Тірек сөздер:
Тақырыпқа шығу:
«Қай ел болсын өсіп-өркендеуі, әлемде өзіндік орнын алуы сол мемлекеттің біліміне, білім сапасына байланысты».
Н.Ә. Назарбаев
Автордың пікіріне қатысты өз ойларыңды білдіріңдер.
1. Мектепке дейінгі білім беруді дамытудың негізгі жетістіктері, мәселелері және келешегі. Қазақстанда білім беру саласын, соның ішінде мектепке дейінгі білім беруді жан-жақты дамыту және қолдау міндеті алға қойылған. Зияткер, білімді, көзі ашық және жоғары мәдениетті халықтың ғана болашағы табысты болмақ. Балабақшадағы тәрбие – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Мектепке дейінгі тәрбие мен үздіксіз оқыту білім беру жүйесінің алғашқы деңгейі ретінде бала тұлғасының қалыптасуы мен дамуы үшін жағдай жасайды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мектепке дейінгі білім беру мекемелері саны азайды. Бала туу көрсеткіші төмендеді. Мектепке дейінгі ұйымдар жекешелендірілді. 1999 жылы мектепке дейінгі ұйымдар саны 80%-ға қысқарды. 1991 жылы 8,74 мың мекеме болса, 1999 жылы 1,15 мыңға дейін азайды. Кейінгі жылдары мектепке дейінгі тәрбиелеу желісі қалпына келе бастады.
Ізден
Қосымша деректерден көрші мемлекеттердің мектепке дейінгі білім беру жүйесімен танысыңдар.
2010 жылы барлық мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету үшін «Балапан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында алғашқы жылы 4 мыңға жуық балабақша және шағын орталықтар өз жұмысын бастады. Мемлекет басшылығы 2025 жылға қарай 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100% қамтамасыз етуді тапсырды.
2. Жалпы орта білім беретін мектептердің жағдайы. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан орта білім беру бойынша әлемде жетекші орынға шықты. Жалпы білім беретін мектептерде оқулықпен қамтамасыз ету және компьютерлендіру мәселелері шешілді. 1998 жылы «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы құрылды. Орталық дарынды балаларды анықтауда және қолдау көрсетуде маңызды рөл атқарады. Қазақстан бойынша жекеменшік мектептерде ашыла бастады.
Білім және ғылым министрлігі елімізде 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуді қолға алды. Көптілді білім беру бағдарламалары іске қосылуда. Білімнің жаңартылған мазмұнының стандарттары енгізілді. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» (НЗМ) жобасы жүзеге асырыла бастады. НЗМ-де білім беру халықаралық бағдарлама бойынша жүргізіледі. Олармен бәсекеге түсе алатын қазақ-түрік лицейлері (ҚТЛ) де жұмыс істеді. 2016 жылдан бастап ҚТЛ атауы «Білім инновация лицейі» деп өзгертілді.
2003–2004 оқу жылы мектеп бітірушілер үшін Ұлттық бірыңғай тест тапсыру енгізілді. Бұл еліміздің жастары үшін жоғары білімнің қолжетімділігіндегі ашықтықты қамтамасыз етудің бастамасы болды. 2018 жылға дейін мектеп түлектеріне ҰБТ мектеп аттестатын алуға және жоғары оқу орнына түсуге жарайтын. Бүгінгі күні ҰБТ тапсыру ережесіне біршама өзгерістер енгізіліп, жаңа форматта өтетін болды.
1980 жылдары қазақ тілінде оқытатын мектептер саны азайса, тәуелсіздік жылдары оқушылардың төрттен үш бөлігі мемлекеттік тілде білім алады. 2025 жылға қарай үш ауысымда оқытатын мектептер жойылып, ауылдық жерлерді интернаттармен толық қамтамасыз ету жүзеге асырылады.
Ойлан
Білім беру жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкестендіру қаншалықты маңызды?
3. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» (НЗМ). ХХІ ғасырдың басында Қазақстанның жедел әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жоғары техникалық және басқару құзыреттілігі бар кәсіби мамандар дайындау қажеттілігін туғызды. Республикада балалардың қабілеттерін анықтау мен дамытуға мүмкіндіктер жасау үшін мамандандырылған білім беру ұйымдарының желісін кеңейту жүзеге асырылады. 2008 жылы дарынды балаларға арналған «Зияткерлік мектептер» жобасы іске қосылды. 2011 жылы қаңтарда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» туралы ҚР заңы қабылданды.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің негізгі міндеті – орта білім берудің қазақстандық озық дәстүрлері мен халықаралық үздік тәжірибелерді есепке ала отырып, көптілдік жүйені енгізу арқылы ұлттың зияткерлік әлеуетін дамытуға ықпал ету. Білім беруде ағылшын тіліне баса назар аударылады.
Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі (Алматы қаласы)
Оқуға түсу үшін үміткерлер арнайы тест тапсырып, «Өркен» білім беру грантына ие болады. Мектептің екі негізгі бағыты бар – физика-математикалық және химия-биологиялық. 10 және 12-сынып оқушылары Кембридж стандарттарына негізделген халықаралық емтихан тапсырады. Қорытынды аттестациядан табысты өткен оқушылар 12-сыныпты бітіргеннен кейін жалпы орта білім туралы аттестат, ҰБТ, IELTS, TOEFL, SAT I, SAT II сертификаттарын және оқушылардың таңдауы бойынша басқа да сертификаттар алады.
Ойлан
Үш тілді білім беру жүйесінің артықшылықтары қандай?
Мектептің негізгі ерекшелігі болып үш тілде сабақ беру мен сабақтан тыс қызметті өздігінен жүргізу болып табылады. Үш тілде оқу барысында оқушылар икемділік, сыни және шығармашылық ойлау дағдыларын дамытады.
Үш тілді оқыту моделін қалыптастыру үшін мынадай жағдайлар жасалған: ағылшын тілді орта құру үшін шет елдің жоғары білікті мұғалімдері тартылған; оқулықтары мен білім беру ресурстары әзірленген; үш тілді қолданып, сабақтан тыс іс-шаралар өткізу үшін мүмкіндіктер жасалған; әлем тілдеріндегі оқулықтармен жабдықталған заманауи кітапханалары бар; оқушылар үшін мектеп асханаларында сапалы әрі тегін тамақтану ұйымдастырылған. Зияткерлік мектептерге әлемнің үздік оқытушылары шақырылған. Мықты инфрақұрылымы қалыптасқан. Зияткерлік мектептерге конкурстық іріктеу қорытындылары бойынша қабілетті балалар қабылданады.
Қазақстанның барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызға ие қалаларда Зияткерлік мектептер желісі жұмыс істейді. Мектеп түлектерінің Назарбаев университетіне, үздік қазақстандық және беделді шетелдік жоғары оқу орындарына оқуға түсуге мүмкіндіктері бар.
4. Орта кәсіптік білімді жетілдіру. Соңғы жылдары бірнеше әлемдік экономикалық дағдарыстардың тәжірибесі көрсеткендей, шикізатқа негізделген экономика өте осал және әлемдік бағаға тәуелді болуда. Сондықтан экономиканың даму болашағы техникалық және кәсіптік мамандар даярлауды талап етеді.
Мұның бәрі Қазақстанда кәсіптік білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілердің серіктестік ретінде бірлесіп оқытуға бағытталған дуальды оқыту жүйесін енгізуге әкелді. Оның ерекшелігі – кәсіптік оқыту үдерісінің 80%-ы базалық кәсіпорында өтеді. Қазіргі таңда 350 колледжде дуальді оқыту жүйесі енгізіліп келеді. 2015 жылы Германия, Канада, Австралия, Сингапурмен және басқа елдермен бірлесіп оқу орталықтарын ашу арқылы ТжКБ жүйесін жетілдіру міндеті қойылды. 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы жүзеге асырылып келеді.
Ойлан
Өзің тұратын өлкеде қандай техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелер бар?
5. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіне де әсер етті. Қазақстандағы жоғары оқу орындары елеулі құрылымдық өзгерістерге ұшырады.
ЖОО-да ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысатын мамандар шетелге кете бастады. Оқулықтар әсіресе қазақ тіліндегі оқу құралдары жетіспеді. Профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысы төмендеді. Жекеменшік жоғары оқу орындарының құрылуы мәселені шешкен жоқ.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарға қарамастан, жалпы жоғары мектептің даму стратегиясы тиімді түрде іске асырылып келеді. ЖОО-да білім беру бағдарламалары, оқу жоспарлар және оқыту технологиясы әлемдік стандарттарға сәйкестендірілген. Білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығы артып келеді.
Заманауи ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы қашықтықтан оқыту түрі кең тарады. Қазақстан Республикасының білім беру саласында «Білім туралы», «Ғылым туралы», сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар, атап айтқанда, «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Интеллектуалды ұлт–2020» қазақстандық жобасы қабылданды.
