МҰҚАҒАЛИ, ИНОЗЕМЦЕВ
(жалғасы)


Оқу мақсаттары:
  11.1.2.1 әдеби шығармадағы көтерілген мәселелерді қазіргі өмірмен байланыстырып, ұлттық мүдде тұрғысынан ашу.
  11.2.2.1 автор бейнесінің шығарманың негізгі идеясымен байланысын айқындау.
  11.2.3.1 шығармадағы көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарының қызметін талдай отырып, автор стилін анықтау.
  11.3.3.1 шығарманың идеясын көркемдік-эстетикалық құндылық тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазу.

  Тірек сөздер: жеке әңгіме, ұстамдылық, мінез, қазақ болмысы, жау алдында.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – автордың стильдік ерекшелігін анықтау үшін сөз қолданысына назар аудару;
  – автор бейнесін білдіретін сөздерді анықтау;
  – көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарын талдау.

  – А-а-ал, батыр, – деді екі иығына екі кісі мінгендей қызыл бет қазақ. Иноземцев дәл мұндай, бояу атаулыдан құр алақан құрғақ дауысты бұрын естімеген сияқты – өтінгенін не бұйырғанын аңдай алмады. Бұлақтың жағасындағы дәл осы екі қойтастың жанына кеше де алдырып еді – жарты таба нан, бір зерен қымыз берген. Бірақ сөйлескен жоқ-ты. Бір жігіт аттан жығылды ма, әйтеуір шу шыққан үш үй жаққа кеткен. Көйлекшең кеп жайласып отырғанына қарағанда, бүгін жауап алатын сыңайы бар екен.
  Иноземцевтің шамына мынаның батыр дегені батып еді. Аузы қалып ап кеткен сөзі болса өзі біледі, алайда шырайы қызыл жалпақ бет қазақ «а-а-ал, батыр» деп алып мұның ұйпа-тұйпасы шыққан шалбарына қадалып қалғанда Иноземцев қай күнгі жасыл төскей, танауы парылдаған ақжал айғыр, өзінің бір топ жасыл шапанның ортасына сөмиіп кіріп барғанымен тағы да беттесті, беттесті де, жүні жығылып қалды.
  Қызыл бет қазақ шашын осы бір екі күннің жүзінде ғана сыпырып тастағандай екен – жуан тілген таспадай көгілдір тамыр ақ құйқаны айқұш-ұйқыш шандып апты. Баланың жұдырығындай-баланың жұдырығындай қос шекеден құлақтың үстімен қарақұсқа кетіп жатқан қос көк тамыр Иноземцевке қысқа түйген тізгіндей байқалды да, оның есіне сонсоң қылпылдаған ұстара түсті. Дөңкиген мына падланың қайратты шашын құрғақ қау орғандай ұшыртып келе жатып, тізгін тамырды кірш-кірш қырқып жіберсе, кенеп көйлектің түймесін салмай алқам-салқам отырған аю төстің қалай-қалай кекеткенін, қалай-қалай тыпыршығанын көріп алар еді. Алайда амал нешік, пышаққа жүгінген түгіл, шалқып сөйлеп, шалқалап мінез көрсетуге де жағдай жоқ. Ташкенттің ескі базар жақ шетіндегі қызыл шамдарға барғыштап жүргенде, бұртиып қалатын кей келіншекке Крейгель «тірлік бірде бетін берер…» дейтін еді. Қазақтікі деп айтатын. Иноземцев қазір сол тірліктің бетін таба алмай қалды.
