ЖАЛҒАН ДҮНИЕ
(жалғасы)


Оқу мақсаттары:
  11.1.3.1 көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау арқылы өмір шындығын көрсету.
  11.2.4.1 көркем шығармадағы ғаламдық тақырыптарға креативті ой қосып, шығармашылық жұмыс (эссе, әдеби және еркін тақырыптарға шығарма) жазу.
  11.3.1.1 шығарманы ғаламдық тақырыптармен салыстырып, тарихи және көркемдік құндылығын бағалау.
  11.3.4.1 шығарманы идеялық жағынан мазмұндас әлем әдебиеті үлгілерімен салыстыра талдап, әдеби сын жазу.

  Тірек сөздер: Едігенің ойы, ауыл тынысы, Хансұлу туралы ой.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – романның тарихилығын білдіретін сюжеттерді айту;
  – көркемдік құндылығын анықтау;
  – идеясы мен көтерген тақырыбын саралау;
  – сыни бағалау үшін жаңашылдығын анықтау.

4

  Төңіректі аққұйрық сәуле кезе бастағанда ауыл шетінде әлі ұйқысыз жүрген Едіге баяу басып, үйге қайтып келе жатты. Ауыл әлі шырт ұйқыда. Маңайды қою тыныштық басып тұр. Дыбыс атаулыдан қора тұстан сиырдың ыңырсығаны ғана естіледі. Өзге дыбыс жоқ. Қоңыр төбе тірлік кешіп жатқан ауылдың осы бір қаннен-қаперсіз мамыра-жай қалпына қызығады Едіге. Миын масадай талаған ойдан аулақ мезгілінде ұйықтайтын жан шынында бақытты-ау. Егер де кезінде оқу қуып қалаға кетпегенде, бұ кезде Едіге де осы ауылдың бір бұрышында, шүпірлеген бала-шағасының ортасында жатар ма еді, кім білсін?! Жазушы Едігемен салыстырғанда, әрине, тракторист Едігенің бақыттырақ болары анық. Күні бойы маңдайы терлеп жер жыртқан тракторист Едіге кешке таман шаршап-шалдығып, «өз үйі – өлең төсегіне» жетпес пе?! Шүпірлеген бала-шағасының ортасында отырып, маңдайы жіпсіп шай ішіп, опырып ас жемес пе?! Дүние тауқыметін ойлап шаршаудың оған не қажеті бар? Тек, төсекке басы тиді болды, «қорр» ете түспес пе?!
  Аула есігіне жеткенде, кенет, үрпиіп тоқтай қалды. Назары төсегінен жартылай шығып, алаша үстінде етпетінен түсіп жатқан Хансұлуға түсті. Тіксініп, шапшаң басып аулаға кірді. Хансұлудың жанына жетіп, тізерлей қалып, қолын ұстап көрді. Салқын тартып қалыпты. Шіміркеніп кетті. Тақта үстіндегі Түгелханға көзі түсті де, дереу соны барып иықтан сілікті. Түгелхан ыңырсыды, бірақ оянбады.
  – Түгелхан! – деді Едіге ақырын. Түгелхан ыңырсып, теріс аударылып жатты.
  Үміт оянды. Алаша үстінде етпетінен түсіп жатқан шешесін көріп жан дауысы шығып кетті.
  – Апа! Апа! – деп тұра ұмтылды шешесіне қарай. Едіге оның жолын кес-кестеп:
  – …Үміт! – деді. – Сәл… Сәл сабыр ет!.. Алдымен орнына жатқызайық! Кел, көтер!
  Едіге марқұм Хансұлуды оң қолтығынан ұстады. Көз жасы сорғалаған Үміт шешесінің екінші қолтығына жармасты. Марқұмның қол буындары сіресіңкіреп қалған екен. Төсегіне жатқызғаннан кейін қолдарын жазып, бетін ақ шүберекпен бүркеді. Содан кейін ішкі бөлменің еденін жалаңаштап, Хансұлудың денесін ақ кебінге орап, екеулеп жүріп сонда апарып қойды…
  Осының бәріне үнсіз көз тастап, шеткеріректе Едіге мен Түгелхан отыр. Түгелханның беті қалқып іскен. Көзі қызарған. Аздап жылап алса керек.
  – Марқұм иманды екен… – деді Едіге Хансұлудың қиналмай көз жұмғанын еске алып. Түгелхан бас изеген болды.
  Үй түбінде қатар отырған бұларға келіп, қол беріп амандасып, көңіл айтушы ауыл кісілерінің қатары жиілей бастады.
  Осының бәріне үнсіз қарап отырған сияқтанғанмен, Едігенің ойы өзге бір толқында еді. «Жұрт ұйықтап жатқан кезде, тып-тыныш жүріп кеткен Хансұлу неткен иманды жан еді!!!» – дейді іші. «Тек, бір ғана нәрсе, Хансұлудың төсегінен шығып, ұмтылып барып құлағаны несі екен?». Сол ғана жұмбақ. Бетіне ақ шүберек жабар алдында марқұмның сарғыш тартқан жүзіне назар іріккен еді. Хансұлу қабағын шытып, көз жұмған екен. Қабағын шытып, не нәрсеге ренжіді екен? Бұ пәнидегі соңғы демін жұтар алдында неге налыды екен Хансұлудай ғазиз жан? Бірақ неге ренжіді деуге бола ма?.. Бар тірегі, азамат болған жалғыз ұлының түрі мынау болса! Оның арғы жағында «халық жауының әйелі» атанып, өмір бойы көрген азабы тағы бар. Едігенің көз алдынан кезінде жалпақ елге «кербез келіншек» деген аты шыққан, қазір ішкі үйде ақ кебін оранып жатқан Хансұлудың қым-қиғаш өмір жолы жүйткіп өтті. Отызыншы жылдар басында «бай» делініп, әкесі қуғын-сүргінге ұшыраса, одан кейінгі жылдары Құдай қосқан қосағы Шеге «халық жауы» атанып, қудаланудан көз ашпады. Соғыс тұсында тірі жесір Хансұлудың мойнында Шегенің кәрі шешесі мен шиеттей жас балалары қалды. Соларды аш-жалаңаш қылмаймын деп, Хансұлу қолына ақ таяқ алып, қысы-жазы қой соңында салпақтады. Шолақ белсенді Ждақай Шегенің басын түрмеге тығып тастап, енді оның панасыз қалған жас жары Хансұлуға қол салғысы келді. «Жаңа жол» ауылын «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстаған Ждақайға Едіге ол жылдары қыз-келіншектерге хат таситын почтальон болғаны бар. Сол қызметін жөнді атқармағаны үшін емес пе, Ждақайдан өлімші болып таяқ жегені. 14-ке енді ғана толған бала Едігенің түйемен сонау қияндағы Қарақалпаққа қашуы да содан басталды емес пе?! Бұ жарық дүниеде сондай сұрқия заманның табанында иленіп, дозағында қақталған жанның бірі Хансұлу болса, ол байғұс неге бұл ит тірліктен оп-оңай құтылғанына шүкіршілік етпеуге тиіс? Марқұмның өмір бойы шырыл қаққан шыбын жаны жай тапса, о дүниеде енді ғана жай тапқан шығар. Мәңгілік тапқан шығар…

