Жыртқыш және өсімдікқоректі жануарлар

- жыртқыш және өсімдікқоректі жануарларды ажырата аласың.

Қайталау сұрақтарына жауап бер және тапсырмаларды орында

1. Қандай өсімдік зиянкестерін білесің?
2. Толық түрленіп және шала түрленіп дамитын бунақденелілердің тіршілік ету циклін сипатта.
3. Бунақденелілердің арасында өзі сияқты түрмен қоректенетін өкілдері бар ма?
4. Жұмбақтарды шеш.
  а) Үсті толы ине,
      Бірақ та іс тігіп,
      Қадамайды түйме.
  ә) Айбарлы сұсы бар,
      Қанжардай тісі бар.
      Тұла бойында
      Тасыған күші бар,
      Күжірейген жалды,
      Білсең айт бұл аңды.
  б) Жапырақ жоқ бұтасында,
      Қос емен өсіп тұр бір басында.
  в) Қырда жүрер ол жортып,
      Іні де жоқ бармайтын.
      Құйрығымен бұлтартып,
      Қандай аң ол алдайтын?
Бұл жануарлар туралы сен не білесің?

Нұрәлі зерттеу жүргізуді ұсынады.

Зерттеңдер

  Мақсаты: жануарлардың немен қоректенетініне қарай қандай топтарға бөлінетінін анықтау.
  Болжам жасаңдар
  Болжамдарыңды мына сөздерден бастаңдар: «Барлық жануарлар қоректенеді, алайда олардың азықтары …».
  Өз болжамдарыңды тексеріңдер
  1. Жануарларды өздерінің тіршілік ету ортасымен сәйкестендір.
  2. Бір-біріңе осы жануарлардың қалай тіршілік ететіндері туралы айтып беріңдер. Олар немен қоректенеді?
  3. Осы жануарлар туралы алған білімдеріңді жинақтап, болжам жасаңдар.
  Қорытынды жасаңдар
  Болжамдарың расталды ма?

Білу үшін оқы
«Инсерт» әдісін қолдан.

  Жануарлардың тірі ағза екенін сен білесің.
  Жануарлар қоректену тәсіліне қарай бірнеше топқа бөлінеді:
    өсімдікқоректілер;
    жыртқыштар (етқоректілер);
    талғаусыз қоректенетіндер (қорек талғамайтындар).
  Өсімдікқоректі жануарлар – бұлар өсімдіктен алынған азықпен: жеміс, көгөніс, жапырақ, өсімдік өркенімен, тамырмен қоректенеді. Бұл топқа жануарлардың көптеген түрі: кеміргіштер, тұяқтылар, кейбір бауырымен жорғалаушылар, құстардың алуан түрі жатады.

  Адамдар көптеген өсімдікқоректі жануарларды қолға үйретті. Олар: сиыр, қой, жылқы, қоян. Бұл жануарлар негізінен шөптесін өсімдіктермен қоректенеді.

  Өсімдікқоректілерге көптеген сүтқоректі жануарлар жатады, мысалы: піл, бұғы, елік, бизон, горилла, буйвол, ақбөкен, қарақұйрық және т.б.
  Құстардың кейбір түрлері де өсімдікқоректі.

  Олар өсімдіктердің – тұқымдарымен (дәндерімен), жемістерімен және шөппен, қылқанжапырақтармен, ағаш бүршіктерімен қоректенеді. Бұл құстар – жабайы қаздар, құрлар, шілдер, ұзақтар, суықторғайлар және тағы басқалар.
  Кейбір бауырымен жорғалаушылар, атап айтқанда, игуандар және құрлық тасбақалары да шөп жейді.
  Өсімдікқоректі жануарлардың асқазандарының құрылысы ерекше болады. Себебі шөпті қорыту қиынырақ.
  Бұл жануарлар бір-бірінен көлемі, мөлшері, түсі мен қозғалу жылдамдығына байланысты ерекшеленеді. Олардың бұлшық етті аяқтары ұзын болады.
  Өсімдікқоректі жануарлар Жер шарына кеңінен таралған.
  Жыртқыштар (етқоректілер). Бұл жыртқыштар басқа жануарлардың етін жейді. Жануарлар әлемінің барлық тобында жыртқыштар бар. Ең ірі жыртқыштар – акула мен касаткалар суда өмір сүреді.

  Құрлықта өмір сүретіндердің арасында арыстан, жолбарыс, гепард, қасқыр, түлкі және тағы басқа жыртқыштар бар.
  Барлық жыртқыштар бір-біріне ұқсамайды, алайда олардың бәрінің азу тістері үлкен және өткір. Бұл белгі жыртқыштардың бәріне ортақ.
  Жыртқыштар барлық жан-жануарларда: сүтқоректілерде, құстарда, жәндіктерде, балықтарда, қосмекенділерде, бауырымен жорғалаушыларда кездеседі.

  Талғаусыз қоректенетін жануарлар. Әртүрлі қорекпен, өсімдікті әрі жануартекті қорекпен қоректенетін жануарлар да бар. Оларды талғаусыз қоректенетіндер деп атайды. Мұндай жануарларға, мысалы, түйеқұс, тарақан, егеуқұйрық, шошқа, аю, шимпанзе, тиін жатады. Олардың асқорыту жүйесі шөпті де, етті де қорыта алады.
  Олар барлық топта кездеседі: сұр тырна, алып кесіртке, кірпі, тұқыбалық, құмырсқа т.б.

Сызбаны толтыр.

Сабақты қорытындылау

1. Қоректенулеріне қарай жануарларды неліктен бірнеше топқа бөледі деп ойлайсың?
2. Талғаусыз қоректенетін жануарлар немен қоректенеді?
3. Жыртқыштар мен өсімдікқоректі жануарлардың арасында қандай негізгі айырмашылығы бар?

×
×

Корзина