ЖАЛҒАН ДҮНИЕ
(жалғасы)


Оқу мақсаттары:
  11.1.2.1 әдеби шығармадағы көтерілген мәселелерді қазіргі өмірмен байланыстырып, ұлттық мүдде тұрғысынан ашу.
  11.1.3.1 көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау арқылы өмір шындығын көрсету.
  11.1.4.1 көркем шығармалардан алған үзінділерді ғаламдық тақырыптағы өзекті мәселелермен байланыстырып, шығармашылық жұмыстарда қолдану.
  11.2.1.1 әдеби шығарманың композициясын, жанрлық ерекшеліктерін айқындап, уақыт пен кеңістік тұрғысынан талдау.
  11.3.1.1 шығарманы ғаламдық тақырыптармен салыстырып, тарихи және көркемдік құндылығын бағалау.

  Тірек сөздер: Едіге мен Маусымжан, қыз ұзату, отбасы мәселесі, түсінісу.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – берілген үзіндінің сюжетіне мән бере отырып оқу;
  – композициялық құрылымын талдау;
  – үзіндіде көтерілген ғаламдық мәселені тауып, мағынасын ашу;
  – кейіпкерлеріне мінездеме беру;
  – үзіндідегі уақыт пен кеңістікті анықтау.

2

  Бұл жаңалықты, яғни кітабының тағы да жоспардан түсіп қалғанын естігенде, Едігенің түсі сұп-сұр болып, не істерін білмей аласұрып кетті. Сонымен, жолдан келген күні Едіге таңды «аһілеп-уһілеп» атырып, ертесінен бастап «жар құлағы жастыққа тимей» баспа, комитет, ЦК арасында үш күн бойы шапқылады. Үш күннің соңғы күні, яғни шешуші күні соңғы инстанция ЦК-да болуға тиіс еді. Со күні Маусымжан кештетіп, институттан асығып үйге жетсе, Едіге диван үстінде шалқасынан түсіп, әлдебір нүктеге қадала қарап, сұлық жатыр. Маусымжан ерінің түрінен көз айырмай, залдың есігінде үнсіз біраз тұрды. Едіге Маусымжан жаққа қарамады. Маусымжан тіс жармай, өз бөлмесіне бұрылды. Тас төбесінен түскен бір найзағай бүкіл іші-бауырын жарып өртеп өтіп, табанынан шыққандай болды. Өз бөлмесіне аяғының буыны әлсіреп әрең жетті. Сылқ түсіп, кереуетке отыра кетті. Қарыз! 2 мың сом! 2 мың! Не істемек енді?
  Кереует үстінде бүк түсіп, басқа ұрған балықтай есеңгіреп отырды. Қарыз ғана емес, ол кітап шықса, Маусымжан үйге шетелдік жиһаз, хрусталь ыдыс-аяқ, кілем алам ба деген арманы да күл-талқан болды. «Жиһаз, ыдыс-аяқ» дегенде, Маусымжанның есіне Аиданың үйі түседі. Аиданың үйіндегі жиһаз, ыдыс-аяқ Маусымжанның маңдайына бұл өмірде бітпейтін шығар! Бітпейтін шығар. Ондай байлық бұл үйге біту үшін, мына Едіге басқа адам болып тууы керек. Бұны қарай көр, Едігені айтады, бір жері жылтылдап жүріп, о тоба, байлық, билік дегендерді менсінбейді. «Байлық», «билік» дегендерге мұрын шүйіре қарайды. О, тоба! Бұндай да адам болады екен! Бұған осы төрт қабырға тұрса болды! Басқа еш нәрсенің керегі жоқ. «Неге керек?» дейді. «Ол шоқпыт, сол тас-табақ. Оның аты тоғышарлық, дүниеқоңыздық!» дейді.
  Жастау кезінде өзі дәулетті үйде өскен Маусымжанға Едігенің «байлық», «мансапқорлық», «тоғышарлық» дегеннің бәрін ит жемге апарып тастайтын философиясы бұған қызық, ерекше көрінетін. Құлағына тосын естілетін. Ол философия «мансап», «дүниеқоңыздық» дегендерді мансұқ еткен, жоғары идеалдарды төбесіне көтерген, өршіл жас ұрпақ үніндей естілетін. Жаңа заман лебіндей есетін. Маусымжан о кезде сондай тоғышарлар тобырынан оқшау тұрған, дүниеге соны, өз көзқарасы бар ұрпақ өкілінің қолтығында келе жатқанына мәз болатын. Кедей жігіт, жетім жігіт, бірақ заманының жаңашыл тұлғасы, қаламгер Едігемен қол ұстасып, қиындықпен күресіп өмір кешу, өзінше бір ғанибет шығар деп сенетін. Өзінің «тоғышарлар» тобында жоқтығына іштей шүкіршілік етер еді. Бірақ есейе келе, Маусымжанның көзқарасы өзгере берді. Бұрын өнер адамымен өмір сүрудің өзі бір романтика шығар деп келсе, ендігі жерде сол сенімінің күлі көкке ұша бастады. Күндіз-түні шұқынып, ақ қағазды шимайлағаннан басқа, Едігенің қолынан түк келмейтін, бейшара жан екендігіне көзі жетті. Айналасына