  – Иә-ә, батыр, – деді аю төс қазақ тағы да. Тағы да бейне шырт түкіре салғандай-ақ енжар айтты, шекесіндегі көк тамыр тағы ісінген де, бүлкілдеген де жоқ. – Ат кісінескенше, адам сөйлескенше. Қараңғы үңгірді жайлағаннан сере шығар сүбең болса, шыққан шығар. Кеше шаруа киіп кетті. Бой сергітсін деп әдейі шақырттым. Сөйлей отыр.
  Аю төс қазақ сонсоң аюлығы ұстап кетті ме, астындағы қойтасты аунатып жіберіп жалпақ жағын үстіне қаратты. Иноземцев бір сәт өңкиген мына денені көтеріп жүретін ат, бір құшақ мына құйрықты құшақтап отыратын ерді кәдуілгідей аяп қалды.
  – Маған бастық керек, – деді Иноземцев аю төс қазақтың бұлшығы білем-білем күрең кеудесін шайнап тастардай боп шабынып алған ендігі сәтте. Суық тиген бе, дауысы қарлығып қапты. Менмендіктің бар салмағын үш сөздің арқасына артып-ақ жіберіп еді, ол зілді алайда көмей көмген қақырық ұстап қалды – дауысы естіп отыр, ерсі жіңішкеріп шықты. Иноземцев сонсоң жұдырығын аузына кептеп қақырынып алды. Көмейі бірақ ашылған жоқ.
  – Бастықты басыңа қоямысың, – деді қызыл бет бұл жұдырығын аузынан алар-алмаста. Деді де, екі аяғын бұған қарап созып жіберіп, қос тізесін шомбал жұдырықпен алма-кезек дүңк-дүңк соққылап алды; қонышын тілерсекке жетер-жетпесте тіліп тастаған түзу табан қара етік бұл жайғасқан тасқа кеп тірелді, Иноземцев шегініп отырды. Табиғат асылы, қара күш берген пендесіне ақыл-ойдан үлес қалдырмай ма деп еді. Ақылдан ада қара күш көктемгі бетпақ тасқындай; жөн сұрайтын, жол сұрайтын ол жоқ, қарсы кезіккенді қағып аға береді.
  Қызыл бетке қарсы отырғанын Иноземцев жаңа байқады.
  Қайда ағады сонда? Тазарып барып құйылар арнасы болса бір сәрі, мына қазақ екі иығын қай жетіскенінен жұлып жейді?
  – Мен офицермін ғой, – деді сонсоң Иноземцев. Офицерлігіне дәлел айтқаны ма, оң қолымен сол жақ иығындағы погонын басты.
  – Обал-ай, – деді қызыл бет қазақ етігін шешуге ыңғайланып, – обал-ай, қара басып тағзым етуді ұмытып кеткен екем ғой. Бірақ айыпқа бұйырма, батыр. Сенің алдыңда мына денеммен арбаңдап-қорбаңдап жатқаным сондайлық келісім болмас. Құдай басқа салғасын, амал нешік. Көнесің де.
  Иноземцев өзі де байқамай жалма-жан жанын қарманды, пистолетін қай күні қап-мабымен шешіп алғандары есіне жаңа түсті, бірақ тіленіп барған қолдың бос қайтқаны жаман екен – Иноземцевтің қолы галифенің қалтасынан жарты уыс қиыршық пен орамал алып шықты. Осы тұста қызыл бет мына қазаққа «сен» мен «сіздің» бірін еншілер сәттің желкесінен осылай төніп қалғанын тағы да сезді. Сіз деп қиылу Құдай түгіл адамның алдында да күнә, ал табан астынан кергіп ап сенге кетуге жүрегін дауалата алмай отыр. «Боже мой, – деді Иноземцев ішінен, – Боже мой, менің енді осыдан қорыққаным ба?». Ойын бірақ аяқтай алған жоқ – жалпақ бет қазақ оң аяғын мұның тізесіне салды.

