§46. Экстракорпоральды ұрықтанудың этикалық аспектілері

Бұл тақырыптың оқу мақсаты: экстракорпоральды ұрықтанудың этикалық аспектілерін түсіндіру.

ЭКҰ дегеніміз не? Бұл процедураға кімдер және неліктен жүгінеді?

Тақырыпты табысты меңгеру үшін 7-сыныптан 62-параграфты; 8-сыныптан 58-параграфты қайталау керек.

  ЭКҰ мәселелері бойынша қоғамдық пікірлердің қалыптасу тарихы. ЭКҰ әдісі пайда болғаннан бастап, қоғамда әртүрлі пікірлер туындады. Мұндай манипуляцияны дін мен моральға жат санаған қарсыластары да болды. Доктор Р. Эдвардс қоғамнан сәтті ЭКҰ фактісін де, бедеулікті болдырмаудың өзі ұсынған әдістемесінің «табиғи ерекшеліктерін» де жасырмады. Бұл кезде оның медициналық қызметін жеке адамдар да, қоғамдық топтар да сынады.
  Сонымен қатар «сынауықтан шыққан алғашқы баланың» анасына пошта арқылы үрейлі, қанмен жазылған хаттар, сынған сынауықтар, тіпті пластмассадан жасалған ұрық та келді. Осы оқиғалардан кейін Луизаның анасы өз баласының қауіпсіздігі үшін шынымен қорқа бастады. Серуендеуге шыққан кезде өте сақ болуға тырысты. Бірақ уақыт өте келе ЭКҰ қарсыластарының түрлі жағымсыз әрекеттері сейіле бастады.
  ЭКҰ қарсыластарының дәйектері. ЭКҰ қарсыластарының барлығын шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Бұл – ЭКҰ әдісін жеке адам, әрі жалпы адамзат денсаулығына қауіпті және зиян деп есептейтін «діндар емес адамдар». Екінші топқа моральдық-этикалық немесе діни пікір бойынша ЭКҰ-ға қарсы діндар адамдар да, дінге сенбейтін адамдар да жатады.
  Бірінші топ дәлелдері қазіргі кезде дәрменсіз көрінеді. Қазіргі күнде құрал-жабдықтар да, препараттар да өзгерді, әдістеменің өзі нәтижелі болды, ал ЭКҰ-ға қатысты «мифтер мен аңыздар» сол бұрынғы күйінде қалды. ЭКҰ қарсыластарының кейбір кең таралған дәйектерін қарастырайық. Бұл қорқыныш шынайы ма? Бағалайық:
  1) «Ана денесінен тыс ұрықтанған бала едәуір ауру әрі әлсіз немесе денсаулығында күрделі проблемалар болады». Бұлай емес екенін практика дәлелдеді. ЭКҰ балалары қолда бар мәліметтер бойынша орташа жақсы иммунитетке ие. Сонымен қатар кейбір ЭКҰ балалар үшін бұл геномды түзетуге кепіл болады және гемофилия сияқты генетикалық аурулардың алдын алу мүмкіндігі бар.
  2) «ЭКҰ балалары табиғи әдіспен жүкті бола алмайды немесе бедеу болады». Бұлай емес екені көп рет дәлелденді. Көптеген ЭКҰ балалары ержеткенде табиғи әдіспен жүкті болып, дүниеге дені сау бала әкелді.
  3) «ЭКҰ балалары эмоциялық тұрғыда ата-анасына суық болады». Бала мен ата-анасы арасындағы эмоциялық жақындық ұрықтану сәтінде қалыптаспайды. Асырап алған бала мен ата-ана арасындағы эмоциялық жақындыққа талай мысал келтіруге болады. Сонымен қатар туыс адамдар арасындағы кері қарым-қатынас туралы мысалдар бардың қасы.
  ЭКҰ-ға діни көзқарас. Әртүрлі әлемдік діндерде ЭКҰ-ға деген көзқарас түрлі екенін айту керек. Мысалы, мұсылман, христиан және буддизмде экстракорпоральды ұрықтануға бірыңғай көзқарас жоқ. Бұл діндер ішіндегі әртүрлі ағымдардың көзқарасы айырмашылық жасайды.
  Иудаизм бедеулік салдарынан ажырасатын отбасын сақтау әдісі ретінде ЭКҰ-ды қолдайды. Сонымен, иудаизм ЭКҰ-да жіберілетін қате немесе тұқым материалын мақсатқа сай ауыстыру, эмбрионды басқа мақсатқа пайдалану, ЭКҰ жүргізген кезде теориялық тұрғыда мүмкін медициналық протоколда қарастырылмаған басқа да жағдаяттарға қарсы қарайды.
  Христиандықта православие мен католицизм көзқарасы күрт айырмашылық жасайды. Жоғары православиелік дін басылар католицизмнен басқа діндерге тән түсіндірмелер береді.
  Көптеген мұсылман, православие, буддист және иудей дін қызметкерлерінің пікірі бойынша ЭКҰ-ға мынадай жағдайда, егер: 1) басқа әдіспен жүкті болу мүмкіндігі болмаса; 2) процедураға дін заңы бойынша некеге тұрған ерлі-зайыптылар қатысса; 3) ЭКҰ процедурасы кезінде суррогат ана болмаса; 4) сперма доноры және 5) эмбриондардың доноры болмаса немесе өлмесе (түсік жасау, оған кез келген дін қарсы) рұқсат етіледі.
  Әлемдік діндерден ЭКҰ-ға тек католиктер күрт теріс қарайды.