қараса, бұлардан басқа жұрттың бәрі тырбанып жүріп, өз үй жағдайын, бала-шағасының жағдайын дөңгелентіп жасап алыпты. Бірі – бастық, бірі – балпаң, бірі – бай. Кейбіреулері ыңыранып сенімен әрең сөйлеседі. Демек, өмір кімнің «дұрыс», кімнің «бұрыс» екенін дәлелдеп, соған лайықты әркімге өз бағасын бергендей. Ал өнерден басқа ештеңені мойындамайтын Едігенің де кім екенін өмір көрсеткендей. Яғни «ешкім емес» екенін дәлелдегендей. «Қырық адамның бір жақ, қыңыр адамның бір жақ» екенін дәлелдегендей. Рас, Едіге – қыңыр адам. Осы тұла бойғы тұңғышы Бағдагүлді мектепке беретін жылы екеуінің бір мықтап сілкісіп алғаны бар. «Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, «Бағдагүлді қазақ мектебіне берем» деп қасарысқаны Едігенің. Қалжыңы ма десе, жоқ, шыны. «Әй, есің дұрыс па?» деді бұл. «Осы Алматыда бір қазақ бар ма, баласын қазақ мектебіне берген! Болса, айтшы!» Жазық маңдай, шикіл сары, қоңыр көз Едіге, бұған қарсы дәлел айта алмай бір бозарып, бір қызарды. «Болмаса, ондай қазақ біз боламыз!» деді, ақыры, қисықтығын тағы дәлелдеп. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген дәл сенсің!» деді, Маусымжан көзін шұқып. Өзі мектепті орысша бітірген солтүстіктің қызы емес пе?! Орыс мектебінің пайдасына шешілетін деректерді екі тілде бірдей көсілтті. Едігенің аузын аштырмады, алды-артын орап алып. Күйеуінің бір беткей, сыңар езу мінезін Маусымжан осыған шейін кешіріп келген ғой, бірақ бұ жолы мәселе бала тағдырына тірелгенде кешіре алмады.
  Едіге айтқан патриоттық уәжге пысқырып та қарамады. «Не десең о де, мен қызымды қор қыла алмаймын!» деді Маусымжан, тас-талқаны шығып. «Адам деген алдымен ана тілін білуі керек қой!» деді, Едіге жан дауысы шығып. «Ау, оған кім қарсы, қазақшаңды үйде отыр да, үйрете бер!» деді, бұл. Едігені ақыры жеңді. Бірақ Қамбарды мектепке беретін кезде, Маусымжанның күші күйеуіне жетпеді. Едіге ұлын өзі жетелеп апарып, қазақ класына отырғызды.
  – Егер… қазақ мектебіне қазақ жазушысы өз баласын бермесе, онда бұ қазақтың шаруасы біткен шығар! – деді Едіге.
  – Қойшы! – деді Маусымжан. – Сен-ақ осы қара аспанды жерге төндіреді де отырады екенсің. Бүкіл жұрт ақымақ па, сонда? Сенен де ақылды жұрт, сенен де атақты жұрт бар емес пе? Солардың қайсысы балаларын қазақша оқытып жатыр? Сенікі не осы, «бүйректен сирақ шығарып!». Қазір қалаңда да, далаңда да бүкіл жұрт баласын орыс мектебінде оқытады. Одан олардың еш нәрсесі кеміген жоқ. Тіл де құрыған жоқ, ел де құрыған жоқ!
  Балаларын мектепке берер тұста, осындай айтыс болған бұл үйде.
  Бұрынырақ Маусымжан осы Едігенің «байлық», «мансапқорлық», «тоғышарлық» дегендеріне жаны қас болып, бар зейінін кітапқа, қағаз-қаламға қоюын оның озғандығы шығар деп ойлап келсе, бүгіндері көзі бір нәрсеге жетті. Едігенің жаңашыл жан емес, нағыз ескішіл, кертартпа жан екендігіне көзі жетті. Әйтпесе, ол бүкіл еңбекші халық көсемі Лениннің халық үшін қан кешіп жүріп құрған Коммунистік партиясына тіл тигізер ме еді? Партиядан басқа тиісетін бұ дүниеде еш нәрсе қалмағандай. «Коммунистік партия 30-жылдары қазаққа зорлық-зомбылық жасады» дейді. Жарайды, партия тарапынан кейбір асырасілтеушіліктер болған шығар. Бірақ Едіге дәлелдегісі келгендей «Кеңес өкіметі түгел бір халыққа қиянат жасады» дегенге кім сенер?! Маусымжан өлсе сенбес ондай сандыраққа. Жо-жоқ! Керісінше, қазақты қазақ қылған, қой соңында жүрген қараңғы елді, небары 10–20 жыл ішінде түгел сауатты елге айналдырған кім? Білсең, Коммунистік партия! Білсең, Кеңес өкіметі, Едіге жолдас! Едіге, сен неге, Кеңес өкіметі мен Компартияның халық үшін жасаған қыруар еңбегін көргің келмейді? «Көрмес түйені де көрмес» дегендей… Егер Кеңес өкіметі болмаса, тұлдыр жетім Едіге сенің өзің кім болар едің?! Жоғары білім алып, жазушы