2010 жылы Қазақстан Болон декларациясына қосылып, отандық білім беруді халықаралық стандарттарға жақындатуға мүмкіндік алды.
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Біздің көз алдымызда Елордамыз Орталық Азияның ғана емес, бүкіл ТМД-ның ең ірі ғылыми, білім беру орталығына айналды.1996 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрылды.
1991 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (ХҚТУ) ашылды. Бұл оқу орны түркі халықтары және мемлекеттермен қарым-қатынастарды дамытуға ерекше назар аударатын университет болып табылады. Түркістан қаласы ежелгі кезден стратегиялық маңызды қалалардың бірі, Қазақ хандығының астанасы саналған. ХҚТУ – халықаралық және тәуелсіз мәртебесі бар Қазақстан және Түркия Республикаларының ортақ мемлекеттік университеті.
2001 жылы Қазақ-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) ашылды. Университет халықаралық ғылыми деңгейдегі ғылыми-техникалық мамандар дайындайтын республиканың жетекші жоғары оқу орындарының бірі. 2010 жылы ҚБТУ еліміздің үздік техникалық жоғары оқу орны болып танылды.
Әскери оқу орындарының желісі құрылды: Ұлттық Қорғаныс университеті, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты. Жоғары оқу орындарында әскери кафедралар ашылып, Қорғаныс министрлігінің жанынан кадет корпусы құрылды.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Қазақстанда түркі әлемінің ортақ мәдени құндылықтарын зерделеу және түркітілдес мемлекеттер арасындағы ғылыми-гуманитарлық интеграцияны дамыту басты бағыты болып табылатын Халықаралық Түркі Академиясы ашылды. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанынан жоғары оқу орындарының желісі құрылды. Олардың барлығы ұлттың интеллектуалды әлеуетін нығайту мен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
2005 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауы енгізілді. Атақ иегері берілген грантты ғылыми зерттеулер жүргізуге, шетелде тағылымдамадан өтуді қоса алғанда, біліктілігін арттыруға жұмсайды. Жыл сайын жоғары оқу орындарының үздік оқытушы атағына ие болған жеңімпаздарға 200 грант бөлінеді. Қазір Қазақстанда жүзден астам жоғары оқу орны жұмыс істейді.
Есіңе түсір
Кеңестік кезеңде Қазақстанда ашылған қандай жоғары оқу орындарын білесіңдер?
6. Президенттік «Болашақ» бағдарламасы. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы қаулысы бекітілді. Посткеңестік елдер тарихында алғаш рет дарынды жастар толықтай мемлекет есебінен шетелде сапалы білім алуына мүмкіндіктер жасалды. Бағдарлама түлектері жұмысқа конкурстан тыс қабылданады.
ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес, «Болашақ» халықаралық стипендиясы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен азаматтардың шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқуы немесе шетелдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссиямен белгіленетін қызметкерлердің шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өтуі үшін Қазақстан Республикасы Президенті тағайындайтын стипендия.
2014 жылы Майамида (АҚШ) «Болашақ» бағдарламасы ең үздік стипендиаттық бағдарлама деп танылды. 2020 жылға дейін «Болашақ» бойынша 14 мың жастар білім алып шықты. «Болашақ» халықаралық стипендиясы мансаптық табысты өсудің, түлектердің кәсіби мамандануының өзіндік кепіліне айналды. Бағдарлама түлектері бүгінде мемлекеттік қызметте, компанияларда, жекеменшік секторда, халықаралық және мемлекеттік емес ұйымдарда табысты жұмыс істейді. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы құрылды. Стипендиаттарға елге келгеннен кейін бес жыл жұмыс істеу міндетін бекіткен шарттық база әзірленді.
Ойлан
Болашақ халықаралық бағдарламасының қандай артықшылықтары бар?
2011 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы шетелдерге «бакалавриат» бойынша студенттер жіберуді тоқтатты, оқыту магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша ғана жүргізіледі. Кадрларды даярлайтын бағдарламаға мақсатты іріктеу әдісі енгізілді. Жұмыс берушілердің нақты тапсырыстары бойынша мамандар даярлауды және жұмыс беруші, стипендиат, әкімгер («Халықаралық бағдарламалар орталығы») үшжақты шарт жасауды көздейтін бағдарламалық-мақсатты тетік енгізілді.
