Теміртау – көшбасшылар ұстаханасы
1960 жылдың 3 шілдесі Қазақстан Магниткасының туған күні деп есептеледі. Дәл осы күні №1 домна пешінің науасынан тұңғыш қазақстандық шойын селі тасқындап, Теміртаудың жаңа тарихының беттері жазылды. Айтулы оқиғаға байланысты өткен салтанатқа Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев қатысып, теміртаулықтарды тамаша еңбек табысымен құттықтады. Алғашқы шойын алу вахтасына жас металлург, болашақ Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев та тұрды. Ол №1 домна пешінің шойыншысы еді. 1958 жылы Днепродзержинск қаласындағы техникалық училищеде өзімен бірге барған 70 шақты қазақ жастарымен бірге Днепр металлургия зауытында тағылымдамадан өткен. Басына киіз қалпақ киіп, күлімдеп тұрған және бір топ домнашылармен түскен тарихи суреттер Н.Ә. Назарбаев домна цехының горновойы болып жүргенде түсірілген. Еңбек жолын қарапайым металлургтен бастаған Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Магниткасының от-жалынды цехтарында құрыштай шыңдалды, өндірістік және қайраткерлік жолдан өтті. «Теміртау мен үшін – алтын бесік. Магнитканың тарихы, Теміртаудың тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырыммен ажыратылмас. Егер менің өмірімде Магнитка мен Теміртау болмаса, мен ешқашан Президент болмас едім», – деп жазды ол кейін ағынан жарыла.
1945 жылы қазанда Самарқан поселкесі Теміртау деп қайыра аталып, қала мәртебесіне ие болды. Теміртау атауының қалай пайда болғаны туралы белгілі қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың естелігінде айтылады. Ол 1945 жылы КСРО Ауыр өнеркәсіп министрі Тевосянға барғанда, ол болашақ қалаға ат қою қажет екенін айтады. «Ол менен «металл» деген сөздің қазақшасы қалай екенін сұрады. Мен «темір» деп жауап бердім. Тевосян «темір» деген сөзді өзінше бір-екі рет қайталап алды да: «Міне, жаңа қаланың аты осылайша жаңалық білдіргені жөн», – деп қуанып кетті. Оның ойынша, қаланың аты Темір болуға тиіс. Бірақ маған темір болғанда жай темір емес, бүкіл қазақтың бақыты, молшылықтың, игіліктің тау-тау темірлері деген ой келіп қалды. Сөйттім де, «Теміртау» деп атайық», – деген ұсыныс жасадым және де «тау» деген сөздің символдық мәнін түсіндірдім. Тевосян қуанып кетті. Сөйтіп, Теміртаудың темірі Тевосяндікі де, тауы менікі болғанына осы уақытқа дейін қуанамын…» («Тұғыры биік Теміртау» кітабынан). Алматыға келгеннен кейін осы ұсыныс бекіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 1 қазандағы Жарлығымен Самарқан поселкесіне қала мәртебесі беріліп, Теміртау деп аталды. Сөйтіп, Жауыртау жайлауы тау-тау темір өндіретін Теміртауға айналды.
Халқымыз жаңа металлургия алыбын Қазақстан Магниткасы деп атады. Бұл атау халыққа ұнады. Өйткені сонау аш-жалаңаш, ашаршылық жылдары мыңдаған қазақтар Орал Магниткасының құрылысында болып, нәпақасын сондағы жұмыстан тауып, аман қалған еді. Болашақ металлургия өндірісіне тұрғылықты халық – қазақтар арасынан маман кадрлар даярлау қажет болды. Қарағанды тау-кен институты кеңейтіліп, политехникалық институтқа айналды. Оның жанынан металлургия факультеті ашылып, ол кейін Теміртау зауыт-жоғары техникалық оқу орны ретінде енші алып, бөлініп шықты. Мәскеудің іргелі оқу орындарын бітірген білікті мамандар Асқар Қонаев (Қазақ металлургия зауытының смена бастығы, кейін академик), Едіге Түркебаев (Қарағанды металлургия зауытының 60-жылдарғы бас инженері, кейін белгілі экономист- ғалым), Махмуд Ақбиев (еңбек жолын ескі зауытта бастап, Қарметкомбинаттың 80-жылдарғы бас директоры болған) және т.б. Қазақстан қара металлургиясын дамытуға үлес қосқандардың алдыңғы қатарында болды.
Соғыстан кейінгі жылдары да Самарқан жасанды суқоймасының жағасында толық циклді зауыт салу идеясы жалғасын тапты. 1948 жылдың қазан айының өзінде болашақ өндіріс алыбының құрылыс алаңы таңдап алынды. Оны анықтауға академик Қ.Сәтбаев бастаған ғалымдар қатысты. 1957 жылдың 3 желтоқсанында Қарағанды металлургия зауыты тұңғыш домна пешінің іргетасын орнату салтанаты болып өтті. Комсомол съезі жаңа зауытты Бүкілодақтық екпінді құрылыс деп жариялады. Теміртауға арман қуған мыңдаған жастар ағылды. Егер 1957 жылы 9 мың адам жұмыс істесе, 1958 жылы олардың саны 17 мыңнан асты, солардың 70 пайызы жастар еді. Жүрек қалауымен алып құрылысқа келген жастар арасында болашақ Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та болды.
(inform.kz)