ЖАЛҒАН ДҮНИЕ
(романнан үзінді)


Оқу мақсаттары:
  11.1.1.1 әдеби шығарманың сюжеттік-композициялық құрылымын талдау арқылы көтерілген ғаламдық мәселелерді терең түсіну.
  11.1.2.1 әдеби шығармадағы көтерілген мәселелерді қазіргі өмірмен байланыстырып, ұлттық мүдде тұрғысынан ашу.
  11.1.3.1 көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау арқылы өмір шындығын көрсету.
  11.1.4.1 көркем шығармалардан алған үзінділерді ғаламдық тақырыптағы өзекті
мәселелермен байланыстырып, шығармашылық жұмыстарда қолдану.
  11.2.1.1 әдеби шығарманың композициясын, жанрлық ерекшеліктерін айқындап, уақыт пен кеңістік тұрғысынан талдау.
  11.2.2.1 автор бейнесінің шығарманың негізгі идеясымен байланысын айқындау.
  11.3.4.1 шығарманы идеялық жағынан мазмұндас әлем әдебиеті үлгілерімен салыстыра талдап, әдеби сын жазу.

  Тірек сөздер: роман-трилогия, экзистенциализм, трилогия, реалистік суреттер, адам жанының тоқырауы.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – берілген үзіндіні толық оқып шығу;
  – шығармада көтерілген мәселелерді ел тарихындағы оқиғалармен байланыстыру;
  – жинақтау мен даралау арқылы жасалған кейіпкер бейнелерін талдау;
  – автор қолданған тұрақты оралымдарды шығармашылық жұмыстарда пайдалану;
  – үзіндіде бейнеленетін уақыт пен кеңістікті анықтау.

