Тақырыпты табысты меңгеру үшін 10-сыныпқа арналған оқулықтан 25-параграфты қайталау керек.
Сперматогенез бен оогенездің ерекшеліктері. Сперматогенез (сперматозоидтердің түзілуі) бен оогенез (жұмыртқа жасушасының түзілуі) үдерістері арасында айырмашылықтар бар. Оларды нақты қарастырайық.
1. Ер адамда жыныс безінің 1 жасушасынан мейоз нәтижесінде толыққанды 4 сперматозоид түзіледі. Үдеріс аналық ағзаға қарағанда және сан жағынан да едәуір көп. 1 мл спермада (қалыпты жағдайда) 20 миллионнан көп сперматозоид болатынын еске түсірейік. Сперма көлемі орташа 5 мл құрайтынын ескерсек, сперматозоидтердің саны шамамен 100 миллион болады. Бұл мөлшер әйелдердегі сияқты 28 күнде бір рет емес, аз уақытта түзіледі.
Әйелдерде мейоз кезінде жыныстық жетілу сәтінен бастап бір ізашар-жасушадан ай сайын бір функционалдық жұмыртқа жасуша түзіледі. Қалған үш жасуша полярлы немесе бағыттаушы денешік деп аталады. Оларда цитоплазма аз болады, ұрықтануға қабілетті емес және тез арада жойылады. Олардың рөлі – диплоидты аналық жасушадан «артық» хромосома алу.
2. Сперматозоидтерде цитоплазма аз және арнайы қабықшасы болмайды.
Жұмыртқа жасушасында қоректік заттар мөлшері мол көп цитоплазма жинақталады. Олардың бір бөлігі бауыр жасушаларында түзіледі де, кейін жұмыртқа жасушасына түседі. Көптеген жұмыртқа жасушасында қабықшасы болады. Құстар жұмыртқасының әкті қабықшасы мен ақуыз қабықшасын, жорғалаушылар жұмыртқасының пергаментті қабықшасын еске түсіріңдер. Адамда да арнайы жасушалардың қабықшасы болады және сәулелі тәж деп аталады. Ол жұмыртқа жасушасына бір мезгілде екі сперматозоидтің енуіне кедергі жасайды.
3. Қозғалғыштық тек аталық жыныс жасушаларына тән. Бұл барлық сүтқоректілерге және адамға қатысты. Бірақ кейбір төменгі сатыдағы ағзаларда (қарапайымдар, балдырлар және т.б.) көбінесе сырттай аталық гаметалардан айырмашылығы жоқ қозғалғыш аналық гаметалар кездеседі.
4. Жыныс бездері жасушаларының көбеюі ер адамдарда өмір бойы әсіресе жыныстық жетілу кезінде қарқынды жүреді.
Әйелдерде бұл үдеріс жатырішілік дамудың тек төртінші айына дейін жүреді. Кейін аналық без жасушаларының едәуір бөлігі жойылады. Қалған мөлшері туғаннан бастап жыныстық жетілу басталғанша өзгеріссіз сақталады. Жыныстық жетілу сәтінен бастап әрбір 28 күн сайын қалыптасу аймағына 1 жасуша түседі де, кейін ол жұмыртқа жасушаға айналады.
Жыныс жасушалары дайын болғанда олардың қосылу үдерісі – ұрықтану жүруі мүмкін.
Оны көбінесе сперматозоидтің жұмыртқа жасушасының ішіне енуі ретінде бейнелейді. Шын мәнінде, олай емес. Жұмыртқа жасушасына сперматозоид толық емес, оның тек ядросы түседі. Жасушаның басқа бөлігі (құйрығы мен мойны, бүкіл цитоплазма) сыртында қалады да, зиготаға түспейді.
Ұрықтанған соң сперматозоидтің гаплоидты ядросы мен жұмыртқа жасушасы зиготаның бір диплоидты ядросына қосылады.
Сперматогенез бен оогенездің айырмашылығының себептері эволюциялық және физиологиялық тұрғыда түсіндіріледі. Әрбір айырмашылыққа қысқаша тоқталайық.
Мөлшері. Неліктен жұмыртқа жасушасының саны сперматозоидтермен салыстырғанда аз? Жатырішілік даму кезінде бала саны аналық ағзаның ресурсымен шектелетіні түсінікті. Сүтқоректілердің көпұрықты түрлерінде де бала саны сирек жағдайда ондаған болуы мүмкін, бірақ ешқашан жүздеген және мыңдаған болмайды. Мысалы, айбалық миллиондаған уылдырық шашуы мүмкін. Түрлі паразиттік құрттар тәулігіне 100 мыңнан 200 мыңға дейін жұмыртқа салады.