бола алар ма едің? Қолыңа қалам ұстар ма едің? Жоқ, таяғыңды ғана құшақтап қала берер едің! Дұрыс емес, Едіге бұның сенің! Дұрыс емес, көпке, партияға, заман ағымына топырақ шашқаның! Дұрыс емес, өзіңді адам еткен Кеңес өкіметіне тіл тигізуің! Оны қаралайтын деректерді жинап-теріп кітап жазғаның! Шын әділетшіл адам болсаң, өйтпес едің! Талай кітабың, киноң шықты. Соның бәрі біле-білсең кімнің арқасы? Кеңес өкіметінің арқасы! Просто сен қыңыр адамсың! Өмір сүре білмейтін қыңырсың! Егер сен өмір сүре білетін жан болсаң, кинодағы бастығың «Үлкен кісі туралы сценарий жаз!» дегенде тартынар ма едің! Жармаса кетпес пе едің! Өзге жұрт Үлкен кісінің жолында өлуге даяр жүргенде, осы сенікі не шалқақ?! Бас иіп келген бақытты басқа тептің сен! Есі дұрыс жанның ісі ме осы? Осы қыңыр мінезіңмен жалғыз өзіңнің ғана емес, мына біздің, өз бала-шағаңның бағын байладың! Енді, бар өміріміз жалтақтаумен, жоқшылықпен, қарызданумен өтер, енді…
  Маусымжан өз бөлмесінде осындай ойға шомып қанша отырғанын білмейді, бір кезде басын көтерсе, сыртта қараңғы түсіпті. Орнынан тұрды. Ауырып қалған белін жазды. Содан кейін Едіге жатқан залдың табалдырығын аттады. Едіге сол жоғары қарап самсоз жатқан күйі әлі қозғалмаған екен.
  – Ие!.. – деді бұл. Диванда шалқасынан түсіп, созылып жатқан Едіге селк етті. Басын көтеріп, түзеліп отырды. Бірақ Маусымжанның бетіне қарамады. Несіне қарайды. Қарауға бет жоқ болса. Ақша таппаған еркек еркек пе? Үйде қызы мен ұлы жоқта Едігені жақсылап бір сілкіп алуға оқталды Маусымжан.
  – Ие, не болды? – деді, не болғанын іші сезіп тұрса да.
  – …Болары болды… – деді Едіге, сол күйі Маусымжанға жүзін бұрмастан. Бұл, шикіл сары Едігенің осы сәттегі әнтек бозарған бетіне, кең маңдайына, ірі қоңқақ мұрнына, желкесіне жетіп шоғырланған қоңыр бұйра шашына тыжырына қарады. Дәл осы сәтте, Жер бетінде Едігеден сорлы, Едігеден дәрменсіз, Едігеден қырсыз еркек жоқ еді. Осындай жанды әкеліп, бұның маңдайына жазып қойған бұ Құдайдың шеберін қайтерсің?!
  – Жұрт қарызын сұрай бастады…
  – Білемін… – деді Едіге.
  Маусымжан оны сұғымен атып жіберердей, аз-кем үнсіз шақшырайып тұрды да:
  – …Білерсің… атаңның басын! – деді.
  Едіге үндемеді. Бетіне лып етіп қаны ойнап шыққандай болды да, іле қайта сұрланды. Күйеуінің кең маңдайы жіпсіп, бусанып кеткенін Маусымжан байқап тұр.
  Қатты қиналғанда Едігенің өстіп, тілден айырылып, түйіліп қалатын әдеті. Өзі онсыз да соққы жеп келіп отырған адамды одан бетер қажамайын деді Маусымжан. Арындап келген ашуын әзер ірікті. Сабыр сақтап, сабасына түсті.
  Ақырын ғана:
  – Баяғыда әкем марқұм сені көрген бетте-ақ, «Бұл адам болмайды» дегенде, көңіліме алып едім… Жасы үлкен кісі неге ұшқары сөйлейді екен деп. …Сөйтсем, байғұс әкем… бір нәрсені біліп айтқан екен ғой… – деді көкірегі қарс айырыла күрсініп.
  Едіге үндемеді. Аздасын орнынан сүйретіле тұрып, балконға беттеді. Сөйткенше, телефон шыр етті. Түгелхан екен. Телефон арқылы Едігеге қысқаша ғана бір жаңалық айтты. Едіге шошып:
  – Қой! Не айтып тұрсың?! – деді түршіккен үнмен. Сол арада байланыс үзіліп кетсе керек, Едіге телефон құлақшасын қолында ұстап, абыржып сәл-кем тұрды да, қайтадан орнына қойды. Қабағы шытылып, бас шайқап, балконға беттеді.
  Маусымжан оның жанына бармады. «Түгелхан не айтты?» деп сұрамады. Жұрттың жаңалығын қайтеді, өз жаңалықтары өздеріне жетіп жатқанда.
  Ай астында отырған Маусымжан бүгін сол күні болған әңгімені тәптіштеп, осылайша ой елегінен өткізді. Сол жүз шайысудан кейін, ерлі-зайыпты екеуінің әңгімелері жараспай-ақ қойды. Таңертең ерте тұрады да, Маусымжан институтына тартады. Едіге де кетеді бір жаққа. Ошақ басында болған жоғарыдағы әңгімеден кейін Едіге көп ұзамай, қызыл «Жигулиіне» отырды да, ауылға тартып берген.