  – Тартып жібер, батыр. Қызыңды ұрайынның шұлғауы жиырылып қалған ба, аяғымды қысып бара жатқаны.
  Суырып алған дәу саптаманың бердеңкедей салмағы бар екен.
  – Сен тамақ іздеп жаланып отырсың ғой, әлбетте, – деді қызыл бет, қара етіктің екіншісін аяғына сұғып жатып. – Құс төсекке керіліп үйренген сорлы, тас тақырға аунап алқам-салқамың тағы шыққан шығар. Тәніңнің бабын өзің тап, батыр, ал құлқыныңды мойныма мен алайын. Жаубүйрек деген тағамды естіп көріп пе ең?
  Иноземцев үндеген жоқ.
  – Қойды соясың, батыр. Бұл бір. Жаңа сойған қойдың етін өзінің қарнына сап жерге көмесің – екі. Үстінен от жағасың – үш. Қызыңды ұрайын, мықты болсаң, сілекейіңе ие боп көрші енді.
  Иноземцев қылғынып бір қалды да, онысын жасырғысы келді ме, иегін алқымына алып ұзақ жөтелді.
  – Жөтелмен ойнама, батыр, – деді қызыл бет, – ойыннан от деген. Өтірік жөтелем деп көксау боп қалсаң, келесі бір күндерде менімен кім атыспақ?
  «Сіз» бен «сен» екі тарау жолдың айырығы боп Иноземцевтің желкесіне тағы төнді. Қанша кеще болғанмен енді ары қарай ысыра беруге, әрі қарай шегере беруге мүмкіндік қалмағандай екен. Иноземцевтің бірақ бір бұлтарып кетуге шамасы тағы жетті:
  – Табанымда кеше жатқан қараның бүгін келіп төс соққанын ұға алмай отырған жайым бар. Атысуға шығар болса, көздесуге мен дайын. Мәселе көксаулықта ма екен? Шүріппені жөтелден ада, не жөтелге қанық өкпе емес, қалтырау білмес қол басады. Жаубүйректің дәмін татайын, пожалуйста, менің бірақ өкімет адамы екенімді ұмытпаған жөн.
  Мұқағали Иноземцевтің сөзі бітер-бітпесте желке тұсынан құзғынның ішек үзбе аш дауысын естіді. Селк етуге әзер қалған ол «бір Құдай өзің сақта» деді ішінен, бет-аузын шаң қапқан тұтқын офицердің бас-аяғын тағы бір шолып шығып. Қыстан көтерем шыққан танадай көкбақа жігіт екен. Өзін және киіз көкірек пе деп қалды. Әйтпеген күнде, мұның орнында басқа болса, әлгі бірдегі нақұрыстардың тұсында от боп жанып кетуге керек емес пе еді?! Тегіне қарап шен беріп, шеніне қарап ел басқартатын бұ Құдайдың кеңдігіне не дауа бар. Міне, осы кешелері ғана көп ауылды ашса алақаны, жұмса жұдырығына ұстап жүрген шенді жайсаңның бірі алдында отыр. Тақым толтырып ат міну, ауыз толтырып сөз айтуды қашаннан бөлек санайтын Мұқағали аш қарынға төңкере салған үлкен тегене қымыз бойын балбыратқан мына тұста тұтқын офицердің осынша жүнжігеніне қатты налып еді. Орып-орып сөз айтса, атып жіберер дей ме екен, қызыңды ұрайын. Намысқа сызат түсіргенше атылып өлген артық емес пе?! «Өй, шірік», – деді Мұқағали күйіп кетіп. Кеудесі ашумен ісінгенде саусақ-саусағы тызылдап жүре беруші еді – қара санын бүріп-бүріп алды. Асылы елінен бақ тайған азаматтың аңдысары мен алысары қанжар жанар емес, көкбақа мына ұлықтай жабы боп келеді екен-ау. Ө, өкімет адамы болғаныңды ұрайын, шырпы сирақ көк шілтік. Сенің беліңе мылтық байлап өкіметің де жарыған екен. Кеудем толы қат-қат қыжыл болса, қай қыжылыма серпін боласың сен?
  Құзғынның қарқылын тағы естіді. Қанның иісін зайыр сезген болды-ау. Ендігі арлы-берлі жалпылдап ұшуға да керек еді. Бала құзғын ба, әлде? Бала құзғын болмай жабағының жілігін бір-ақ қылғитын кәрі шөңгенің өзі болса, жалғыз жеткен түрі бар. Мына қарқылы, әсіресе ащырақ шықты:
  – Серік шақырып отырсың-ау, қара албасты. Кел, – деді Мұқағали.– Кел, кел. Бізде сен екеш сенің де өшің кетіп еді, кел, жеп қал. Тек ажалыңа қарқылдамасаң болғаны да. Қайтейін. Әбілтайдың бердеңкесі мен оң көзі аман болсын.
