Тақырыпты табысты меңгеру үшін 9-сыныпқа арналған оқулықтан 60-параграфты қайталау керек.
Қызыл кiтаптың жарыққа шығу тарихы. Биологиялық түрдiң әрқайсысы өзiне лайықты қасиеттерге ие болады. Олар тиiстi ретiмен зерттеген кезде адам үшiн баға жетпес дүние болып табылады. Өсiмдiк пен жануар әлемiнiң барлық тектiк қорын сақтау қажеттiгiнiң бiрi – мiне, осыған негiзделген. Өкiнiшке қарай, адамдар мұны өте кештеу түсiндi. Олардың алдағыны дұрыс болжай бiлмеу әрекетi нәтижесiнде жануарлар мен өсiмдiктердiң көптеген түрлерi мәңгiлiк жойылып бiттi. 1600 жылдан бастап (түрлердiң құрып бiтуi туралы жазбаша мағлұматтар пайда бола бастағанда) тек 1969 жылдың қарсаңында ғана сүтқоректiлердiң 36 түрi және құстардың 94 түрi бiржола өлiп бiттi, ал сүтқоректiлердiң 120 түрi және құстардың 187 түрi жойылып кету шегiнде болып шыққаны айқындалды. Мағлұматтарды Халықаралық табиғатты қорғау одағының (ХТҚО немесе IUCN) түрлердiң тiрi қалуы жөнiндегi мәлiметтi комиссия (SSC) мүшелерi жинады. Бұл 1966 жылы шiлдеде «Red Data Book» – деректердiң Қызыл кiтабын (1966) дайындап, басып шығарды. Сөйтiп, осы термин пайда болды. Тап осы жағдайдағы түс қауiптi көрсетеді. SSC-пен биосферадан толығымен жойылып кеткен өсiмдiктер мен жануарлар түрлерiнiң қара тiзiмi жүргiзiлдi. Қызыл кiтапқа тiркелген деректер қандай да болса жануарлардың немесе өсiмдiктердiң шындығында күнделiктi қамқорлықты қажет ететiнiн бiлдiредi. Деректер Қызыл кiтапқа тiркелген, сол аумақта өмiр сүретiн түрге елдердiң әрқайсысы табиғаттың осы асыл қазынасын сақтауға барлық адамзат алдында рухани жауапкершiлiкте болады.
Дамыған елдерде 70-жылдары ұлттық Қызыл кiтап пайда бола бастады. Оған халықаралық Қызыл кiтапқа енген түрлерден бөлек дәл сол елдiң аумағында қолайсыз жағдайдағы түрлер де тiркеле бастады. Бұл кiтаптарды үкiмет органдары ұйымдастырғандықтан, халықаралық Қызыл кiтаптан ерекше, олар мемлекеттiк құжаттар мәртебесiн алды.
Қазақстанда сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi бар жануарлар түрi туралы мәселе бiрiншi рет «Жойылып бара жатқан және сирек кездесетiн Қазақстан аңдары мен құстары, оларды қорғау және ұдайы өндiру» республикалық кеңесiнде талқыланды (Алматы, 1973). Осы кеңестiң нәтижесiнде Қызыл кiтап дайындала бастады.
Омыртқалы жануарларға арналған Қазақ КСР Қызыл кiтабының бiрiншi бөлiмi көрнектi зоолог А.А. Слудскийдiң жанқиярлық қызметiнiң арқасында Қазақстанда 1978 жылы басылып шығарылды. Онда омыртқалы жануарлардың 87 түрi және түршелерi тiркелдi. Сүтқоректiлер – 31, құстар – 43, жорғалаушылар – 8, қосмекендiлер – 1 және балықтардың – 4 түрi қамтылды. Екi жылдан соң Қазақ КСР (1981) Қызыл кiтабының екiншi бөлiмi жарық көрiп, оған өсiмдiктердiң 307 түрi тiркелдi. Қызыл кiтаптың екiншi басылымына (1991) ең алғаш жәндiктер (омыртқасыз жануарлар) – бунақденелiлер, ұлулар, құрттар, шаян-тәрiздiлер және өрмекшiтәрiздiлер енгiзiлдi. Жануарлардың сирек түрлерi бойынша одан әрi жинақталған ақпараттар Қызыл кiтаптың үшiншi басылымының (1996) жарық көруiне жол ашты. «Қазақстан Республикасы Қызыл кiтабы туралы ережеге сәйкес ол республика аумағындағы сирек кездесетiн, саны азайып бара жатқан және жойылып кету қаупi бар жануарлар мен өсiмдiктер түрлерiнiң жағдайы туралы мағлұматтардың және оларды зерттеуге, қорғауға, ұдайы өсiруге және тиiмдi пайдалануға қажеттi шаралар жиынтығының негiзгi құжаты болып табылады (43, 44-суреттер).