2012 жылы ғылыми, педагогикалық, медициналық, инженер-техникалық мамандарды 1 айдан 12 айға дейін шетелде тағылымдамадан өтуге жіберу үшін бағдарламалар дайындалды.
2014–2015 жылдары шет тілі және қазақ тілдерін білу талабы күшейтілді. Ағылшын тілін Қазақстанда оқытуды көздейтін «6+6» тілдік даярлаудың жаңа моделі іске қосылды. «Болашақ» стипендиаттарының біразы ағылшын тілінде білім алады. Себебі ағылшын тілі арқылы әлемнің көптеген елдерімен тікелей қарым-қатынас орнатуға, озық ілім-білімді, жаңа технологияларды игеруге болады. Болашақ стипендиаттары елден тыс жерде оқып, республиканың оң имиджін қалыптастыруға айтарлықтай ықпалын тигізуде. Бұл жоба қоғамның ұлттық, зияткерлік зиялыларын қалыптастырды.
7. «Назарбаев университеті». ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығында Қазақстан халықаралық деңгейдегі жетекші еуропалық және америкалық үлгіде жоғары оқу орнын құруға бағыт алды. Осы мақсатпен «Назарбаев университеті» құрылды. Елбасы бастамасымен 2010 жылы негізі қаланған Назарбаев университеті әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуды көздейтін мемлекеттік оқу орны болып табылады. 2010 жылдың қыркүйек айында университет Foundation дайындық бағдарламасы бойынша алғашқы студенттерін қабылдады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев университеттің ашылу салтанатында: «Жаңа университет – елімізде жоғары білім берудің флагманы», – деп атап өтті.
Қазіргі таңда жоғары оқу орны дербес білім беру стандарттары бойынша жұмыс жасайды. Университет мәртебесі жөнінен автономиялық және академиялық еркіндік қағидалары аясында жұмыс атқаратын халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орны саналады.
Зерттеу жүргіз
Көрші мемлекеттерде осындай халықаралық оқу бағдарламалары бар ма?
Университеттің барлық академиялық және ғылыми-зерттеу бағдарламалары әлемнің ең үздік 30 жоғары оқу орындарының жетекші университеттерімен әлемдік стандарттарға сәйкес оқытылады. Профессор-оқытушылар құрамы және ғылыми-зерттеу қызметкерлері әлемнің түпкір-түпкірінен жиналған. Тәжірибелі шетелдік профессорлар мен шетел тілін жетік меңгерген, шетелде тәжірибеден өткен отандық ғалымдар дәріс береді. Дәрістер ағылшын тілінде жүргізіледі. Білімгерлердің жалпы саны 3 мыңға жуық. Жыл сайын 500 жас грант иегері атанып, оқуға түседі. Ақылы оқу түрі де бар. Студенттер мен магистранттардың басым бөлігі тегін немесе демеушілік гранттар негізінде білім алады. Білімгерлер жоғары стипендия алуға қол жеткізіп, заманауи жабдықталған жатақханаларда тұрады. Оқуға түсушілердің басым бөлігі – Назарбаев Зияткерлік мектептердің түлектері және республикамыздың басқа мектептерінің дарынды жастары.
Назарбаев университеті, Нұр-Сұлтан қаласы
Сұранысқа ие мамандықтар қатарында әсіресе «компьютерлік технология», «инженерлік механика», «робототехника және мехатроника», «білім беру менеджменті», «биологиялық ғылымдар», «электротехника және электроника», «құрылыс инженериясы» ерекше орын алады.
Назарбаев университетінде үш орталық: Энергетикалық зерттеулер, Өмір туралы ғылымдар, Білім беру саясаты орталықтары басым бағыт ретінде жұмыс істейді.
2013 жылы Назарбаев университеті магистратура мен докторантураға қабылдай бастады. Университетте мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру, шағын және орта бизнес басшылығы үшін тренингтер, сондай-ақ отандық жоғары оқу орындарының ректорлары біліктілігін арттыру бойынша бірқатар қысқа мерзімді бағдарламалар іске қосылған.
Жоғары қамқоршылық кеңесі – университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жоғары басқарушы органы болып табылады. ҚР Үкіметінің Премьер-министрі – Қамқоршылық кеңес төрағасы.
2015 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен университет студенттерінің алғашқы оқу бітіру рәсімі өтті. Сол жылы 446 түлек диплом алды. Түлектердің біраз бөлігі – Массачусетс технологиялар институты, Стэнфорд, Колумбия, Принстон, Калифорния, Пенсильвания университеттері сияқты беделді әлемдік жоғары оқу орындарында және Назарбаев университетінде оқуларын жалғастырды.
