№7 зертханалық жұмыс. «Статистикалық талдау әдістерін пайдаланып, өз өңіріңнің экожүйе жағдайын зерттеу».

Мақсаты: статистикалық талдау әдістерін пайдаланып, өз өңіріңнің экожүйесін дала жағдайында зерттеу.

Құрал-жабдықтар: өлшеуіш таспа, таразы, транспортир, компьютер, калькулятор, ағза санын есептеу үшін кез келген басқа да құрал (мысалы, топырақта тіршілік ететін ағзаларды есептеуге тесік диаметрі әртүрлі топырақ елегіш қажет, ол ұсақ жәндіктерді дене мөлшері бойынша есептеуге мүмкіндік береді; дүрбі мен алысты қарайтын түтік, таңдалған экожүйе Каспий жағалауы болса, мысалы, Атырау қаласында құстарды санау үшін оптиканы пайдаланған дұрыс).

  Жұмыс барысы

  1. Сипаттайтын үлескіні (экожүйені) алдын ала таңдаңдар, есептеу жүргізілетін аумақ шегарасын белгілеңдер.
  2. Таңдалған үлескі (немесе тұтас экожүйе) ерекшеліктеріне байланысты қолданылатын әдістер мен құрал-жабдықтарды анықтап алыңдар.
  3. Алынған нәтижелерді өңдеу үшін (жануарлардың массасын есептеуде, сабақ ұзындығын, жапырақ (гүл, жеміс) немесе өсімдіктерді санауда және т.б. орташа көрсеткіштерін есептеуде) мүмкіндігінше математикалық әдістерді көп пайдаланып, өлшеу жүргізіңдер.
  4. Компьютерлік техниканы барынша көп пайдаланыңдар. Статистикалық талдау әдістерін пайдаланып, едәуір толық сипаттама беруге мүмкіндік беретін Ехсеl бағдарламасында есептеуді барынша оңайлататын дайын формулаларды қолданыңдар немесе өздерің сондай формулаларды ойлап табыңдар.
  5. Сипатталатын экожүйенің түр алуантүрлілігін бағалау үшін параграфта көрсетілген бірінші не екінші Маргалеф индекстері қолданылады.
  6. Нәтижесін кестелерді және жүргізілген жұмыс бойынша соңғы қорытындыны пайдаланып, есеп түрінде рәсімдеңдер.

“Биосфера, экожүйе, популяция” бөлімі бойынша қорытынды

  Экожүйе жағдайының маңызды көрсеткіштерінің біріне оның тұрақтылығы жатады. Бұл – экожүйенің өзінің ерекшеліктерін ұзақ уақыт бойы сақтау қабілеті. Экожүйелер өзіне тән климаты, жер бедері, суы мен топырағының химиялық құрамы және жансыз табиғаттың басқа да өзгеше сипаттамалары тән белгілі бір аумақта қалыптасады. Жансыз табиғатта ең алғаш продуценттер – қыналар немесе өсімдіктер орналасады. Өсімдіктерден кейін экожүйеде жануарлар мекендейді. Өсімдіктер мен жануарлар қауымдастығының түрлік құрамы сәл де болса қалыптасқанда экожүйе (биоценоз) белгілі бір тұрақтылыққа ие деп айтуға болады. Экожүйеде жанды ағзалардың неғұрлым көп түрлері мекендесе, оның тұрақтылығы соғұрлым жоғары. Бұл кері әсерге қарсы тұру қабілетінен көрінеді. Егер түрлік алуантүрлілік зор болса, бір түр ағзаларының саны қысқарған кезде оның экологиялық қызметін басқа түр (көбінесе экологиялық сипаттамасы жақын) атқаруы мүмкін. Мұндай экожүйенің ұзақ уақыт бойы сақталу мүмкіндігі көп. Экожүйенің ең бай түрлік биоалуантүрлілігі – ылғалды экваторлық ормандар – джунгли немесе сельва. Ең жұтаңы – шөл (арктикалық немесе құмды). Бірақ адам іс-әрекетінен бай, тұрақты экожүйелер жойылады. Ал шөл едәуір қол тимеген күйі қалады.
  Қазақстанның биоалуантүрлілігі зор, кең әрі алуан түрлі аумағына байланысты экожүйе мөлшері де зор. Біздің азаматтық және адамгершілік парызымыз – оны болашақ ұрпақ үшін сақтау. Осы мақсатпен Қазақстанның Қызыл кітабы жасалды және үш рет басылып шығарылды. Қорықтар, қорықшалар мен басқа да қорғалатын табиғат аумақтары ұйымдастырылған. Жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін түрлерін есепке алу, сақтау және көбейту жұмыстары жүргізілуде, оларды сақтау жағдайлары жасалуда.
  Экожүйеде бір түр даралары жалпы генофонд
қа – ген аллельдері жиынтығына ие популяция түзеді. Популяциядағы әртүрлі генотиптердің қандай да бір тасымалдаушыларын есепке алу үшін Харди-Вайнберг теңдеуі қолданылады:

р² + 2рg + g² = 1 немесе 100%.

  Бұл формула бір көрсеткіш (мысалы, көбінесе сырттай жақсы айырмашылық жасайтын рецессивті гомозигота саны) белгілі болса, популяциядағы гетерозигота, доминантты және рецессивті гомозигота санын есептеуге мүмкіндік береді. Бірақ бұл теңдеу еркін будандаса алатын идеал популяцияда ғана «мінсіз жұмыс істейді». Онда жаңа мутациялар, жаппай миграция, генотиптері әртүрлі дараларда көбею үшін тең мүмкіндіктер және генетикалық депрессия орын алмау үшін жеткілікті көп ағзалар және т.б. болмауы керек.
  Шынайы экожүйедегі табиғи популяцияларды зерттеу үшін әртүрлі биологиялық және математикалық-статистикалық әдістер қолданылады. Белгілі бір кішкентай, бірақ сол аумақ экожүйесіне тән тірі нысандар саны анықталады. Бұл үлескі немесе бағдар – трансект болуы ықтимал. Ағзалардың түрлік құрамы анықталады. Олардың өлшемі (бойы, салмағы, даму дәрежесі, өсімдіктер үшін вегетативтік жағдайы), жыныстық (көптеген даражынысты жануарлар үшін), жастық құрамы мен зерттеу мақсатына байланысты кез келген басқа сипаттамалары өлшенуі мүмкін. Алынған деректер статистикалық (математикалық) тұрғыда өңделеді де, экожүйенің бүкіл ауданына интерполяцияланады. Олар салыстырмалы түрде анық деп есептеледі.
  Экожүйеге жаңа түрлер қоныстанғанда немесе оған басқа тәсілдермен әсер еткен кезде болашақта түрлік құрамның өзгеруін болжайтын компьютерлік модельдер жасалуы мүмкін. Бірақ мұндай модельдерді анық кіріспе деректер болмаса, жасау мүмкін емес. Яғни, мысалы, қандай да бір түрдің көбеюінің моделін жасау үшін оның экожүйедегі барлық басқа түрлермен және жансыз табиғат факторларымен әрекеттесуінің барлық мүмкін факторларын ескеру керек.

×
×

Корзина