Қазақстанның топырақ жабыны аймақтылықпен және типтерiнiң сан-алуандығымен сипатталады. Жазықтарда негiзгi үш топырақ аймағы бар. Олар: қара топырақ, қоңыр топырақ, құбатопырақты және құба-сұр топырақты аймақтар. Орманды дала аймағында негiзiнен шабындықты қара топырақ кездеседі. Қоңыржай қуаң дала аймақшаларда кәдiмгi қара топырақ, ал қуаң дала аймақшаларда оңтүстiк қара топырағы орын алған. Шөлдерден қоңыр, сұр-қоңыр, тақыртәрiздес және құмды топырақтарды көруге болады. Оларда гумус мардымсыз (1%-дан азырақ) болып келедi. Сортаң жер және сор топырақ барлық аймақшаларға таралған, әсiресе шөлде көп кездеседі.
Қазақстан аумағының жалпы ауданынан (272,5 млн га) алдын ала жақсартусыз пайдалануға жарамды топырақ 21,8 млн гектарды құрайды. Аумақтағы жердiң 26,7 млн гектары, оның iшiнде 1,6 млн га егiстiк жер, сондай-ақ 24,1 млн га топырағы тозған жайылым эрозияға және желден бүлiнуге (дефляция) ұшыраған. 182 мың га жер қалпына келтiрудi қажет етедi (53-сурет).
Қазақстандағы маңызды экологиялық проблемалардың бiрi шөлге айналу болып қалуда. Оның пайда болуына құрғақ климат және мұхиттардан алшақтық сияқты табиғи жағдайлар себепшi болады. Алайда тап осы проблеманың күшейе түсуi: адам iс-әрекетiнiң нәтижесi екенiн естен шығаруға болмайды. Бiрiншi кезекте – бұл тұщы суды жер суаруға, соның iшiнде шектес мемлекеттерге жұмсалуда. Соның нәтижесiнде ХХ ғасырдың 80-жылдарында бiздiң екi басты өзендер өңiрi – Әмудария және Сырдария ағыны төмендеп, Арал теңiзiнiң суы тартылды. Бұл – өңiрлiк ауқымдағы iрi экологиялық дағдарыс (§54-параграф). Сондай-ақ шөлге айналуға тоғайлы-аумақта және су қорғайтын орман жолақта бақылаусыз ағаш кесу мен мал жаю, даланың және шөлдiң өсiмдiктерiн (сексеуiл және шеңгел) құрту, топырақты тоздыратын жер жырту себепшi болуда.