Жүйке жүйесі және оның адам ағзасында атқаратын рөлі

- жүйке жүйесі туралы және оның ағзадағы рөлін анықтайтын боласың.

Қайталау сұрақтарына жауап бер және тапсырманы орында

1. Адамның бөліп шығару жүйесіне жататын мүшелерді ата.
2. Бөліп шығару жүйесі адам ағзасында қандай қызмет атқарады?
3. Ағзаның барлық іс-әрекетіне қандай мүше жауап береді деп ойлайсың?
4. «Жүйке» сөзіне синквейн құра.

Олжас жұптық жұмыс ұсынады.

  1. Парталасыңның көзін орамалмен ештеңе көрмейтіндей етіп байла. Ол ұсынылған тағамның иісі арқылы не екенін тапсын.
  2. Дорбаны ашып, ішінен кез келген тағамның бір бөлігін майлықпен ал.
  Оны парталасыңның мұрнына тақа.
  Ол тағамды тани алды ма?
  Қалай ойлайсың, неліктен? Өйткені ол оны көрген жоқ.
  Қорытынды жаса.

Білу үшін оқы

Біздің денемізді жүйке жүйесі басқарады.

Ең ұзын жүйке
Шонданай жүйкесі – құйымшақ торабының ең ірі және ең ұзын жүйкесі. Ол жұлыннан басталып, аяқтың үлкен башпайында бітеді. Ол ұзындығы 1 м дейінгі жүйке талшығынан тұрады, сондай-ақ мұндай талшықтың әрбіреуі жеке жасушаны білдіреді.

Адамның жүйке жүйесі

  Жүйке жүйесінің міндеті – жеке бөліктердің жұмысын ұйымдастырып, оларды тұтас ағзаға айналдыру. Жүйке жүйесінің мүшелері (жұлын, ми, барлық жүйке) жүйке ұлпаларынан тұрады.
  Әр адамда жіңішке электр сымы тәрізді талшық бар. Бұл – жүйке тамырлары. Осы сымдарды, яғни жүйке тамырларының бойымен электр сигналдары – импульстер дененің түрлі бөліктерінен миға және мидан кері қарай беріледі. Сигнал беру жылдамдығы 400 км/сағатқа жетеді.
  Ми жүйке жүйесін басқарады. Ол миллиардтаған жасушалардан тұрады. Ми жүректің жұмысын реттейді, көруге, естуге, ауырсыну мен аштықты, қиналу мен қуануды сезінуге мүмкіндік береді.
  Басыңды ұстап көр. Сенің саусақтарыңның ұшынан небәрі 2,5 см жерде соққыға төзімді сұйық ішіндегі бас сүйек қорғап тұрған 1,5 кг әлсіз қызғылт-сұр түсті ұлпа бар. Оның сырты грек жаңғағының дәніне ұқсайды.

Адамның миы

  Сондай-ақ ми есте сақтауға, сезім мен сезінуге, оқуға, әлемді тануға мүмкіндік береді. Жұлын – ол миды дененің басқа бөліктерімен жалғастырады және өткізгіш қызметін атқарады.
  Сен осы жолдарды оқып отырған кезде жүйке тамырлар көзіңнің импульстерін миыңа жеткізіп отыр. Ми сенің көз алдыңдағы сөздердің мағынасын ұққандықтан, мәтінді аяғына дейін оқып шығу үшін импульстерді көздің бұлшық еттеріне жібереді.
  Сенің ыстық затты ұстай алғанда, ойланбастан қолыңды қайта тартып ала қойған кездерің есіңде шығар? Бұл рефлекс деп аталады.
  Ми теріңдегі ерекше жасушадан «Күйді!» деген қауіп-қатер дабылын алады. Сол сәтте-ақ мидың бұлшық еті «Қолыңды тарт!» деген бұйрық береді. Мұндай сигналдар сенің мүшелеріңнің жүйке тамырларынан миға жетеді. Ми тез арада қорытып, бұйрық береді.

Сарамандық жұмыс

  Әр адамда рефлекс әртүрлі көрінеді: біреуде анық, біреуде әлсіз.
  Рефлексті тексеру үшін дәрігерлерде өте қарапайым тест бар.
  Аяғыңды бірінің үстіне бірін қойып айқастыр. Мұғалім кішкентай балғаны қолына алып, сенің тізеңнің тұсынан ақырындап соғады. Сол кезде аяғың жоғары қарай «ыршиды». Яғни сенің рефлексің өте жақсы!

Қызықты деректер

• Сен жүрелеп ұзақ отырып қалсаң, аяғыңның жыбырлап, ұйып қалғанын сезесің. Бұл – жаншылып қалған жүйке тамыры саған аздап бой жазу керектігін сездіргені.
• Біздің денемізді 75 км-ден астам жүйке тамырлары байлап-матап жатыр.

Қосымша дереккөздерден мынадай ақпараттар тап:
1) мидың сол жақ жартысы неге жауап беретіні туралы;
2) мидың оң жақ жартысы неге жауап беретіні туралы.

Сабақты қорытындылау

1. Жүйке жүйесіне жататын мүшелерді ата.
2. Неліктен миды ағзамыздың басқару орталығы деп атайды?
3. Импульс деген не?

×
×

Корзина