Байқоңыр – Жер кіндігі

1-тапсырма. Ойтолғау.

  Ертеде Қорқыт бабамыз желмаясына мініп, әлемді шарлап, «Жерұйықты» іздейді. Қанша шарласа да, Жер кіндігі Байқоңырдай жер таппайды.
   Сыр өңірін мұқият зерттеген ғалымдар Байқоңырда Жердің тартылыс күші аз, себебі экваторға жақын, ғарышқа ұшуға ең қолайлы жер деп шешкен. «Экватор» латын тілінде «теңестіргіш» деген мағынаны береді. Жер ғаламшарының қақ ортасынан өтетін шартты сызық экватор сызығы деп аталады. Неліктен Қорқыт бабамыз Байқоңырды «Жер кіндігі» деп атаған?

2-тапсырма. Ақпарат жинау.

Ақпаратты-танымдық бейнебаянды көріп, зейін қойып тыңда.
• Екі бейнебаян мазмұнын біріктіретін ортақ түйін сөздерді ата.
• Алғашқы ғарышкерлер жөнінде өз ойыңды ортаға сал.

3-тапсырма. Музыка тыңдау және талдау.

Байқоңыр

Музыкасын жазған: А. Алмағанбетов

Үнтаспадан композитор А. Алмағанбетовтың халық аспаптар ансамблінің орындауындағы «Байқоңыр» музыкалық шығармасын тыңда. Композитор шығармасын тұңғыш қазақ ғарышкері Т. Әубәкіровке арнаған.
• Шығарма қандай темпте орындалған? (жай, тез, орташа)
• Шығарманың негізгі әуенін нотаға қарап орында.
• Шығарма неше бөлімнен тұрады: АВ, АВА, А? Музыкалық форма жөніндегі біліміңді пайдалан.
• Қай бөлімдерінде зымыранның ұшқаны, ғарыш кеңістігіндегі сәті, Жерге қонғаны сипатталған деп ойлайсың?

4-тапсырма. Ән орындау.

Байқоңыр

Әнін жазған: В.Г. Мигуля
Өлеңін жазған: Т. Төреәлі

1. Әлемге аты әйгілі,
Көгінде күлген Ай-Күні.
Тамсанып, таңдай қаққан бар ғалам,
Асқақтап тұрған айбыны.
Қазақтың сенсің байлығы,
Аспан мен Жер арасын жалғаған,
Бақ беріп Алла бармақтай
Ғарышкер Тоқтар, Талғаттай
Өзіңнен ұшты қазақ алыбы.
Ұлы өлкем – менің ұлы арман
Ұшырып алғаш зымыран,
Қазақстанды әлем таныды.

Қайырмасы:

Байқоңырым, елім менің еңселі,
Жүрегіммен сүйемін мен сені.
Байқоңырды – Жер кіндігі деуші еді,
Бүкіл әлем құрметтесін сені.

• Ән мәтініндегі Байқоңыр мен ғарышты сабақтастыратын сөздерді анықта.
• Бейнебаяннан көрген заманауи (эстрадалық) музыкалық аспаптарды ата.
• «Байқоңыр» әні саған қандай көңіл күй сыйлады?
• Әннің бірінші шумағы мен қайырмасын үйрен.

5-тапсырма. Зерттеу.

   Үш топқа бөлініп, қазақтың ғарышкерлері – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов жөнінде ақпарат жинап, хабарлама жасаңдар.

×
×

Корзина