Қайталау сұрақтарына жауап бер және тапсырманы орында
1. Заттар туралы кластер құрастыр. 2. Заттың қандай агрегаттық күйі бар? Мысалдар келтір. 3. Заттардың бір күйден екінші күйге ауысатынын түсіндір.
Заттарды олардың күйіне қарай топтарға бөліңдер.
Сүт, табиғи газ, шыны, темір, каучук, ауа, су, саз, күнбағыс майы, ағаш, су буы, қағаз.
Диаграммаға қара. Мына заттардың қайсысы ең қатты зат екенін айт. Болжамыңды дәлелде. Әр баған қай заттың қаттылығын көрсететінін анықта.
Білу үшін оқы «Инсерт» әдісін қолдан.
Адамзат қолданатын әр заттың өз қасиеті бар. Заттар қасиеттеріне және қолданылуына қарай әртүрлі болады. Барлық затты табиғи қалпында қолдану мүмкін емес, сондықтан оларды бір-біріне қосып, басқа қасиеттерге ие жаңа заттар алынады. Саз – бұл табиғи зат. Ол жұмсақ әрі иілгіш, ал саздан жасалған ыдыс қатты. Саздан ыдыс жасау үшін ақ сазға таза құм мен кварцты араластырады. Бұл қоспаны араластырып, одан шыны-аяқ, тәрелке, құмыра, құмған жасайды. Жасалған бұйымдар берік болу үшін жоғары температурада қызған пештерге қояды. Бұл әдіс күйдіру деп аталады. Осылайша фарфор және керамика ыдыстары жасалады.
Темір – адамзат көп қолданатын металл. Оны табиғи түрде мүлде қолданбайды деуге болады, себебі ауадағы ылғал мен оттектің әсерінен темір тез бүлінеді, яғни тоттанады. Сондықтан темірдің қорытпасы – шойын мен болат жиі қолданылады.
Қорытпа – екі немесе одан да көп металдың қоспасы.
Адамдар таза құмға сода мен әктас қосып, қыздыру арқылы шыны жасауды үйренді. Шынының басты қасиеті – мөлдірлігі.
Сызбаға қара. Шыныны қалай қолданатынын анықта, оларды талда.
Кестеге қараңдар. Мына түрлі заттардың қаттылығына қарай қолдану аясын анықтаңдар.
Ең жұмсақ зат – графит. Оны сүзгі, бояу, батареялар шығаратын өндірістерде, металл өнеркәсібінде қолданады. Сен математика сабағында сызатын қарындаштың грифелі де осы графит. «Алмаз» араб тілінен аударғанда «жасампаздық» дегенді білдіреді. Бұл өте қатты минерал, сондықтан да XIX ғасырдың аяғынан бастап оны түрлі қатты минералдарды өңдеу мен кесуге арналған құрал-саймандардың элементі ретінде қолданады. Мұндай құрал-саймандардың көмегімен бетон, шыныларды кесіп, қатты тау жыныстарын бұрғылайды.
Қызықты деректер
• Сатурн мен Юпитерде алмаздан жаңбыр жауады. • Зергерлер алмазды өңдегенде немесе бедерлегенде алмаз салмағының жартысын жоғалтады. Осыдан кейін зергерлік бұйымдардағы ең қымбат тас – гауһар тас (бриллиант) пайда болады. • Әлемдегі ең үлкен мөлдір гауһар тас – «Африка жұлдызы». Оның салмағы – 530 карат (106 грамм). • Ең қымбат алмаз – қызыл түсті. • Алмаз бен графит бірдей заттан – көміртектен тұрады, алайда олардың құрылымы әртүрлі.
Сабақты қорытындылау
1. Заттарды қолдану аясы неге байланысты? 2. Адамдар не үшін металдардың қорытпасын алады?
Қосымша дереккөздерден басқа да заттардың (гранит, темір, тұздар) қаттылығы туралы мәліметтер тап. Кесте бойынша олардың қасиеттерін және қолдану аясын анықта.