Қызыл кiтапқа тiркелген жануарлар мен өсiмдiктер түрi Қазақстан Республикасының барлық аумағында ерекше қорғауға жатады. Бұл түрлердi аулауға (жинауға), заңнамада қарастырылған жағдайлардан басқа, республиканың барлық аумақтарында тыйым салынған.
Қазақстан Қызыл кiтабының үшiншi басылымында омыртқалылардың 125 түрi және жәндiктердiң (омыртқасыздардың) 99 түрi қамтылған, яғни республиканың барлық әралуандарының 22,5%-ы, сан алуан құстар түрлерiнiң 11,4%-ы, жорғалаушылардың 20,4%-ы, қосмекендiлердiң 25%-ы, балықтардың 15,4%-ы және дәлме-дәл айтқанда жәндiктердiң бiрден кем пайыздық үлесi енгiзiлдi.
Қызыл кiтаптың санаттары. Қызыл кiтапқа тең дәрежеде қорғауды қажет ететiн барлық жануарлар түгел тiркелмегендiктен, олар 5 мәртебелi санатқа бөлiндi. Олар: жойылып бара жатқан, саны азайып бара жатқан, сирек кездесетiн, белгiсiз және қалпына келген түрлер мен түршелер. Санаты бойынша Қызыл кiтапқа жасалған талдау тек оған тiркелген омыртқалы жануарлар (31 түр) түрлерiнiң (түршелерiнiң) төрттен бiр бөлiгi ғана жойылып кету қаупiнде екенiн көрсетедi. Бұл Қазақстанда барлық биологиялық әр алуан омыртқалы жануарларының 4%-ға жуығын ғана құрайды. Екiншi санатқа – саны азайып бара жатқандардың саны да осынша дерлiк (28 түр).
Жойылып бара жатқан түрлердiң жартысы (15) құстар (қызғылт бiрқазан, ақдегелек (ләйлек), қутұмсық (қытай қазы), мәрмәр шүрегей, ақбас үйрек, балықшы тұйғын, кезқұйрықты субүркiт, сұңқарлар – ителгi, бидайық және лашын, ақтырна, дуадақ, тарғақ, шитұмсық шалшықшы, реликтi шағала (көнекөз шағала). Екiншi жартысы – сүтқоректiлердiң 9 түрi (қызылқасқыр, еуропалық қаракүзен, балқы (итаю), қабылан, қарақал, тоғайлық бұғы немесе хангүл, сондай-ақ арқарлардың 3 түршесi (45-сурет) – алтайлық арқар, қызылқұйрық арқар және қаратаулық арқар және балықтардың жеке оқшауланған популяцияларының 7 түрi (сырдариялық тасбекiре, каспийлiк және аралдық албырттар, арал популяциясының пiлмайы, шортантәрiздi ақмарқа, шулық сүйрiкқанат және iле популяциясының шармайы (көкбас, осман).
Тiзбелеп берiлген түрлердiң бiрқатары, бәлкiм, мүмкiндiгiне қарай Қазақстан аумағында, су айдындарында кездеспеуi де ықтимал. Бұларға қызылқасқыр, еуропалық қаракүзен, қабылан, қызылқұмдық арқар, аралдық албырт (46-сурет), сырдариялық тасбекiре, шортантәрiздi ақмарқалар жатады. Тiзбеленген балықтар үшiн жантүршiгерлiк оқиға – бұл Арал теңiзi, жерүстi жыртқыштары мен қызылқұмдық арқардың қасiретi – адамның тiкелей жоюы және азықтық қордың тапшылығы. Ал еуропалық қаракүзендi күшi басымырақ бәсекелесi – америкалық қара-күзен ығыстырып, басып алуда. Қосмекендiлер мен жорғалаушылар өкiлдерi арасында қазақстандық фаунада бiрiншi санаттылары (жойылып бара жатқан түрлер) жоқ.