1

  Терезеден ішке құйылып тұрған Ай сәулесі ысырыла келе, ұйқысыз жатқан Хансұлудың бетіне де түсті. Хансұлу жүзін ашық терезеден сығалаған Айға бұрды. Жарықтық, Ай. Бір өзгерсеші… сол баяғы қалпы. Осындай айлы түндерде Сарыбайдың құмында ауыл балалары шуылдасып ақсүйек ойнаушы еді-ау. Айлы түні ауаны тіліп, ысқырып барып алысқа түсетін ақсүйекті іздеп, балалар дуылдап кеп жүгіретін. Солардың ішінде тұлымшағы желбіреп, жалаңаяқ Хансұлу да бара жататын. Беу, дүние-ай! Шын бақытты күндері екен-ау! Соны кезінде неге ұқпаған?! Ұқса ғой, есеюге, ересек болуға асықпас еді-ау! Балалық шағында қашан бойым өседі, қашан үлкен қыздарша жиын-тойларда сылаң қағып жүремін деп асықты. Алайда Хансұлу қылтиып қыз бола бастасымен қыр тірлігі қымырандай іріді. Көкесі тәрізді билер, аяқты балпаң-балпаң басқан байлар Хансұлудың көз алдында бордай тозып, қоңыз теріп кетті.
  1932 жылдың жазғытұры әлі көз алдында. Қарақалпақтың түстік тұсы. Әнеки, құм арасында томпиып-томпиып, жетімсіреп қалып бара жатқан киіз үйлер. Бұ күнді Хансұлу өлсе ұмытпас. Бір тілім нан үшін, өз үйі – өлең төсегін құм арасында тастап, сонау Әмудария жағасындағы Қоңырат деген қалаға қарай шұбырғанын, сірә, екі дүниеде ұмыта қоймас. Қызыл қия құм арасында иесіз қалып бара жатқан үлкен ақ боз үйіне қарап, шешесі екеуі қыр үстінде көз жасын сығып тұрды-ау. Ертесіне жаяу-жалпы шұбырған жұртқа ере алмай, сырқаттанып, жолда бұйрат басында әкесі мен шешесі қалды. Соның бәрі әлі күнге көз алдында сайрап тұр. Әнеки, көкесі құм басында ұзынынан түсіп жатыр. Оның басын сүйеп, жанында шешесі отыр, шошайып. Бұлар – Дәу апа екеуі осы Едіге мен Түгелханның бірін жетелеп, бірін арқалап, арттарына қарай-қарай жалтақтап, көз жастарын тыя алмай, ұзап барады. Кетпеске, лаж жоқ. Әкесі «Сіздер жүре беріңіздер! Біз соңдарыңыздан жетерміз» деп бұйырған еді. Бірақ тағдыр бұларға енді қайтып кездесуге жазбапты. Ең болмаса, бір-бірлерінің өлі не тірі екенін де білуге жазбапты… О, жалған-ай!!!
  Хансұлу қалқиып басын көтерді. Түннің бір уағы болса да, көзінде ұйқы жоқ. Үй іші тымырсық, тар қапас тәрізденді. Өкпесі қысылатындай. Сыртқа, кең дүниеге шыққысы келді. Айлы түн астында кең дүниені көріп жатқысы келді.
  – Апа! – деді кенет оянып кеткен Үміт. – Не болды?
  Ойы сайрап тұрса да, Хансұлу сөйлей алмады. Тек иегімен сыртты нұсқап ишара етті. Үміт:
  – Қазір… – деп елп етті. Бұны түзге шыққысы келді деп ұқса керек. Хансұлу ымдап, төсекті сыртқа салу керек екенін түсіндірді. Ауладағы жалғыз тақтаға Едіге мен Түгелханға төсек салынған болатын.
  Үміт аулаға матрас жазып, аздасын шешесі екеуі сыртқа жатты.
  Әлгінде қапас бөлмеде тұншыққандай болған Хансұлудың тынысы сыртқа шыққаннан кейін кеңейіп сала берді. «Уһ!» деп, көкірек кере ауа жұтты. Жұлдызды, айлы түнгі аспан келбетіне шола бір қарап еді, тойымсыз жанарына тұңғиық ғалам түгел сыйып кетті. Аспанды қақ жарып, белдеулей шаңытып Құс жолы жатыр. Бұ несі, өмірінде істемеген қылығын істеп, көз ілмей түн аспанына қарап жатқаны несі?! Және күнде көріп жүрген түн әлемінің осы сәт Хансұлудың көзінде ерекше сұлуланып, ерекше жұмбақ тұңғиық сыр ашқаны несі? Аспанның сол тұрысы тұрыс қой, өзгерістің сыры өзінде болар. Тұла бойы қауырсындай жеңілдеп, көңілі оқыс өрекпіп, әлдеқайда талпып ұшады. Астапыралла! Хансұлу ұзақ ғұмырында кезікпеген бір соны сезімді сезінумен жатыр. Өзінің дені сау болса игі! Әйтпесе, мына түн ортасы бейуақта дені сау адам шырт ұйқыда жатпас па?! Ұйқы құшағында жатыр емес пе, мінеки, ауыл біткен! Тырс еткен көлденең дыбыс жоқ. Оқта-текте ауыл шетінде сұңқ ете қалар ит үні де естілмейді. Ұйыған сүттей қою, қоймалжың тыныштық. Жым-жырт тыныштық. Жаны қыдырып, жалғыз ғана байыз таба алмай Хансұлу жатыр. Ұзақ сапарға шығар алдында дегбірі қашқан жолаушыдай. Түнгі аспанмен бетпе-бет қазір жалпақ дүниеде жападан-жалғыз қалғандай… Бірақ бүгінгі түні ұйқысыз Ай баққан жан жалғыз Хансұлу емес еді…
  Бүгінгі түні Ай астында көз ілмей отырған Хансұлудан да басқа бір жан бар еді…
  Ол Маусымжан еді. Едігенің Құдай қосқан қосағы. Алматыдағы бесінші қабаттағы өз үйінің балконында отырып, осынау жасы елуді алқымдап қалған, ашаң жүзді, аққұбаша әйел Едігемен өткен ширек ғасырлық ғұмырын ой елегінен өткізеді.
  Өмір туралы Маусымжан бұрын да ойлайтын. Бірақ бүгінгі ойланысы бөлектеу.

