ойын өрбітіп әңгімелеңдер. Сөйлеуде көркемсөздерді (эпитет, кейіптеу т.б.) қолданыңдар.

  • Қысқы орман
  • Күзгі орман
  • Жазғы орман

5. «Орман – Жер көркі» тақырыбына эссе жаз (8–10 сөйлем).

×
×

Корзина