43-сурет. Қазақстанда сирек кездесетін жануарлар
44-сурет. Қазақстанда сирек кездесетін өсімдіктер
45-сурет. Арқарлардың үш түршесi – алтайлық (1), қызылқұмдық (2) және қаратаулық (3) түршелерi Қызыл кiтаптың I санатына жатады (жойылып бара жатқан түрлер)
46-сурет. Аралдық албырт (1) пен шортантәрізді ақмарқаның (2) популяциясын қалпына келтіру үшін оларды қолдан өсіруді ұйымдастыру, әуесқой балық аулауды шектеу, суландыру желісіне балық қорғайтын құрылғыны жетілдіру қажет.
Екiншi санатта да (саны азайып бара жатқан түрлер) негiзгiсi – құстар (бұйрабiрқазан, сарықұтан, қалбағай, қарабай, қоқиқаз, қызылжемсаулы қарашақаз, сұңқылдақ аққу, жыланжегi, аққұйрық қыран, алтайлық ұлар, көкмаңдай, безгелдек, жорға дуадақ (жиек дуадақ), қарабас өгiзшағала (қарабас қарқылдақ, үкi) (47-сурет). Екiншi орында – балықтар (популяцияның 7 түрi: каспийлiк минога, едiлдiк майшабақ, таймень; бұқтырмалық-зайсандық популяциядан – ақбалық, аралдық және түркiстандық қаяз; балқаштық популяциядан – балқаштық алабұға). Үшiншi орында – сүтқоректiлер (жұпар, ортаазиялық өзеншiл құндыз, түрiкмендiк құлан, тәңiртаулық арқар және көксуыр). Ең соңында келес және ортаазиялық қызылаяқ бақа.
47-сурет. Жорға дуадақ
Қызыл кiтапқа тiркелген омыртқалы жануарлардың түрлерi мен түршелерiнiң жартысына жуығы үшiншi (38,4%) және төртiншi (10,4%) мәртебе санатына жатады (сирек және белгiсiз түрлер), оларды қорғау және санын қалпына келтiру жөнiнде шұғыл шара қолдануды қажет етпейдi. Олар бұл құжатқа алдын ала сақтандыру тұрғысында тiркелдi. Бұлардың арасынан қосмекендiлерден (Жоңғар Алатауының эндемигi) жетiсулық аяқтыбалық (бақатiс), аяқсыз кесiртке сарлан (сары жылан), қарадегелек (ләйлек), орақтұмсық, қырандардың үш түрi (қарақұс, бақалтақ қыран, бүркiт) т.б. сияқты өкiлдердi атап кетуге болады.
Бесiншi мәртебе санатына (қалпына келген түрлер) тек құстардың 4 түрi (кiшi аққу, далалық қыран, ақбас тырна, көкқұс) жатады. Олардың саны бұрынғы мөлшерiне жеттi және өсе түсуде. Ешқандай қауiп болмаса, олар Қызыл кiтаптан шығарылуы да мүмкiн.
Негiзiн бунақденелiлер құрайтын (86%) жәндiктерде (омыртқасыз жануарларда) жағдай бiраз өзгеше. Қызыл кiтапта сирек түрлер (3-санат – 48,5%) басымдық көрсетуде. Екiншi санатқа 38,4% тиесiлi. Қазақстан энтомологтарының пiкiрi бойынша, үш түрге жойылып кету қаупi төнiп тұр. Олардың үшеуi (iлелiк ызылдақ, бұғышақ және қозғалма мүйiздi көңқоңыз) Қазақстан аумағында кездеспейдi десе де болады.
Сирек және жойылып бара жатқан түрлердi қорғау проблемасына тiкелей қатысты жәндiктердiң (омыртқасыз жануарлардың) маңызды екi ерекшелiгiн атап өту қажет. Бiрiншiсi – жүйелеу және түрлiк құрамын зерттеудiң өте жеткiлiксiздiгi. Екiншiсi – бөкен, арқар немесе дуадақ тәрiздi iрi жануарларға тиiмдiлiк көрсеткен түрлiк қорғау iс жүзiнде оларға қолданылған жоқ. Сондықтан Қазақстанның негiзгi ландшафтарының барлығында көзге жақсы көрiнетiн кешендi сақтыққор (кiшкене қорықтар типiнде) ұйымдастырудың маңызы ерекше болмақ.
