Тақырыпты табысты меңгеру үшін алдыңғы параграфты қайталау керек.
Бағаналы жасушаларды қолдану болашағы. Бағаналы жасушаларды бөліп алу және өсіру әдістерін табысты жасау оларды медицинада қолдану болашағын ашты. Заманауи биотехнология және гендік инженерияның соңғы жетістіктері әлемдік ғылымда және медицинада зор табысты болжайды: бағаналы жасушаларды ауыстырып қондыру арқылы күрделі ауруларды емдейді, зақымданған мүшелерді «өсіреді».
Ағзада қатаң белгілі бір қызмет атқаратын кәдімгі жасушалардан айырмашылығы бағаналы жасушалар, кез келген жасушаға айналу мүмкіндігіне ие, яғни даму барысында маманданады. Олар – әмбебап құрылыс материалы, генетикалық тұрғыда пайдаланған кезде және сәйкес қызметтік әрі анатомиялық қоршаған ортасына байланысты ми нейрондарынан бастап, ішектің ұлпа жасушаларына дейін «(ағзаға қажет) кез келген материал өседі».
Ауру жасушаларды ауыстыру үшін ағзаға бағаналы жасушаларды жасанды жолмен енгізеді. Қазіргі кезде ғалымдар бағаналы жасушаларды арнайы өсіреді және бағыттай алады. Жасушалық медицина саласындағы жетістіктер бағаналы жасушаларды терапиялық мақсатта пайдалану келешегін шексіз етеді. Әртүрлі ауруларды емдеу үміті пайда болды. Бағаналы жасушалардың бірегейлігі және әмбебаптығы – олар ағзадағы зақымданған жерді өзі тауып барады. Жас өскен сайын ағзада бұл жасушалардың саны азая береді, олардың потенциалы да төмендейді. Дегенмен адам тірі кезде, оның жасушалары да тірі. Оларды тіпті қарт адамнан да бөліп алуға болады.
Бағаналы жасушаларды пайдалану проблемаларын шартты түрде екі санатқа бөлуге болады: 1) «бағаналы жасушаларды» пайдаланудың қауіпсіздігі бойынша нақты әрі соңғы қорытынды жоқ; 2) этикалық аспектісі, дін және бірқатар елдерде заң тұрғысынан эмбриондық бағаналы жасушаларды пайдалануға рұқсат етілмеген. Ол проблемалардың әрқайсысын жеке қарастырайық.
Ғалымдардың соңғы зерттеулері адам және кемірушілердің жіктелген жасушалары эмбриондық бағаналы жасушаларға ұқсас, плюрипотентті жасушаларға эмбриондық бағаналы жасушалар транскрипциясының факторларын кодтайтын ген трансдукциясы арқылы қайта бағдарламаланатынын анықтады. Осылай қайта бағдарламаланған жасушалар индуцирленген плюрипотентті¹ бағаналы жасушалар деп аталды. Олардың ашылуы бағаналы жасушаларды зерттеуде және қолдануда жаңа кезеңге жол ашты.
Бағаналы жасушаларды зерттеу заманауи медицинада келешегі бар бағыт болса да, ғалымдар оны толық қолдайды деп айта алмаймыз. Зерттеу барысында жыл сайын олардың жаңа қырлары ашылуда. Бағаналы жасушалармен жасалған барлық эксперимент мінсіз нәтиже берді деп те айтуға болмайды. Бірақ жануарларға жасалған тәжірибелер қатерлі ісік, буын қабынуы, бауыр, жүрек, асқазан ауруларын нәтижелі емдеуге болатынын көрсетті. Бірақ жалпы қабылданған, жаппай қолдануға болатын және 100% кепілді нәтиже беретін бірыңғай әдістеме жоқ. Бұл бөгде (эмбриондық) бағаналы жасушалардың ағзаға әсері әлі толық зерттелмегеніне негізделген. Көптеген беделді дәрігерлер мен ғалымдар емнің ешбір түрі көмектеспеген науқастарды бағаналы жасушалар көмегімен емдеу керектігін айтады. Науқастың өз ағзасынан алынған және зертхана жағдайында өсірілген, кейін ағзаға «қайтарылған» бағаналы жасушаларды қолдану едәуір қауіпсіз болып есептеледі.
