ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ
(1911–1955)

  Ақын Қасым Аманжолов 1911 жылы 10 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Әке-шешеден жастай жетім қалған. Ауылда ашылған мектепте оқып, сауатын ашады. 1924 жылы Семей қаласындағы интернатта білімін жалғастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленіп, одан әрі үш жыл Семей малдәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жаза бастаған. Орал қаласында «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады.
  Осында жүріп, 1933 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге барады.
  Қасым Аманжолов 30-жылдары А. Пушкин, М. Лермонтов, Т. Шевченко, Дж. Байрон, В. Маяковский шығармаларын аудара бастайды. 1939–1940 жылдары «Нар тәуекел», «Бурабай толқындары», «Дауыл», «Көкшетау», «Орамал», «Сұлтанмахмұт туралы баллада», «Өз елім», «Ғашық едім, қайтейін» сияқты туындылары дүниеге келді. Бұл 

кезеңдегі ақын өлеңдерінде түр, дыбыстық үндестік, ырғақ жағынан да жаңалықтар көрініс берді. Сондай-ақ Қасым лирикалық өлеңдермен қатар «Құпия қыз», «Бикеш» секілді алғашқы поэмаларын жазады. 
  Ақын 1941 жылы тағы әскер қатарына шақырылады. Осы кезде «Мазасыз музыка», «Қоштасу», «Бейсекештің бес ұлы» секілді өлеңдерін жазады. 1941–1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым Аманжолов 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін майданда болады. Сол кездерде «Орал», «Сарыарқа», «Байкал», «Өтіп бара жатырмын» өлеңдері дүниеге келеді. «Елге хат» (бес бөлімнен тұратын ұзақ толғау), «Ұлы күтіс», «Үстімде сұр шинелім», «Подполковник Әлпинге», «Қапанға», «Сәбитке», «Ғалиға жауап», «Қызғалдақ», «Сен фашиссің, мен қазақпын», «Дариға, сол қыз» сияқты өлеңдері мен әйгілі «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы соғыс тақырыбында жазылған.

  Поэзия халықтың рухын көрсетедi. Қасым поэзиясынан халық жанының батырлығын, жомарттығын, бауырмалдығын, мархабаттылығын, алғырлығын көреміз. Бұл поэзияның тәрбиелiк күшi де көбiнесе осы жағында. Қасымның мейлiнше жалынды, лептi, күйлi, сыршыл поэзиясы – әр ұрпақтың да көңiл серiгi бола алатын, ұзақ жасайтын поэзия. Қасым халықтың жанына үңiлiп, оның шаттығына бiрге шаттанады, мұңына бiрге мұңаяды.

Тәкен Әлімқұлов

  КӨРКЕМ ҚИЯЛ – көркем ойлау ерекшелігі, суреткердің дүниеде, өмірде болатын, болуы мүмкін нәрселерді, жай-жағдайларды қиял арқылы елестету қабілеті, бейнелеп көрсету тәсілі.
  Көркем қиял шындық пен шарттылықтың бірлестік-тұтастығына негізделеді.
  Көркемөнерде тақырып таңдау, оның тереңіне бойлау, өмір құбылыстарының ішкі қабаттарына барлау жасау, солардың әлеуметтік-эстетикалық мәнін ұғыну, сан алуан кейіпкерлердің бейнесін, жан дүниесін, жүріс-тұрысын суреттеу көркем қиялға байланысты. Сайып келгенде, «неғұрлым жазушы қиялға бай болса, пікірге шебер болса, соғұрлым шығарма сөзі пікірлі, әсерлі болып шықпақ» (Байтұрсынов А. Шығармалары. – А., 1989, 149-бет).
  Көркем қиял екі түрлі мағынада айтылатынын байқаймыз. Бірінші, кең мағынасында, қандай да болсын, өмірде кездесетін, кездесуі мүмкін құбылыстарды ойша елестетіп бейнелеп көрсету деген ұғымды білдіреді. Бұл тұрғыдан қарағанда, көркем әдебиеттегі адам бейнелері, өмір суреттері түгелдей ойдан шығару, шындық пен көркем қиялды ұштастыру арқылы жасалады. Екінші, тура мағынасында, тек ғажайып сипаты бар, болмыста дәл сол қалпында кездеспейтін қиялдан туған көркем бейне, көріністер ғана ажыратылып алынады. Мұндай таза көркем қиялдан туған бейнелер де қалайда белгілі, өмірде кездесетін нәрселердің нақтылы сипат-белгілерін негізге алып, соларды ойдан шығарылған бейнеге телу арқылы пішінделеді. Бұл орайда Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» атты еңбегіндегі қиял-ғажайып бейнелердің жасалу жолдарын айқындайтын мына пікірлерін еске алуға болады:
  «1. «Заттардың өздерін яки олардың бір мүшелерін зорайту, яки кішірейтумен (бойы бір тұтам, төбесі көкке тиіп жүретін алып).
  2. Әр заттың түрлі мүшелерін алып қосумен. Мысалы: адам басты, ит кеуделі, жылан құйрықты бір жануар болады-мыс деп қиялдау сықылды.
  3. Реті келгенде өздері де жиыла алатын көріністерді бір суретке жиюмен, түрлі адам мінездерін бір адамға жиюмен».

Серік Негимов

×
×

Корзина