Биологиялық әралуандықты сақтаудың негiзгi жолдары. Мұның қысқаша түрде төмендегiдей жолдары бар:
1. Заңнамалық база. «Жануарлар әлемiн қорғау және пайдалану туралы» және «Қоршаған табиғи ортаны қорғау туралы» заңдармен көрсетiлген. Өкiнiшке қарай, бұл заңдар өз мiндетiне толық сәйкес келмей отыр.
2. Биологиялық әралуандықты сақтауды ғылыми негiзде талдамалау. Аман-есендiгi бұзылған және жойылып кету қаупi төнiп тұрған жануарлар мен өсiмдiктер түрiн дұрыс және мүлтiксiз айқындау үшiн нақтылы өлшемдердi жетiлдiру қажет. Түрдiң негiзгi таралу аймағынан географиялық және экологиялық оқшауланған популяцияларының жағдайына ерекше назар аудару қажет.
3. Қорғау және қалпына келтiру жөнiндегi iс жүзiндегi шаралар. Жануарлар және олардың тіршілік ететін орнын қорғауға тек қана қорықтар емес, одан тысқары жерлер де жатады. Қажеттi тіршілік ететін орнын қорғап алмай, жануарлардың немесе өсiмдiктердiң түрiн табиғи еркiн күйде сақтау да мүмкiн емес. Екiншi жағынан алғанда, бүкiл Қазақстанды қорықтарға айналдырудың мүмкiндiгi жоқ, ал қазiр қорыққа айналдырылған Қазақстанның 0,3% аумағы өте көп түрлердi сақтап қалуға жеткiлiктi емес.
Сирек түрлердi және олардың тіршілік ететін орнын қорғауға Қазақстанның негiзгi халқын жаппай тартуға экономикалық ынталандыру қажет. Немқұрайлы насихатпен табиғатты қорғау нәтиже берген жоқ.
Сирек кездесетiн түрлерге, тiптi белгiлi бiр түрге (түршеге, популяцияға) сақтамаққор жасау керек. Қорық ұғымы табиғи кешен эталоны ретiнде әлдеқайда кең ұғым. Бiр ғана қорық жасау сирек кездесетiн түрлердiң проблемасын шеше алмайды. Ол үшiн икемдi де қолайлы форма – қорықша. Оның қорықтан ерекшелiгi – кез келген мөлшерде жасауға болады. Қорықшаны тап сол түрдiң (түршенiң) кез келген таралу аймағы нүктесiнде, кез келген мерзiмге ұйымдастыруға болады.
Экологиялық бiлiм беру халықтың белгiлi санатына: жетекшi кадрлар, iскеркәсiпкерлер, баспасөз – радио – теледидар, жоғары оқу орындары, мектептер, мектепке дейiнгi мекемелердi ретiне қарай қамтуы қажет. Бұл санаттардың әрқайсысының өзiнше экологиялық көзқарастары болады.
Тек экологиялық қана емес, патриоттық тәрбие міндеттері де табиғи (экологиялық) туризмді табысты шешуге мүмкіндік береді. Ол халық арасында өте танымал, себебі адам демалады, оған жағымды эмоция сыйлайды, денсаулықты нығайтады. Бірақ көп жағдайда қала сыртында демалғанда, көкке шыққанда, балық аулауға барғанда, табиғатта түнегенде т.б. кезде адам демалыс орнын ластайды, тіпті өрт шығады.
Коммерциялық турфирмалар тікұшақпен шолу жасайтын экскурсия, тау және альпинистік тауға шығу, су саяхаты, орнитологиялық экспедициялар ұйымдастырады, гид қызметін, жол көрсетуші қызметін ұсынады және т.б. Бірақ осы шаралардан түскен табыс қоршаған табиғи ортаны сауықтыруға жұмсалмайды. Мемлекеттік қорықтар мен ұлттық саябақтар өткізетін экологиялық экскурсиялар ағарту мәселелерін ғана шешіп қоймайды, табиғат қорғау шараларын өткізуді де қаржыландырады.
