Мен ғарышкер боламын

1-тапсырма. Ойтолғау. Музыка тыңдау.

   20 ғасырдағы үлкен жаңалықтардың бірі – адамның Айға ұшуы. Бұл оқиға әлем музыканттарының шығармашылығында да үлкен серпіліс тудырды. Ғарыш тақырыбына арналған түрлі жанрдағы өнер туындылары дүниеге келді. Соның бірі – америкалық композитор Ч. Айвздың «Космический пейзаж» («Ғарыштық пейзаж») атты оркестрлік пьесасы. Кейін бұл шығарманың атауы «Жауапсыз қалған сұрақ» болып өзгерді.

Космический пейзаж («Ғарыштық пейзаж»)

Музыкасын жазған: Ч. Айвз

Симфониялық оркестрдің орындауындағы «Ғарыштық пейзаж» шығармасынан үзінді тыңда. Музыка саған түсінікті болу үшін өзімізді бір сәтке ғарышкер сияқты сезінейік.

   «Төрт ғарышкер белгісіз бір ғаламшарға ұшып барады. Ғарышкерлер әсем, ғажайып және өте құпия ғаламшарға таңдана қарайды. Бір кезде сол ғаламшардың тұрғындары «Қайдансыңдар? Кімсіңдер? Қандай оймен келдіңдер?» дегендей дыбыс түрінде сұрақтар береді. Ғарышкерлер естіген дыбысқа әр тілде жауап беруге тырысқанымен, оны ғарыш тұрғындары түсінбейді. Осылайша, 7 рет қойылған сұрақ жауапсыз қалады».

• Симфониялық оркестрді тыңдап, ғарыш әлемін, ғарышқа ұшқан төрт ғарышкерді және белгісіз ғаламшардың тұрғындарын музыка арқылы елестет.
• Бүкіл симфониялық оркестр әуені – таңғажайып, құпия ғаламшар. Ғарышқа ұшқан төрт зерттеуші және 7 рет дыбыстық сұрақ беретін ғарыш тұрғындарының әуенін сипатта, аспаптарын анықта.

2-тапсырма. Ән үйрену және орындау.

Мен ғарышкер боламын

Өлеңін жазған: С. Қамшыгер
Әнін жазған: Ө. Алтаев

Байқоңырдың даласы,
Кең көкжиек арасы.
Мен – қазақтың киелі,
Арда туған баласы.
Биіктерден қараймын,
Жұлдыздарды санаймын.
Ғарыш, әлем көкжиегі –
Арманы ғой талайдың.

Қайырмасы:
Жер-жаһанды шоламын,
Алыстарға барамын.
Ғаламат ғаламды танитын,
Мен ғарышкер боламын.
Таудай батыр боламын,
Таусылмайтын талабы.
Тоқтар мен Талғат ағамдай
Мен ғарышкер боламын.

Көңіл толғап алысқа,
Тырысамын намысқа.
Ел арманын арқалап,
Ұшамын мен ғарышқа.
Ғылым, білім – жолдасым,
Басқа бақыт орнасын.
Мен ғарышкер боламын.

• «Мен ғарышкер боламын» әніне түсірілген бейнебаянды көріп, әңгімелеп бер.
• Ән мәтініне қарап, ғарышкер болатын баланың өзіне қоятын талаптарын ата.
• Ән сүйемеліндегі ғарыштық дыбыстарды қандай аспап арқылы көрсеткен? (домбыра, фортепиано, гитара, синтезатор).
• Әнді үйрен, көркем орында.

3-тапсырма. Шығармашылық жұмыс.

   Екі топқа бөлініңдер.

1-топ: «Мен ғарышкер боламын» әнін орындай отырып,
әннің бірінші шумағы мен қайырмасын мәтінінің мазмұнына
қарай қол қимылдарымен көрсетеді.

2-топ: Екінші шумағы мен қайырмасын әндете отырып,
мәтінінің мазмұнын қол қимылы арқылы көрсетеді.

Ескерту: Әр топ шапалақты бір ырғақпен шашыратпай соғулары керек. Ойластырылған композициясына қарай
ғарыштық дыбыстарды дауысымен құбылтып орындауына болады.

4-тапсырма. Бағалау.

Әр топ өз композициясын таныстырады және бағалайды.

×
×

Корзина