Этикалық аспектісі алдымен фетальді бағаналы жасушалардың эмбриондық материалын қолдануға байланысты. Ол діни көзқарас тұрғысынан теріс қабылданады, себебі олардың көзі медициналық түсік болып табылады. Халықаралық деңгейде БҰҰ-ға мүше елдер қабылдаған бірыңғай заңды бастамалар жоқ. Сондықтан көптеген елде эмбриондық жасушаларды қолдануға моральды-этикалық немесе діни көзқарас тұрғысынан тыйым салынған.
Бұл мәселе егер бағаналы жасушаларды кіндік және ұрықжолдас (плацента) бөлігінен немесе түсіктен – «өлген эмбрионнан» алу технологиясы жасалса шешімін табуы тиіс. Осындай материалдарға әрбір сәтті босанудан кейін қалған эмбрионалдық қабық, ұрықжолдастың ұлпасы, кіндік фрагменті жатады. Бұл материалдың барлығында бағаналы жасушалар болады. Бірақ осындай үлгілерден белсенді бағаналы жасушаларды «тазарту және алу» әдістемесі әзірге жасалған жоқ. Болашақта осындай діни және моральдық-этикалық нормаға қайшы емес эмбриондық бағаналы жасушаларды қолдануға арналған зерттеу негізге алынуы мүмкін.
Индукцияланған плюрипотентті бағаналы жасушалар, фетальді бағаналы жасушалар.
Білу және түсіну:
1. Бағаналы жасушаларды медициналық практикада қолдануды зерттеу неге маңызды екенін түсіндіріңдер.
2. Бағаналы жасушаларды қолдану арқылы шешуге тырысатын медициналық проблемаларды сипаттаңдар.
Қолдану:
1. Сомалық және эмбриондық бағаналы жасушаларды қолдануды медициналық, моральдық-этикалық және діни көзқарас тұрғысынан салыстырыңдар.
2. Неліктен көптеген елдерде эмбриондық бағаналы жасушаларды қолдануға тыйым салынған?
Талдау:
1. Медициналық көзқарас тұрғысынан эмбриондық бағаналы жасушаларды қолдану абсолютті қауіпсіз болып есептелмейтінін талдаңдар.
2. Неге ересек ағзаның зақымданған жасушаларының орнына эмбриондық бағаналы жасушаларды қолдану кезінде қабылдамау реакциясы пайда болмайтыны туралы пікір айтыңдар.
Синтез:
1. Неге осы кезге дейін арнайы өсірілген өз сомалық бағаналы жасушасын жаңадан жұлған тіс ұяшығына «ауыстырып қондыру» немесе «орналастыру» технологиясы кеңінен жаппай қолданылмайтынын талқылаңдар. Бұл технологияның сынақтан өткені және жетістігі туралы 15 жыл бұрын хабарланған.
2. Мынадай жағдай моделін жасаңдар: «Жақын болашақта түсік салдары болып табылмайтын медициналық материалдың эмбриондық бағаналы жасушаларын қолдану бойынша кең ауқымды табысты зерттеулер ұйымдастырылады және жүргізіледі». Бұл мынадай: «Бағаналы жасушалар – панацея ме? немесе медициналық қателесу ме?» деген сұраққа жауап болуы мүмкін бе?
Бағалау:
1. «Эмбриондық бағаналы жасушаларды қолдану қауіпті болуы мүмкін емес» – ТЕРІСКЕ ШЫҒАРУ, «Эмбриондық бағаналы жасушаларды қолдану қауіпті болуы мүмкін» – РАСТАУ резолюциясы бойынша дебат ұйымдастырыңдар.