  Қазақтың тағы тауының қай дыбыс, қай жаңғырығын түгендеп жатсын – Иноземцев құзғынның қарқылына құлақ асқан жоқ. Қарны әйтеуір, әбден ашыпты. Жаубүйректің аты-жөнін естіп алғасын ба, жүрегі талды. Өзі жаңада сойған қой болса, оны қарынға сап жерге көмсе, уылжыған жас еттің өз сөліне пісетін болғаны да. Жаубүйрек қашан келер екен деп сұрамақ та болып еді, бата алмады, аю төстің қызыл беті көрінеу көзге қабарып барады екен. Қызылы қашқан жалпақ бет алдымен лай судай күрең тартып алды да, әп-сәтте бүйрек-бүйрек боп бұлшықтанып қалды. Әскери училищеде оқып жүргенде анатомияның көрнекі құралдарынан талай көргені бар. Бұлшық-бұлшықтың арасынан балдырдың сабағындай көк жасыл тамыр жүретін. Сол балдыр сабақтар мынаның бетін бунақ-бунақ қып бөліп тастаған сияқты. Енді бір кезде жуан айғырдың бетінен қашқан мол қанның, сіңіп кетер басқа жер таппағандай, ақ құйқаға шапқанын көрген Иноземцев өзінің офицер де, өкімет адамы да, мұны аз десең, тіпті Иноземцев Александр Семенович – Крейгель еркелетіп айтатындай Шура да емес, мына астындағы қара бұжыр қой тас пен сарқырап аққан көк бұлақтың, анау ауыздығын қарш-қарш шайнап тықыршыған ұзынбел торы айғыр мен үш боз үйдің тұсында құмырсқадай құжынап жүрген көп жаулықтың тұтқыны екенін ұқты. Тұтқын болған соң, сөз бар ма, алтындап таққан погон мен кәңкитіп киген картуздың құны шамалы.
  Кешелі бері қара басып қорылдап жатып, осы қазір дұшпанмен арбасқан тұста оянған ой осыншалық тегеурінді екен – Иноземцев демнің арасында сүмектеп жүре берді де, қайтадан қалтасын, орамалын қарманды. «Ах», – деді ол сосын ішінен, өзінің бүкіл ахуалын осы жаңада ғана кемерлеп түсінгеніне таңданған боп. Таңданып емес, қорқып қалып еді, жүрек суылын бірақ бетіне шаптырған жоқ – ұстамдылығы қол берді. Қорыққанын таңданысқа жеңдірді. Сонсоң көзіне құйылған қара терді сұқ саусағын екі бүктеп сыпырып тастады да, ішінен тағы «ах!» деді. Бұраң белін бос тастап, әнтек шалқайып ернін ғана алып қашатын тәйтік-тәлпіш кей келіншек дәл осындай келісімге бергісіз қарсылық көрсетер еді.
  – Мен кешірім өтінем, – деді Иноземцев әйелге хас аярлықты өзінен тапқан осы тұста. Сонсоң сәл кідірді де: – Сізден, – деп қосты. Маналы бері қорасаннан бетер қорқып отырған сөзінде алып бара жатқан қорлық жоқ екен. Қайта буынып отырған денесі жеңілейіп қалды.
  Қиналып болса да, кешіктіріп болса да, жүгіртіп жіберген сөзінің еткен әсерін аңдамақ ойда жирен құйқаға – бұл жолы зайыр ұрланып – тағы көз тастады: бозара қояр құйқа жоқ екен.
  – Кешірім, әрине, сізден де, менен де уақыт сұрауға керек еді. Алланың құлы сіз, Құдайдың құлы мен. Бірақ өмір сүріп жүрген адамның бәрі, алдымен, заманның құлы. Сіз бен біздің бірге байланар қызығымыз, алдымен, осы уақыт қой деп ойлаймын. Өкімет пен ел арасын жүгіріп қара мысық өткен екен…
  – Жә, – деді Мұқағали. Иноземцевтің бет алдын көлбең етіп алақан бүркеді. – Жә, сонда маған заманмен алыс демекпісің. Кім ол заман, не ол заман? Аспан мен жер, тау менен су ол заман емес. Уақыт деп тантисың. Сонда мен шілдемен алысайын ба? Апа-қарындасыма кеп қол артқан шілде көргем жоқ. Аспан мен жер маған келіп, бесатар кезенген жоқ. Заман – ол білек. Білек сенікі. Кер шібіштей бұлтыңдама.
  – Жарайды, – деді Иноземцев оп-оңай келісіп. Тек кер шібішін түсінбей қап еді. Бұлтыңдама дегеніне қарап, дәу де болсаң, торай тақылеттес бір хайуансың-ау деп отыр. Верныйда бір рет торай қуам деп көк терге түскені бар-ды. Осы тұста жаубүйрек пен үйткен торай көз алдына қатар келді, бірақ таңдап жатқан жоқ: қайсысына да кет әрі емес екен. Құймақұлақтың керегіне әбден ден қойыпты:
  – Жарайды, бұлтыңдамайын, – деді. – Сонда маған не істейсіз енді?
  – Мүмкін, бұйыратын жазаңды айт дегің келген шығар?
  – Сізді жазаға барардай қатыгез деуге қимай отырмын, мырза.
  Қағынғыр сөздің осы кезге дейін қайда жүргенін білмейді, сонда да ештен кеш жақсы: Мұқағалидың ашуына тосқын тапқанына қуанды.
  – Әлбетте, – деді Мұқағали. Мана әңгіме басындағы құрғақ дауысын қайта тауыпты, – қия алмағаның жақсы. Бауырмал туған жансың ғой. Жазалап қайтейін. Өзіңнің жасағаныңды өзіңе көрсетсем, өкпелемессің.
  Сауалдай айтқан жоқ, хабардай айтты.
  – Мен ешкімді атқам жоқ, мырза, – деді Иноземцев жұлып алғандай.
  – Сенем. Алтын иық әписердің өзі қарғанса сенбейтін не жөнім бар?! Арқардың лағының май бүйректенген шағы қазір. Лақ аулау үшін әтрет құрып жүргеніңе қайтіп қана сенбейін?! Арқар өзі аң-хайуан, әсіресе осы Қазығұрт пен Қаратаудың арқары. Қазақпен өзі және де қарға тамырланып шатысқан жұрт. Біз жайлауға шыққанда көкейлерін ерулік тескен көп арқардың ел аралап кетері және бар-ау. Жөн, батыр, жөн. Ырсылдап тау кезгенше мекіренген көп арқарды еруліктің үстінде басып қалам дегенің жөн-ақ. Сенем, сенем, – деді Мұқағали. Үлкен алақандай тайпақ, күміс шақшасы бар екен, сауыр қалтасынан оны суырды, сосын қара етіктің сірісіне соғып-соғып жіберіп, көкбұйра насыбайды алақанына шөкитіп үйді де, шымшып алып, қос танауына бөліп тастады. Сонсоң көзін тарс жұмып, ұзақ отырып қалды.
  – Сенің Рәйімнің ауылына бармағаныңа мен сенем. Рәйімнің екі інісі мен үш баласын сен емес, Рәйімнің өзінің атқанына да сенем. Бес азаматты қабаттап қойып, қаншасын тесіп өтер деп алды-артынан оқ жүгірткен сен емес, Рәйім болатын. Аш өкпенің тұсынан зымырап кетті қорғасын, алдында екі іні, артында екі ағасы – Нұрғазының ортада аман қалғанына да сенем. Тапаншаның оғын құшқан жігітте арман бар ма?! Бағы жанған жігіт қой. Рәйімнің сосын аман да қалған жалғызы Нұрғазыға тапанша кезеп, аузынан атқанына да сенем.
  Отырған орнынан алға қарай сырғып-сырғып дәу қара тасты шекелеп қалған Иноземцев:
  – Мен емес, мырза, Құдай ұрсын, мен емес, – деді тағы да.
  – Мен, – деді Мұқағали. – Мен. Сен атты, ошаққа сен жықты деп отырған мен бар ма?! Атқан да, жыққан да мен, Рекең екеуіміз. Қара ормандай сыңсып тұрған жұртпыз ғой, бес ағашқа – бес жігітке қалтырап Құдай атты деймісің… Жігітке нелер келіп, нелер кетпес. Кей ғазапты кей жігіт, айта берсең, қуанышқа айырбастамайды – Рекең екеуіміз шынтағынан қайырып тандырға атқанда Нұрғазы қуанып кетті ме дедім. Түбіне жақыны жеткен жігіттің арманы жоқ қой, қайтсін. Өле алмай жүрген жігіт қой, қайтсін. Арқасының қышуы қанып ыңырсыды демесең, ләм-мим дыбыс та шығарған жоқ… Адамның еті күйгенде қозы құйқа сөз бе екен. Иіскегің келсе, айта ғой, айт. Айт, айт, айта ғой. Келе ме иіскегің? Шайқама басыңды. Келе ме, жоқ па? Иіскегің келе ме, жоқ па? Иіскегің кеп бара жатса, оны мойныма тағы алайын. Біздің тұқымның бір бағы атылу мен асылуға туады. Мына мойын кәрәтелдің киік құмалақ жалғыз оғынан қашып құтылар деймісің. Аяп қайтейін – күйген еттің иісіне жерік болсаң, айт. Айта алмасаң – саған серт, серттен тайсам – маған серт. Қыртпышпын деп тағы қамықпа. Күйген еттің иісіне қану үшін ет кесіп алу шарт емес. Отқа қызып алабұртқан қанжарды қара санға пісіп алса жетеді…