ЦК – басшылық орган. Орыс тіліндегі «Центральный комитет» деген сөздің қысқартылып аталуы.
Мансапқорлық – жоғары қызметке ұмтылушылық, билікке тұруға қызығушылық.
Ленин – Ленин Владимир Ильич, Кеңестер өкіметін құрған, коммунистік большевиктер партиясының басшысы, негізгі тегі – Ульянов.
Коммунистік партия – Кеңес өкіметінің басқарушы партиясы.

1. Едіге қоғамнан қандай қысым көрді?
2. Едіге мен Маусымжанның арасындағы отбасылық қарым-қатынас тартысы неден басталды?
3. Маусымжанның ішкі ойына қарап, Едігені жаңашыл жан емес, нағыз ескішіл, кертартпа жан деп бағалауға бола ма? Пікірлеріңді дәлелдеңдер.


1. Топқа бөлініп, «Кейіпке ену» әдісі бойынша жұмыс жасаңдар.
1) «Кейіпкер кестесін» толтырыңдар.

2) Шығармадағы негізгі құндылықты көрсететін кейіпкерді таңдаңдар және кейіпкер арқылы осы құндылықты баяндайтын қысқаша қойылым дайындаңдар.
2. Үзіндідегі өздеріңе ерекше әсер еткен эпизод бойынша «Үш жақты күнделік» толтырыңдар.


1. Екі топқа бөлініп, «Кубизм» әдісімен үзіндідегі уақыт пен кеңістік көрінісін талдаңдар. Талқылауға берілетін шығарма нысандары: сюжеттің бір кезеңі, уақыт, оқиға, мекен, тақырып, идея.
2. Едіге мен Маусымжанның өмірлік ұстанымдары туралы өз ойларыңды «Төрт сөйлем» әдісімен білдіріңдер.
1. Пікір. Екі кейіпкердің өмірлік ұстанымдары туралы бір ой жаз.
2. Дәлел. Үзіндіден бір мысал келтір.
3. Мысал. Ойыңды өмірмен байланыстыр.
4. Қорытынды. Ойыңды бір сөйлеммен қорытындыла.


1. «Жалған дүние» романына арқау болған адам өмірінің мәні мен мақсатын, адам баласына қажетті рухани құндылықтар туралы өзекті де ауқымды мәселелерді ғаламдық тақырыптармен салыстырыңдар.
2. Туындының тарихи және көркемдік құндылығына баға беріңдер.

Кері байланыс. «Екі түрлі түсініктеме күнделігі» арқылы игерген білімге жеке пікір білдіріңдер.

×
×

Корзина