Пәни, фәни дүние – өткінші, жалған мағынасында қолданылып, бұл дүниенің мәңгі еместігін анықтайтын ұғым.
Шолақ белсенді – асыра сілтеуші, шаш ал десе, бас алатын адам.

1. Хансұлу қалай қайтыс болады? «…Марқұмның қол буындары сіресіңкіреп қалған екен. Төсегіне жатқызғаннан кейін қолдарын жазып, бетін ақ шүберекпен бүркеді. Содан кейін ішкі бөлменің еденін жалаңаштап, Хансұлудың денесін ақ кебінге орап, екеулеп жүріп сонда апарып қойды…» деген үзіндіде автор Едігенің бойындағы қандай мінез-құлықтарды ашып отыр деп ойлайсыңдар?
2. Жазушы романда символдық бейне ретінде нені қолданған? Оның қандай мәнісі бар?
3. Романдағы аспанның келбетін өмір туралы толғамдармен астастыра беруде қандай мағына бар деп ойлайсыңдар?
4. Едігенің тағдыры не болады деп ойлайсыңдар? Автордың шешімімен келісесіңдер ме?
5. Романның әсері тілінде ме, оқиға өрбітуінде ме?
6. Романнан қандай өмірлік қорытынды шығаруға болады?


1. Хансұлудың трагедиясын күшейткен жағдайларды топпен бірге санамалап жазып шығыңдар.

2. «Концептуалды кесте» әдісімен үзіндідегі кейіпкерлердің өмірге қызығушылықтары мен адами қасиеттеріне талдау жасаңдар.

3. Үзіндіні тыңдап, автор стилін анықтаңдар. Авторлық стиль ерекшеліктері туралы өз пікірлеріңді шағын талдау жұмысы түрінде жазыңдар. Уақыт – 10 минут.


Топқа бөлініп, бір-біріңе «Жалған дүние» романы бойынша 3 түрлі сұрақ қойыңдар. Сұрақты талқылаңдар. Романда көтерілген мәселені анықтаңдар.
Анықтау. Романдағы тарихи және көркемдік құндылықтарды анықтаңдар.
Салыстыру. Романдағы құндылықтарды заманауи тұрғыда бағалап, салыстырыңдар.
Бағалау. Романдағы тарихи және көркемдік құндылықтарды өзіндік көзқарас тұрғысынан қорытып, жаңашылдығына баға беріңдер.


«Жалған дүние» романымен идеялық жағынан мазмұндас қандай көркем шығармаларды білесіңдер? Салыстыра талдап, әдеби сын жазыңдар.

Кері байланыс. «Бағалаушы сұхбат».
1) Роман бойынша алған біліміңді қай жерде қолдануға болады?
2) Роман бойынша қандай қосымша ақпарат алғың келеді?
3) Бұл романнан не үйрендім?

×
×

Корзина