«Тарихтың шертіп пернесін» бөлімі бойынша қорытынды сұрақтар мен тапсырмалар

1-тапсырма. «Сыр сандық» өлеңінен берілген үзіндіні әуезбен оқып, қарындашпен тыныс белгілерін қойып шығыңдар. Достық туралы толғанып, өздерің өлең шығарып көріңдер.


2-тапсырма. «Қаһар» романынан берілген үзіндіге сүйене отырып, сұрақтарға жазбаша жауап жазыңдар.
  Жүсіп енді Кенесарыдан шын шошынды. Кенет оның алдына осыдан үш жыл бұрын Сыздықты қалай сынағаны елестеп кетті. Жүсіп балажан болатын. Бірақ о жолы Сыздықты пышаққа түседі деп аяған жоқ. Аяған болса, бұлай сынамаңыз деп Кенесарыға жалынар еді. Жүсіп оны істемеді ғой. Өзінің осы қылығын ол артынан сан рет ойлады. «Неге мен сонда Сыздыққа ара түспедім, әлде Сыздықты мен бірдеңеден жек көрдім бе немесе онда адамның ішін жылытпас бір мінез бар ма еді?» – деп шешуін таба алмай, сан басы қатқан. Сол сұрағына кенет Жүсіп шешім тапқандай. «Ие, ие, дүниеде осы сұлтандар тәрізді қасқыр тектес жандар аз емес шығар. Адам олардың тірі жүргенінен өлгенін тілейтін болар. Жұрт тегі қасқырды немесе бөлтірігін өлтірдім деп опық жемейді. Менің де жүрегімді төре тұқымына деген өзім әлі аңғара қоймаған сондай бір сезім билеген екен… Сол күні Сыздық туралы соншалық қиналмауыма әлгі жасырын сезім себепкер болғандай ғой. Ал қасқыр тектес тұқымның Кенесары – шын арланы. Арланы болмаса, әлгі жан түршігерлік сөздерді айтпас еді?».

Сұрақтар:
1. Үзіндідегі қай сөз тіркесі ұнады? Себебін түсіндіріңдер.
2. Жүсіптің Сыздыққа ара түспегені дұрыс деп ойлайсыңдар ма? Жүсіптің орнында болсаңдар, Сыздыққа ара түсер ме едіңдер?
3. Кенесарының Сыздықты сынағанына қалай қарайсыңдар? Кенесарыны қолдайсыңдар ма?
4. Кейіпкерлердің іс-әрекетін қалай бағалайсыңдар?
5. Үзінді кейіпкерлеріне қандай ақыл айтар едіңдер?


3-тапсырма. «Бесатар» повесінен берілген үзінділердегі кімнің сөзі не портреті екенін анықтаңдар.
  1) __________ аузын жабар-жаппаста кеше Қараланы жетектеп кеткен қаба сақал солдат келіп кірді.
  – Ақсақалды Голоножкинге тапсыр. Жайын жасасын. Еркі білсін: қаласа бірге болар, қаламаса бөлек жай тапсын. Намазы бар ма, тамағы бар ма – қолын қақпа де. Бұлар әзірге тұтқын емес. Ат табылса, қашан да қамыт дайын. Болам десе, тұтқындық қашпас.
  2) – Мұныңыз бекер, тәте, – деді __________ сонсоң, – мұныңыз бекер. Құдай басқа салмасын ғой, бірақ жаман айтпай, жақсы жоқ. Оқ алдында иман шақырып алдансаңыз бір сәрі. Көп мәсіңіздің бірі шығар. Жаңада көрген жоқсыз ғой.
3) Бұл кімнің портреті?
Төрдегі – тырсиған домалақ ақ шал. Кешелі бері біраз ұйқы қуды қағажу көргесін бе, піскен көмештей бұлтиған бетінің қызылы сұйыла бастаған екен. Бірақ шарасы кең қой көздің ағы таза көрінді. Үкі көзденіп, сәт-сәт жапақ ете қалғанда ұстараның жүзіндей алмас сұр өткірлік байқатады.
4) Бұл кімнің портреті?
– А-а-ал, батыр, – деді екі иығына екі кісі мінгендей қызыл бет қазақ. Иноземцев дәл мұндай, бояу атаулыдан құр алақан құрғақ дауысты бұрын естімеген сияқты – өтінгенін не бұйырғанын аңдай алмады.


4-тапсырма. Шығарма кейіпкерлерінің көңіл күйін білдіретін сөздерді анықтап, кестені толтырыңдар.

×
×

Корзина