  Маусымжан, жасыратыны жоқ, өзін бұл өмірге тек бақ-береке үшін келген жан деп есептейтін. Олай ойлауына негіз де жоқ емес. Маусымжан қаршадайынан жоқшылық көрмей, ағыл-тегіл молшылықтың ортасында өсті. Республика шығысында біресе кеңшар, біресе аудан басқарып, өмір бойы аттан түспеген әке арқасында Маусымжанның миына, сірә, «мына тіршілікте таршылық болады-ау» деген ой кіріп те шықпады. Өзі қалаған жігітіне бас қосса, одан кейінгі өмірде сол бұрынғы қалпымен мұңсыз-қамсыз, сән-салтанатымен аға беретін сияқты көрінген. «Ең бастысы – махаббат» деп білетін Маусымжан. Ол оқыған әдебиет, көрген кино, дәріс алған мектеп қай-қайсысы болмасын, Маусымжанның осы көзқарасын растайтын да, нақтылайтын да отыратын. Бірақ өмір Маусымжан күткендей болмай шықты…
  Рас, жар таңдауға келгенде Маусымжанның қолын қаққан ешкім болған жоқ. Ауданды билеп тұрған арыстандай әкесінің өзі Маусымжан тұлдыр жетім Едігені жетектеп үйге алып келгенде, «Бұның не?» деп беттен қақпады. Тек «Бақытты бол!» деді. Бірақ той өтер-өтпестен Едігеден көңілі қалды әкесінің. Той өткесін көп ұзамай, әкесі Едігені оңаша шығарып алып, ауыл шетінде сөйлескен еді. Әкесі университетті кеше бітіріп, республикалық бір газетте жұмысқа енді орналасқан Едігеге екі өтінішін айтады. Бірінші өтініші – Едіге желкесіне таман түсіңкіреген шашын дереу қысқартуы керек.
  – …Ел-жұрттан ұят. Мына шашыңды реттесең қайтеді?! – дейді. Қайын атасының бұл өтінішіне Едіге үн қатпайды. Сыпайылық сақтайды. Екінші өтініші – Едігенің мамандығына қатысты болады.
  – Екінші өтінішім – Жоғары партия мектебіне түссең! Мына қызметіңді тастасаң! – дейді әкесі қабақ шытып, үйреншікті билеп-төстеп сөйлейтін әдетіне басып.
  – Неге? – дейді, Едіге үркіп кетіп.
  – Ертеңді ойлау керек!.. Тіршілікті ойлау керек, тілшілікті емес.
  – Рақмет! – дейді бұндайды күтпеген Едіге, бұ жолы дауысы жарық- шақтанып.
  Қайын ата ажырайып, Едігеге қарайды:
  – …Бұны қалай түсіндік?
  – Ұсынысыңызға рақмет! – дейді Едіге.
  Содан кейін-ақ, қайын ата мен күйеу бала әңгімесі жараспай-ақ қояды. Орман шетінде екеуі біршама үнсіз жүреді. О кезде жасы алпысты алқымдап қалған әкесі Едігеден оның болашақ жоспары туралы да сыр тартады. Едіге алдағы жылы тұңғыш әңгімелер жинағының шығатынын, одан кейін де бірдемелер жазуды жоспарлап жүргенін айтады.
  – Дұрыс екен… – дейді қайын ата біраз үнсіз қалып. – Жарайды, мамандығыңды өзгертпесең, өзгертпей-ақ қой. Бірақ онда… партия қатарына өтуді тездет! Редакторыңа құлаққағыс етейін!..
  – Жо-оқ, рақмет!!! – деп ыршып түседі Едіге. – Рақмет…
  Ақ басты қайын ата бұ жолы беті шалбарланып, іркіліп, «мінез көрсете бастаған» күйеу бала бетіне тіп-тіке шақшиып қарайды. Өзі өз болып, «Айтан Таңжарықович» атанып, ат жалын тартып мінгелі бері бетін бүйтіп ешкім қағып көрмеп еді.
  Бүкіл ауданды бір шыбықпен айдап отырған «біріншінің» сөзін аяқасты еткеніне Едігенің өзі де кәдімгідей абыржып қалады. Бірақ сырт көзге ол «қасарысып қалған» болып көрінеді. Арада тағы үнсіздік орнайды. Қайын ата біраз үнсіздіктен кейін:
  – …Сонда саған… партбилеттің керегі жоқ па? – дейді, дауысы мүлдем өзгеріп, біртүрлі бәсеңси қалып, түнгі көкжиекке қабағы шытыла қарап тұрып.
  Едіге күрсінеді, бірақ жауап қатпайды. Қайын ата сонда ғана, әлденені ұққандай болып:
  – …Ымм… – деп ыңылдап бір нәрсеге көзі жеткендей болып, бас шұлғи береді.
  Едігенің болашағы туралы әңгіме осымен бітеді. Қайын ата бұдан былай Едігенің жұмысы, болашағы туралы әңгіме қозғамайтын болады.
  Әкесі сол түні-ақ, шешесіне «Мынау – болмайтын бала» дегенді айтады. Той өтер-өтпестен, күйеу бала мен қайын ата арасына жарықшақ түскеніне қайғырған байғұс анасы бұл әңгімені қинала отырып, күрсіне отырып Маусымжанға жеткізді. Оны есіткен Маусымжан ауылдан Алматыға көңілсіз қайтқан еді. Пойыз үстінде Едігенің өзі-ақ қайын атасымен болған әңгімені Маусымжанға түп-түгел мөлдіретіп айтып берді. Табиғатында біртоға Едіге шабыты келгенде әңгімешіл болып кететін. Сол қасиеті ғой о баста Маусымжанның басын айналдырып жіберген… Едігемен алғаш кездесіп жүргенде осы Маусымжан бір нәрсеге таңғалатын. Жас жігіттің өмірде көрмегені жоқ тағдыр талайына таңғалатын. Сөзіне жас бойжеткеннің елтуі де Едігеге қанат бітіретін тәрізді еді.
  Едіге өмірге келмей жатып, әкесі мен шешесі – Бұлыш мерген мен Балқия сұлу тағдыр тәлкегіне ұшырайды. Қылышын сүйретіп қырға келген Кеңес өкіметі Едігенің әке-шешесін «банды» деп, «баспашы» деп қудалай бастайды. Қудалағанда да тура жапан түзде киік қуғандай өкшелеп ізіне түседі. Бірақ «қызыл жағалылар» қанша құнтиып қуғанымен, Бұлыш пен Балқия қолға түспейді. Бұлыш мерген Атырау, Арал арасындағы ел ішінде аты аңызға айналған аңшы екен. Едігенің әжесі Дәу апа да осал жан болмапты. Қапсағай ұзын, ермінезді Бұлыштың шешесін жұрт пошымына қарап, «Дәу апа» дейді екен. Әжесінің шын атын тіптен Едігенің өзі де білмейді. Едіге үш жасқа толғанда әкесі баспашылардың қолынан қаза тауып, шешесі бұл қазаны көтере алмай, жынданып кетеді. Бұлардың ауылы Қарақалпақстанның құмында көшіп-қонып жүріп, 32-жылдың аштығына ұшырайды. Қырылғандары қырылып, қалғаны Жем бойындағы елге оралады. Сонда елге оралғандардың ішінде Едіге мен әжесі де болады. Бірақ сұм тағдыр бұған жанашырдан қалған жалғыз әжесін де қимайды. 1937 жылы НКВД әжесін «Кеңес өкіметіне тіл тигіздің» деп, апарып абақтыға жабады. Бұл қорлыққа шыдай алмаған қайсар мінезді Дәу апа абақтыда дәм сызбай, бір апта жатып, көз жұмады. Өстіп, Едіге жасы 8-ден аса бере, не әке-шеше жоқ, не қамқор әже жоқ бір шаңырақта шошайып жалғыз қалады.
  Маусымжан бұндай өмір жолы шырғалаң жанды кітап, киноларда кездестірмесе, өмірде кездестіре қоямын деп ойламап еді. Сондықтан Едігенің өмір тарихына құлақ түрген сайын Маусымжан өзін бір роман кейіпкерімен қатар жүргендей сезінді. Маусымжанның көзінде Едігенің осындай романтикалық бейнесі сомдала түсті. Едігеде зерде десе, зерде, алдына қойған мақсат десе, мақсат бар. Қаламгер ретінде Едігенің арманы – 30-жылдардағы қазақ басына түскен зобалаң-ашаршылық жылдар туралы көлемді шығарма жазу. Бірақ Едігенің бұ жолында күндіз-түні қалғымай, қылышын