Ойлан
Болашақта Назарбаев университетіне түсу үшін досыңа қандай кеңес берер едің?
Қазіргі кезде университет түлектері білім беру, қаржы және консалтинг, құрылыс пен өнеркәсіп салаларында жұмыс істейді, сондай-ақ түлектердің бірқатары шетелдік ірі компаниялардың қазақстандық бөлімшелерінде қызмет етеді. Университет түлектері арасында өз кәсібін ашқандар да бар.
8. Отандық ғылымның жағдайы. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін отандық ғылым саласында бірқатар мәселелер пайда болды. 2003 жылы Ұлттық Ғылым академиясы мемлекеттік мәртебесін жоғалтып, іс жүзінде қоғамдық ұйымға айналды. Бірқатар ғылыми-зерттеу институттарының штаттарында қызметкерлер саны азайды.
Ғылымды қаржыландыру ЖІӨ-нің 0,12%-ын құрайды (2018 жыл – авт.), ал дамыған елдерде ғылымға бөлген қаржы үлесі ЖІӨ-нің 5%-на жетеді. Бұл жағдай ғылыми зерттеулер саны мен сапасының айтарлықтай төмендеуіне әкелді.
Бүгінгі күні елімізде аталған олқылықтарды жойып, ғылымды одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Анықта
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ғылымда орын алған қиыншылықтарды анықтаңдар.
2019 жылдан жас ғалымдарға арналған арнайы ғылыми жобалар ұйымдастырыла бастады. 2020 жылдан ғылыми жобаларбайқаулары өткізіліп, отандық ғылым саласына шетелдік зерттеушілер тартылуда. Салалық мекемелердің қолдауымен ғылыми қызметкерлердің тұрғын үй мәселесі шешіле бастады.
«Ғылым туралы Заң» және «2020–2025 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Еліміздің ғалымдары әлемнің жетекші журналдарына мақалалар жариялай бастады. ЖОО және академиялық ғылыми-зерттеу институттарының арасында ғылыми байланыс күшейді. Ғалымдарға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту үшін мемлекет тарапынан арнайы гранттар тағайындалуда. Ғылыми-зерттеу институттарының инфрақұрылымын жаңарту, отандық ғылымды дамыту үшін бөлінетін қаржы көлемі жылдан-жылға артып келеді.
1. Ғылым мен білімге қатысты мақсат-міндеттерді анықтаңдар.
2. ҚР Білім және ғылым жүйесінің даму бағыттарын көрсетіңдер.
3. Қазіргі таңда ҚР білім беру жүйесінде қандай мәселелер бар? Оның шешу жолдарына өз пікірлеріңді білдіріңдер.
4. «Қазіргі таңда біз жастарды қажетті мамандықтарға дайындауымыз керек» деген пікірді қалай түсінесіңдер?
5. Отандық ғылым мәселесін шешудің қандай жолдарын ұсынар едіңдер?
Дуальды оқыту жүйесі – теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік беретін оқыту бағдарламасы.
Стипендиат – стипендия иегері.
Шығармашылық тапсырмалар.
1-тапсырма. Қазақстандық білім беру жүйесіне SWOT талдау жасаңдар.
2-тапсырма. 3 топқа бөлініп, кестені толтырыңдар.
3-тапсырма. Қосымша деректерді пайдаланып, ТМД елдерінде халықаралық білім беру бағдарламалары бар, жоғын анықтаңдар.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі
ҮШІНШІ БАСТАМА: «ЖОҒАРЫ БІЛІМ АЛУДЫҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ МЕН САПАСЫН АРТТЫРЫП, СТУДЕНТ ЖАСТАРДЫҢ ЖАТАҚХАНАДАҒЫ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУ»
Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр, олардың 30 пайызға жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда.
Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін төмендегідей шараларды ұсынамын.
Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018–2019 оқу жылына тағы 20 мың грант бөлу керек.
Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады.
Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді.
Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр.
Бұл да жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі.
Сонымен бірге техникалық және ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне көтеру керек.
Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді, бұл – жалпы әлемдік тренд.
Сонымен бірге стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет.
Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті.
Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек.
Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді.
2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын.
Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді.
1. Елбасы білім сапасын арттыру үшін қандай міндеттер қойды?
2. Студенттерді жатақханамен қамтуды қалай шешу көзделген?