2. Қосымша зерттеусіз, ғылым мен технологияның қазіргі даму деңгейінде эмбриондық бағаналы жасушаларды кеңінен қолданудың ықтимал медициналық, экономикалық, моральдық-этикалық және әлеуметтік салдарын бағалаңдар.
¹ Плюрипотентті жасушалар ұрықтан тыс мүшелердің жасушаларына басқа ағзаның кез келген жасушаларына (ұрықжолдас (плацента, сарыуыз қабы сияқты) жіктеледі. Барлық жасушаларға, соның ішінде ұрықжолдас жасушаларына және т.б. жіктелуге қабілетті тотипотентті жасушаларға қарсы қойылып салыстырылады.
3. Мәтінді түсініп оқып, көшіріп жаз.
Бағаналы жасушалар деп көпжасушалы ағзалардың жасушаларына тән әлі маманданбаған, қалыптаспаған жасушаларды айтады. Адамның басқа жоғары сатыдағы жануарлардағы сияқты әртүрлі мүшелері мен ұлпалары жасушаларының құрылысы мен физиологиясының ерекшеліктері әртүрлі, себебі бұлшық ет жасушалары ми немесе шеміршек жасушаларынан айырмашылық жасайды. Бұл кезде бір ағзаның барлық жасушаларының генетикасы (хромосомалары мен олардың гендерін құрайтындар) бірдей болады. Мамандану немесе жіктелу – жасушалардың белгілі бір ұлпалар мен мүшелерге тән ерекшеліктерге ие болу үдерісі. Эмбриондық даму үдерісінде жасушалар жіктеледі және маманданады. Ғалымдар бірқатар сипаттамаларымен ерекшеленетін эмбриондық және сомалық бағаналы жасушаларды бөліп көрсетеді.
Эмбриондық бағаналы жасушалардың «иілгіштігі» жоғары, яғни ағзаның кез келген жасушаларына өзгеруге қабілетті. Олардың көбею қабілеті шектелмеген және жасушаларының мембранасында гистамин үйлесімділік антигендері болмайды, соған байланысты аллергиялық реакциялар тудырмай реципиент ағзасына «орналаса алады».
Сомалық бағаналы жасушалары кез келген адам ағзасында туғаннан бастап қайтыс болғанға дейін болады. Олар негізінен қызыл сүйек кемігінде немесе ағзаның сұйық ортасында орналасқан. Сомалық бағаналы жасушаларынсыз қантүзілу үдерісі мүлде мүмкін емес. Сондықтан сомалық бағаналы жасушаларының мөлшері жас өскен сайын төмендейді, бірақ ағзада олар ешқашан толығымен жойылып кетпейді.
Бағаналы жасушалар ағзадағы мүшелер мен ұлпалардың зақымданған жерін өздігінен анықтауға, сол жерге баруға және зақымданған, қартайған жасушаларды алмастыруға қабілетті деп есептеледі.
Ауруларды емдеу және өмір сүру мерзімін ұзарту үшін бағаналы жасушаларды пайдалану болашағын заманауи медицина және биология ғылымдары зерттеуде. Осы саладағы кейбір жетістіктерге қарамастан қазіргі кезде бағаналы жасушалар көмегімен ұлпаларды немесе мүшелерді толығымен 100% қалпына келтіретін медициналық технология жоқтың қасы.
Бағаналы жасушаларды пайдалануды жақтаушылар да, қарсыластар да бар. Мысалы, көп елдерде эмбриондық жасушаларды пайдалану этикалық тұрғыда дұрыс емес, себебі оларды алу эмбрионның өлуімен байланысты деп есептейді. Көптеген медиктер мен ғалымдар кез келген бағаналы жасушаларды пайдалану қауіпсіз еместігін айтады. Себебі әлеуетті шексіз көбею қабілеті онкологиялық ауруларға негіз болуы мүмкін.