қынаптан суырып цензура тұрды. Едіге қырыққа шейін ұсақ-түйек шығармалар жазып жүрді де, қырықтан аса, өзіне арман болған әлгі кітапқа кірісті. Одан бұрын ол өз ауылының отызыншы жылдары кәмпескеден қашып, Жем бойынан үдере көшіп, сонау Қарақалпаққа шұбырып, Үстірт асқан жолымен жүріп өтті. Осы жылдар дүрбелеңін көзбен көрген көнекөз қариялармен жолықты. Сондай сапардан келген сайын Едіге үйге өзінше бір жаңалық аша келетін. Отызыншы жылдар ашаршылығы туралы «Ол ашаршылық, оқулықтар жазғандай «кездейсоқ қуаңшылықтан » немесе «жергілікті белсенділер жіберген кейбір қателіктерден» емес, тұп-тура сол кездегі Кремльден бастап Қазақстанға дейін партия жүргізген саясаттан болған дегенді айта бастады. Оның бұ сөзінен Маусымжанның төбе шашы тік тұрды. Зәре-иманы ұшты. Мына сөзі КГБ құлағына жетсе не болды? Өз жолын өзі кеспей ме Едіге?! Маусымжан «антисоветчиктің әйелі» атанып, партиямен де, институтпен де қоштаспай ма?!
Өстіп, қорқып-үркумен 3–4 жыл өтті. Алматының батыс тұсындағы бір сайға киіз үй тігіп алып, Едіге содан ойға алған кітабын жазуға отырды. «Кедейлік құрығынан… қашан құтыламыз!» деп Маусымжан қыңқылдай бастаса, Едіге «Сәл шыда!» дейді ширығып.
  – Қашанғы шыдаймыз!!! – дейді, бұл шытынап.
  – Сәл… Сәл шыда!!! – дейді Едіге. Дауысы нығыз шығып. Өз бастаған ісіне деген сенімі берік жанның үні. «Үмітсіз – шайтан» деген. Қайтеді, шыдады Маусымжан. Бірақ бұл шыдағанмен, өмір шыдап тұра ма?! Соның алғашқы соққысы шекелеріне өткен жылы тиді. Бұлардың жоспары бойынша Едігенің үш жыл жазып аяқтаған кітабы өткен жылы баспадан шығып, Бағдагүлдің тойы мен жасауының шығынын көтеруге тиіс еді. Соған бейімдеп той болатын күнді құдалармен келісіп те қойған. Кенет, күтпеген жерден Едігенің кітабы тақырыптық жоспардан шығып қалды. Жандары мұрын ұшына тақалды. Осындай қаржыдан қысылғанда, салып ұрып, жетіп барып, ақша ала қоятын Маусымжанның әкесі де жоқ бұ кезде. Өліп кеткен. Едігенің қазір бір чехпен қосылып жазып жүрген сценарийінен түскен алғашқы қаламақысын есептеп кеп жіберсе, алдағы тойдың шығынына әрең-әрең жетеді екен. Өй, бүрді-ау кеп Едігені. «Қалай тапсаң, олай тап, мына қызыңның тойына, жасауына, құдалардың китіне жететін ақша тап!!!» деп. Едіге үндемеді. Алматыны аралап, таныс-жуықтардан жырымдап жүріп, 2 мың сом жинады. Бұл өткен жылдың оқиғасы ғой. Содан бері, мінеки, жыл өтті. Қарызды қайтаратын мезгіл жетті. Осы арада үйге Бағдагүл қайтып келді. Қызының қайтып келгенін шетелде жүрген Едіге естімеген еді. Қызының жағдайын Едіге үйге келгесін естіді. Пақыр қатты қиналды. Тіпті көз жасын сүртіп те алды. Жол сапардан жаңа келген Едігені үйде тосып тұрған жаңалықтың сорақысы жалғыз ол емес болатын. Едігенің өткен жылдан қалған «Отыз екінші жылы» биылғы жылдың жоспарынан тағы да түсіп қалды. Жұрттан алған қарызды осы кітап қаламақысынан қайтарамыз деп жүрген. Қарыз берген жұрт Едігені іздеп, үйге телефон шалып, мазалай бастады. Масқара-ай! Масқара! Жер ортасы жасқа келгенде ел-жұрт, жора-жолдас алдында бүйтіп масқара болармыз деп кім ойлаған?!

