Ауаны қалай таза ұстауға болады?

- ауаны таза ұстаудың түрлі тәсілдерін ұсына аласың.

Қайталау сұрақтарына жауап бер және тапсырманы орында

1. Адамдардың ауаны таза ұстауы неліктен қажет деп ойлайсың?
2. Ауаны не ластайды? Өз ойыңды айт.
3. Ауа адамдардың денсаулығына қалай әсер етеді?
4. Таза ауаны қалай сақтау керек деп ойлайсың? Өз болжамыңды түсіндір.
5. «Тұмша» сөзіне синквейн құрастыр.

  Суреттерге қараңдар. Таза ауа қай жерде болатынын болжап айтыңдар. Пікірлеріңді дәлелдеңдер.

  Суретте көрсетілген жерлердегі ауа сапасының гистограммасын құрастыр.

Білу үшін оқы
«Инсерт» әдісін қолдан.

  Ауа алуан түрлі себептерден ластанады, ауаның кез келген ластануы адам денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктерге зиянды әсер етеді.
  Ауаны ластайтын заттар әртүрлі аурулар тудырады. Егер адам жанған өнімдермен (мысалы, дизельді қозғалтқышы бар көліктен шыққан газбен) ластанған ауамен тыныс алса, жүрек ауруларының қаупі артады.
  Транспорттан шыққан газдар, кәсiпорындардың зиянды қалдықтары біртіндеп ауаны ластайды. Бұл заттар қанның қоюлануын жоғарылатады, қан қысымын арттырады, аллергияның пайда болуына әкеледі. Атмосфераның ластануы аурушаң балалардың дүниеге келуіне себеп болады.
  Лас ауа – бұл ірі қалалардың ең үлкен қасіреті. Ең басты ауаны ластайтындар – транспорт, зауыттар мен фабрикалар, құрылысқа арналған сапасыз материалдар.
  Таза ауа – адам өмірінің негізі, сондықтан адамдар ауаны қорғауда бар күшін салуда.
  Зиянды қалдықтар қоршаған ортаны ластамау үшін фабрикалар мен зауыттарда арнайы сүзгілер болуы қажет. Ақауы жоқ автомобильдердің ауаға зияны аз, ал ескі әрі ақауы бар мәшинелер ауаны қатты ластайды.
  Үйдегі ауаның да таза болғаны абзал. Пәтердегі ауада да шаң, микроағзалар, газ плитасының ысы, жуғыш заттар мен аэрозольдердің химиялық заттар жиналады. Бөлме терезесін ашқанда даладан өсімдік тозаңы, транспорттан шыққан газ келіп кіреді. Мұның барлығы бөлме ауасымен араласып кетеді.
  Пәтердің ауасын тазарту үшін арнайы сүзгілер, сулы шаңсорғыштар қолданылады.

  Сызбаға қара. Қайсылары ауаны тазартуға көмектесе алатынын анықта.

  Сабақта өтілген материалдарды пайдаланып, үй-жайлар мен Жер шарымыздағы ауаны тазартуға көмектесетін ереже құрап жаз.

Қызықты деректер

• Таза экологиялық қуат көздері (күн батареялары, жел турбиналары, электрлі транспорт) электр энергиясын алуға мүмкіндік береді, сонымен қатар ауаны ластамайды. Алайда мұндай энергия көздері әлемде тек қана 2% электр энергиясын өндіреді.
• Ауаны өсімдіктер жақсы тазартады. Тропикалық ормандар оттекті көп мөлшерде бөліп шығарады. Осындай ормандардың бірін шведтік мектеп оқушылары сақтап қалды.
• Қазір электрлі транспорттан басқа, ауаны таза сақтау үшін бензиннің орнына балама автомобиль жанармайы қолданылады. Бұл жанармайлар жүгері, сабан, сүректерден алынады. Мұндай энергия көздері биоотын деп аталады.
• Туризмнің дамуы су мен ауаға кері әсер етеді. Туристер үшін жаңа қонақүйлер, әуежайлар, жағажайлар салады. Бұл нысандар салынған жерлерде өсімдіктер жойылады. Туристер суды және басқа да ресурстарды көп пайдаланады, ал демалған жерлерінде қоршаған ортаны ластап, қалдықтарын шашып кетеді.

Сабақты қорытындылау

1. Бөлме ішіндегі ауаны қалай тазартуға болады?
2. Неліктен ауаны тазарту керек?
3. Егер адамдар ауаны таза ұстауға тырыспаса, не болатынын болжап айт.
4. Ауаны таза сақтау қажеттілігі туралы жоба жаса.
5. Өзің тұратын жерде ауа таза болу үшін не істей алатыныңды ойластыр.

×
×

Корзина