Киелі жануар

Мәтінді түсінемін, талдаймын, автордың ойын нақты деректермен дәлелдеймін.

1. Түсініп оқы. Түсінгеніңді айт.

Шоқан Уәлиханов
1835–1865

«Қазақтар киеге үлкен мән береді. Кейбір жануарлар мен құстарды тұрмысқа қажетті, киелі деп қастерлейді. Осы аталғандарды құрмет тұту, ырым-жорасын жасап тұру, адам баласына байлық пен бақыт, құт әкеледі деп түсінеді. Ал осы кәделерді ұстамау, киелерді құрметтемеу – жоқшылыққа душар етеді деп санайды. Сондай құдіретті күші бар жан-жануарлардың киесі бар, ал олардың өзін киелі дейді».

Шоқан Уәлиханов

2. Тыңда.

Қаскөй аңшы туралы аңыз

  Ерте, ерте, ертеде дүниеде бір кәнігі аңшы өмір сүріпті. Ол өзінің тайпасын жабайы жануарлардың етімен асырапты. Осы үшін жұрт оған разы болады екен. Аңшы барған сайын олжаны молырақ әкеледі.
  Бір күні жабайы құландарды аулап жүргенде аңшының қатігездігі оянып, жанды атаулыны талғамай ата береді. Жолдастары мергенді тоқтата алмай, одан аулақ кетеді, ал ол болса, көзі қарауытып, алған бетінен қайтпайды. Бір кезде алдынан тауешкінің ақсақ ақ аналығы кездесіп қалады. Аңшы оңай олжадан дәмеленіп, соңына түсіп қуып береді. Бірақ ешкі оның жебелерінен жылдам жалтарып, таудың биік жартастарына өрлеп, аңшыны соңынан ертіп, қия шыңдарға ұзай береді. Кенет ауада еріп кеткендей, көзден ғайып болады. Сонда барып аңшы өзінің мұз басқан биік шыңның ұшар басында қалғанын бір-ақ көреді. Ол одан қайтып түсе алмай, сол тауда мәңгі қалыпты.
  Оның тайпасының адамдары елді-елге шашырай тарап кетіпті, осы жерге әлі күнге дейін тіпті жануарлар да жоламайтын болыпты.

«Қазақ аңыздары» кітабынан

3. Ш. Уәлихановтың пікіріне сүйене отырып, аңшының неліктен тау басында қалғанын түсіндіріп көр.

4. Тағы бір киелі жануар туралы өлеңді түсініп оқы.

Ақсақ киік

Арқаның Бетпақ деген даласы бар,
Бетпақ шөл, ойлы-қырлы панасы бар.
Сол шөлде ел жоқ, күн жоқ өсіп-өнген
Жәндіктің киік деген баласы бар.

Мергендер дамыл алмай киікті атқан,
Ауылды қан сасытып топырлатқан.
Киікті ойлай ма екен таусылар деп,
Азайып бірте-бірте келе жатқан!

Киікті қазақ және дейді бөкен,
Бетпақты бұл бейшара қылған мекен.
Бөкенді атып мерген өлтіргенде,
Жазасыз жан өлді деп ойлай ма екен?

Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,
Өзге аңға жануарды тең көрмедім.
Көздері мөлдіреген ақ бөкенді
Адамның баласынан кем көрмедім.

Кей адам әдет қылған киік атып,
Мүйізін пайда қылып шетке сатып.
Сандалған бір киікке ұшырастым,
Бір жылы Бетпақ шөлде келе жатып.

Сандалып келе жатты ақсақ киік,
Бір тоқтап, анда-санда әлді жиып…
Ақ бөкен – сахараның ботагөзі,
Атты екен қандай адам көзі қиып…

Сәкен Сейфуллин

бұл жерде: азаттық, күрес жаршысы.

5. Өлеңнің авторы туралы әңгімеле.

Сәкен Сейфуллин
1894–1938

  • «Ұлтшыл» деген жалған жаланың құрбаны болған.
  • Табиғатты ерекше жырлаған лирик ақын.
  • «Сәкен – дауылпаз ақын».

Тұрсынбек Кәкішев

6. Суреттерді әңгімеле. Мәтіннен осы суреттерді сипаттайтын жолдарды теріп оқы.

7. Киелі жануарларды атқан адамның іс-әрекетіне пікір білдір.

8. Хрестоматиядан С. Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы» шығармасын оқы.

×
×

Корзина