Тұлымшақ – өруге келмейтін әдейі қалдырылған шаш, тұлым.
Қымыран – түйе сүтінен жасалған тағам әрі шипалы сусын; шұбат.
Құс жолы – шоқжұлдыз, аспандағы ұзыннан-ұзақ созылып жатқан ақшыл жолақ.

1. «Жалған дүние» романының үзіндісін оқыңдар.
2. Роман неліктен «Жалған дүние» деп аталған?
3. Романға қай кезеңдегі қандай оқиғалар арқау болған?
4. Роман кейіпкерлері кімдер?
5. Айлы түнде неліктен Хансұлу балалық шағын еске алады?
6. Жазушы кейіпкердің өткенге шолуы арқылы ашаршылықты қалай суреттеген?
7. Маусымжан да неліктен айлы түнде Едігемен өткен ширек ғасырлық ғұмырын ой елегінен өткізеді?
8. Бас кейіпкер Едіге бойынан автордың «мені» қалай байқалады?


1. Үзіндінің мазмұны бойынша топпен бірге «Хикая картасын» жасаңдар.
2. Үзіндідегі авторлық, лирикалық шегіністерді анықтап, олардың шығармадағы рөлі туралы пайымдауларыңды жазыңдар.
3. Романның негізгі кейіпкерлеріне романда көрінетін іс-әрекеттеріне сүйене отырып, «Портреттік мінездеме кестесін» толтырыңдар. Жинақтау мен даралау арқылы жасалған өмір шындығын анықтаңдар.


1. «Тырс еткен көлденең дыбыс жоқ. Оқта-текте ауыл шетінде сұңқ ете қалар ит үні де естілмейді. Ұйыған сүттей қою, қоймалжың тыныштық. Жым-жырт тыныштық…» деген үзіндідегі пейзаждың автор психологиясы мен қаһарманның жан дүниесін, ішкі өмірін бейнелеудегі қызметі туралы пайымдауларыңды жазыңдар.
2. «Автор адам тағдыры арқылы ғалам сырына, адамзат тағдырына көз тігіп, терең философиялық ой түйеді» деген ойды дамытып жазыңдар.


«Жалған дүние» романындағы жазушының портрет пен пейзаж жасаудағы шеберлігі туралы сыни хабарлама жазыңдар.

Кері байланыс. «Борт журналы».


  1930–1932 жылдары Қазақстан халқының саны 6,2 миллион болса, соның 2,1 миллионы аштықтан қырылды. 1 миллион 700 мың адам Қазақстаннан тыс аймақтарға көшіп кетті. 1930 жылдары болған аштықты «геноцид» деп атады.

×
×

Корзина