«Қазақстанда сирек кездесетін жануарлардың мекен ортасы»
(43-суретке қараңыз).
Сындарлы қауіп төніп тұрған түрлер
Балықтар
1. Сырдария тасбекірелері
2. Пілмай (Арал популяциясы)
3. Каспий албырты
4. Арал албырты
5. Шортантәрізді ақмарқа
6. Іле көкбасы
7. Шу сүйрікқанаты
Құстар
8. Бұйра бірқазан
9. Қызғылт бірқазан
10. Ақ дегелек
11. Қутұмсық қаз
12. Мәрмәр шүрегей
13. Ақбас үйрек
14. Балықшы тұйғын
15. Ақиық субүркіт
16. Ителгі
17. Бидайық
18. Ителгі-лашын
19. Ақтырна
20. Дуадақ
21. Тарғақ
22. Сүйіртұмсықты шалшықшы
23. Қарамойнақ (реликтілік) шағала
Сүтқоректілер
24. Қызыл қасқыр
25. Еуропа қаракүзені
26. Итаю
27. Гепард
28. Қарақал
29. Тоғай бұғысы
30. Алтай тау арқары
31. Қызылқұм тау арқары
32. Қаратау тау арқары
Қатер төніп тұрған түрлер
Балықтар (және дөңгелекауыздылар)
33. Каспий тілтісі (жыланбалығы)
34. Волга көпаталықты майшабағы
35. Таймень
36. Сылан (бұқтырма-зайсан популяциясы)
37. Арал қаязы
38. Түркістан қаязы
39. Балқаш алабұғасы
Қосмекенділер мен жорғалаушылар
40. Ортаазиялық бақа
41. Сұр келес
Құстар
42. Сарықұтан
43. Жалбағай
44. Қарабай
45. Қоқиқаз
46. Қызылжемсаулы қарашақаз
47. Шиқылдақ қаз
48. Сұңқылдақ аққу
49. Жыланшы қыран
50. Аққұйрық субүркіт
51. Алтай ұлары
52. Сұлтанбалық
53. Безгелдек
54. Дуадақ
55. Қарабас өгізшағала
56. Үкі
Сүтқоректілер
57. Жұпартышқан
58. Өзен кәмшаты
59. Түрікмен құланы
60. Тянь-Шань тау арқары
61. Көксуыр
Қолайсыз жағдайд
Балықтар
62. Ақбалық
63. Күтім балық
Қосмекенділер мен жорғалаушылар64. Жетісу бақатісі
65. Шұбар батбат
66. Сарыжылан
67. Жолақты абжылан
68. Қызылжолақты абжылан
69. Сарықұрсақ абжылан
70. Төртжолақты абжылан
Құстар
71. Кішкене аққұтан
72. Алакөз қара ала үйрек
73. Бақалтақ қыран
74. Ақиық
75. Бүркіт
76. Сақалтай
77. Қозықұмай
78. Құмай
79. Сұр тырна
80. Ақбас тырна
81. Қарабауыр бұлдырық
82. Ақбауыр бұлдырық
83. Қылқұйрық бұлдырық
84. Қоңыр кептер
85. Іле жорғаторғайы
Сүтқоректілер
86. Тянь-Шань қоңыр аюы
87. Тас сусары
88. Орман сусары
89. Шұбар күзен
90. Шағыл мысығы
91. Сабаншы
92. Түркістан сілеусіні
93. Барыс
94. Қарақұйрық
95. Үстір тау арқары
96. Қазақстан тау арқары
97. Үнді жайрасы
98. Жалман
99. Бессаусақты ергежейлі қосаяқ
100. Гептиер ергежейлі қосаяғы
101. Алып соқыртышқан
«Қазақстандағы сирек кездесетін өсімдіктер өсетін жерлер»
(44-суретке қараңыз)
Сындарлы қауіп төніп тұрған түрлер
1. Ауыспалы қау
2. Шым жуасы
3. Регель қызғалдағы
4. Островский қызғалдағы
5. Алматы шиқылдағы
6. Сепкіл шолпанкебіс
7. Кәдімгі шолпанкебіс
8. Ірі гүлді шолпанкебіс
9. Жапырақсыз орашық
10. Берқара терегі
11. Мығым ергеш
12. Әулиеата аққаңбағы
13. Минквиц кендірше
14. Қарқаралы бөріқарақаты
15. Шарын таспашөбі
16. Жын таспашөбі