Өлшемі. Жұмыртқа жасушасының өлшемі сперматозоид өлшемінен бірнеше есе үлкен. Оның екі себебі бар. Біріншіден, жұмыртқа жасушасында ұрық үшін қоректік заттардың қажет мөлшері болуы тиіс. Ұрықжолдастыларда плацентасы қалыптасқанша ұрық жасушасы жұмыртқа жасушасының қоректік заттарымен (негізінен) қоректенеді. Екіншіден, жұмыртқа жасушасы сперматозоид ядросын қабылдауы, цитоплазма мөлшерінің ұлғаюынан мембрана тұтастығы бұзылмауы үшін жеткілікті үлкен болуы тиіс (жай сөзбен айтқанда жарылып кетпеуі үшін).
Қозғалғыштығы жасуша өлшемімен, яғни цитоплазма мөлшерімен анықталады. Сперматозоидтер кішкентай болады, сәйкесінше олардың қозғалуына жұмыртқа жасушасының қозғалуына қарағанда аз энергия жұмсалады. Басқа да себептері бар: жасуша мөлшері, ұрықтану жүретін орын және т.б.
Уақыты. Тіршіліктің әртүрлі мерзімінде гаметалардың ізашар-жасушаларының көбею уақыты – бұл көптеген приматтарда, адамда да сақталатын эволюция нәтижесі.
Партеногенез, полярлы немесе бағыттаушы денешік, сәулелі тәж.
Білу және түсіну:
1. Гаметалар мен олардың қозғалғыштығы арасындағы байланысты анықтаңдар.
2. Сперматогенездің оогенезден негізгі айырмашылықтарын атаңдар.
Қолдану:
1. Гаметогенез үдерістерін салыстырыңдар. Оогенезге – 1 немесе 2, сперматогенезге – 2 санын қойыңдар. Кестені дәптерге сызып алып толтырыңдар.
Талдау:
1. Оогенез бен сперматогенездің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын сызба түрінде бейнелеңдер.
2. Оогенез бен сперматогенездің арасында айырмашылықтардың қалыптасу себептері туралы пікірлеріңді айтыңдар.
Синтез:
1. Неліктен жоғары құрылымды ағзаларда, мысалы, омыртқалыларда партеногенез қалыпты жағдайда мүмкін емес екенін талқылаңдар.
2. Жүйелеңдер. Шынайы жағдайды бағалаңдар: «Кейбір гидроидты полиптердің жұмыртқа жасушалары амебатәрізді пішінді және сперматозоидтерді «фагоцитоздауға» қабілетті. Олар эктодерма қабатын тастамайды, полип денесінен тек жалғанаяқтарын шығарады».
Бағалау:
1. Елімізде және басқа да шет елдерде ЭКҰ-дың жетістіктері мен проблемалары туралы реферат жазыңдар.
2. Ғалымдардың мынадай пікірлерін талқылаңдар: «Жақын болашақта ағзаларда жыныс жасушаларының түзілу және ұрықтану үдерістерін еркін басқару мүмкін болуы ықтимал». «Басқарылатын гаметогенез бен ұрықтанудың» қолданылуының экономикалық және этикалық салдарын бағалаңдар.
«Көбею» бөлімі бойынша қорытынды
Жынысты көбею кезінде арнайы жыныс жасушалары – гаплоидты гаметалардың түзілуі міндетті. Жыныс жасушаларының түзілу үдерісі – гаметогенез жыныс бездерінде жүреді. 4 аймақта үдерістер ретпен жүреді: бірінші көбею аймағында – митоз, екінші өсу аймағында – интерфаза, үшінші жетілу аймағында – мейоз. Гаплоидты жасушалар түзілген соң олар төртінші қалыптасу аймағына түседі – ол жерде жұмыртқа жасушалары мен сперматозоидтерге айналады. Сперматогенез бен оогенездің негізгі 4 айырмашылығы бар: функционалдық гаметалардың мөлшері, жыныс бездері жасушаларының көбею мерзімі, қабықшаларының және қосалқы жасушаларының болуы, гаметалардың қозғалғыштығы.