 Галифе – сан тұсы кеңдеу, ал балтыр тұсы жабысып тұратын әскери шалбар түрі.
Жаубүйрек – ұлттық тағамның бір түрі. Қойдың етін өзінің қарнына салып, аузына жіліншігінен түтік жасап, сыртын топырақпен сылап, шоққа көміп пісіреді.
Шібіш – ешкінің 7–8 айлық төлі.

1. Мұқағали орыс офицері Иноземцевті не үшін қамауға алады? Олардың мақсаты не еді?
2. Жазушы неліктен Иноземцевтің жауыздық әрекеттерін Мұқағали аузымен айтқызған?
3. Мұқағали монологіне сүйене отырып, Иноземцевтің қатыгез іс-әрекеттерін санамалап айтып беріңдер.
4. Мұқағали-Иноземцев диалогін оқып, тілдік-стильдік ерекшелігіне талдау жасаңдар.
5. Бес азаматты қабаттап қойып, қаншасын тесіп өтер деп алды-артынан оқ жүгірткен Иноземцевке қандай жаза лайықты деп ойлайсың?


1. Топқа бөлініп, «Кейіпке ену» әдісі бойынша жұмыс жасаңдар.
• «Кейіпкер кестесін» толтырыңдар.

• Үзіндідегі негізгі құндылықты көрсететін кейіпкерді таңдаңдар және кейіпкер
арқылы осы құндылықты баяндайтын қысқаша қойылым дайындаңдар.
2. Үзінді кейіпкерлерінің характерлері мен портреттеріне нақты мысалмен сипаттама беріңдер.
3. Үзіндіден байқалатын жазушы тұлғасы туралы пікірлеріңді жазыңдар.
Пікір. Үзіндідегі жазушы тұлғасын бір сөйлеммен жаз.
Дәлел. Өз пікіріңді бір сөйлеммен дәлелде.
Мысал. Пікіріңді өмірмен байланыстырып, мысал келтір.
Қорытынды. Өзіңнің сыни көзқарасыңды білдір.
4. Романнан алған үзінділерді ғаламдық тақырыптағы өзекті мәселелермен байланыстырып, «Үш жақты күнделік» толтырыңдар.


1. Үзіндідегі Мұқағали-Иноземцев диалогінен көрінетін өмір шындығы туралы түйінді ойды «ПОПС формуласы» бойынша дәлелдеп жазыңдар.
Менің ойымша, …
Мен оны былай түсінемін: …
Мен оған мынадай деректер, мысалдар келтіре аламын: …
Мен мынадай қорытынды шешімге келдім: …
2. Үзінді кейіпкерлерінің өмірін ой елегінен өткізе отырып, жан дүниелеріңе жазушы суреттеген оқиғаның қалай әсер еткенін әңгімелеп беріңдер.
3. Үзіндіні тыңдап, жазушы шеберлігіне баға беріңдер. Автор қолданған көріктеу құралдарын тауып талдаңдар. Уақыт – 15 минут.


Үзінді идеясын адамгершілік құндылық тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазыңдар.

Кері байланыс. «Үш минуттық эссе».
Бүгінгі түсінгендеріңнің ішінде ең маңыздысы не?
Қай сұрақ есіңде қалды?
Сен үшін ең қиын, түсініксіз болған не?

×
×

Корзина