  ЭКҰ этикалық аспектілері, ЭКҰ қарсыластары, ЭКҰ-ға діни көзқарас.

Білу және түсіну:
1. ЭКҰ-ға жүгіну кезінде неге әртүрлі пікірлерді ескеру маңызды? Түсіндіріңдер.
2. ЭКҰ-ға жүгінген алғашқы отбасының бақытына кейбір адамдар қауіп тудырып, ренжітетін хаттар жіберуге не итермеледі деп ойлайсыңдар?

Қолдану:
1. Ғылыми прогресс ЭКҰ процедурасын едәуір сенімді және сәтті жасауға көмектеседі ме?
2. Жағымсыз жарияланымдар мен қоғамдағы қызметіне ішінара кері бағалауға қарамастан, доктор Эдвардстың өз зерттеулерін тоқтатпағаны дұрыс болды деп есептейсіңдер ме?

Талдау:
1. ЭКҰ-ды қолданудың барлық мүмкін жағымды және жағымсыз жақтарын сызба түрінде бейнелеңдер.
2. ЭКҰ туралы қандай «мифтер мен аңыздар» шынайы негізге ие, қайсысы шынайылықтан алыс екенін мысалдармен дәлелдеңдер.

Синтез:
1. Неге ЭКҰ процедурасына әртүрлі дін, тіпті бір дін ішінде бірмәнді көзқарас жоқ? Талқылаңдар. Болашақта ЭКҰ-ға көзқарас айқын анықталған және жалпыға бірдей болады деп есептейсіңдер ме? Оған не әсер етуі мүмкін?
2. ЭКҰ-ға жүгінген, сау бала туған алғашқы отбасында болған шынайы жағдаятты бағалаңдар. Қоғамның жеке мүшелерінің жағымсыз қарым-қатынастарын орынды немесе негізделген деп есептейсіңдер ме?

Бағалау:
Ұсынылған тақырыптардың біріне пікірталас немесе жарыссөз (дебат) ұйымдастырыңдар. Моральдық-этикалық көзқарас тұрғысынан:
1) ЭКҰ процедурасымен байланысты кез келген медициналық негізделген манипуляция орынды.
2) Тек қатаң келісілген жағдайда ЭКҰ процедурасы орынды (некеге тұрған отбасыларға, суррогат ана қатыспайтын болса рұқсат және т.б.).
3) ЭКҰ процедурасы бір әйелдің таңдауы, оның пікіріне не қоғам, не дін қызметкерлері, не жақын адамдары, не заңгерлер, ешкім әсер етуге құқығы жоқ.

×
×

Корзина