17. Гердер тымыры
18. Іле сасыры
19. Түктігүл батан
20. Жалған шөлмасақ бұйражапырағы
21. Кауфман ирекжапырағы
22. Жетісу қызыл адыраспаны
23. Бор рияны
24. Ерекше ойраш
25. Дарабас ершін
26. Мұғалжар ақжапырағы
27. Мыңжелке усасыры
28. Келлер кесте жусаны
Қатер төніп тұрған түрлер
29. Бесмүйізді қаттыкүлте
30. Шренк тобылғытүсі
31. Піскем жуасы
32. Сергей жуасы
33. Көктем жанаргүлі
34. Дәрмене жусан
35. Білікшежапырақты ақтікен
36. Мушкетов ақтікені
37. Бетпақдала сылдыршөбі
38. Сөгеті сасыры
39. Альберт қызғалдағы
40. Грейг қызғалдағы
41. Телпек сүйсін
42. Қатпар гладиолус
43. Аққаңбақ түсті аллохруза
44. Таусағыз
45. Иллария шырышы
46. Колпаковский иридодиктиумы
47. Көркем шиқылдақ
48. Введенский қасқыржемі
49. Қара жүзген
50. Тұрлан құмдақшөбі
51. Попов ақшешегі
52. Тіссіз қатыран (бабажапырағы)
53. Теңгежапырақ шықшөп
54. Бүршікті дәнел
55. Өгем баданы
56. Ярослав сүттігені
57. Голоскоков көкшолағы
58. Рубцов таушығы
59. Ерекше ақжапырақ (кекіребас)
60. Вавилов көбенқұйрығы
Осал түрле
61. Қаттыжапырақты қоңырбас
62. Кәдімгі семсершөп
63. Сораң соршөп
64. Регель тарбақайы
65. Қаратау ақшешегі
66. Северцов жалғаншөлмасағы
67. Мұз ботташы
68. Крашенников сарытүтігі
69. Қалақ түкті аталықша
70. Кәдімгі жұмсақжеміс
71. Түркістан ақшатыры
72. Жебетәрізді найзабас
73. Көктікен себетбас
74. Бочанцев аутумналиясы
75. Әулиеата саржауы
76. Корольков қызғалдағы
77. Бем қызғалдағы
78. Леман қызғалдағы
79. Рубцов таспашөбі
80. Ақ қалыңтүкті таспашөп
81. Копальский таспашөбі
82. Үшқұлақ таспашөп
83. Тікенекті кекіре
84. Недвзвецкий кекіресі
85. Тянь-Шань таушешегі
86. Евгений Коровин тұтасжапырағы
87. Культиасов батаны
88. Маргарита өжірі
89. Қылтанды келіншек шөп
90. Резниченко рияны
91. Ангрен қалпақбасы
92. Ақшыл сепкілгүл
93. Корольков бәйшешегі
94. Борлы сылдыршөп
95. Ақ тұңғиық
96. Борлы сиякөк
97. Зинаида қызғалдағы
98. Кауфман қызғалдағы
99. Борщов қызғалдағы
100. Қаратау үшқаты
Қазақстанның Қызыл кітабы, деректердің Қызыл кітабы, Халықаралық табиғатты қорғау одағы (ХТҚО).
1. Жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін сақтау қажет екенін немесе қажет емес екенін дәлелдеңдер.
2. Өсімдіктерді қорғау ерекшеліктеріне қысқаша сипаттама беріңдер.
3. Жануарларды қорғау ерекшеліктеріне қысқаша сипаттама беріңдер.
4. Ағзалардың «пайдалы» және «зиян» деп шартты түрде бөлінуін дәлелдеңдер.
5. а) қорықтың қорықшадан; ә) қорықтың ұлттық саябақтан, б) ұлттық саябақтың мәдениет ескерткіштерінен айырмашылығын сипаттаңдар.
6. Тіршілігі жойылып бара жатқан түрлерді сақтауға бағытталған қандай да бір табиғат қорғау ұйымы туралы не білесіңдер?
7. Жойылып бара жатқан түрлерді сақтаудың мүмкін шараларын ұсыныңдар.