§58. Экологиялық дүниетанымның қалыптасуы
(Қосымша оқу үшін)

Дүниетаным, бiлiм, тәрбие деген не? Иоганн Песталоцци, Ыбырай Алтынсарин, Януш Корчак, К.А. Тимирязев деген кiмдер?

  Экологиялық бiлiм беру және тәрбиелеу қажеттiгi ХХ ғасырдың 70–80-жылдарында пайда болды. Осы кезеңде антропогендiк әрекеттiң табиғатқа қысым көрсету нәтижелерi жаһандық үдерiстер сипатында бола бастады. Кезiнде Аристотель жануарларды зерттей келе өз шәкiрттерiне олардың өмiр сүру жағдайларын түсiндiрдi. Тамаша, құқықтық және адамгершiлiктiк ұғымдарды сезінумен қатар, табиғатқа қамқорлық жасауға тәрбиелеу туралы айтқандары өте көп (И. Песталоцци, Я. Корчак, Л. Толстой және К. Тимирязев). Бiрақ тәрбиенiң бұл бөлiгi ол кезде әлi де «экологиялық тәрбие» деп аталған жоқ.
  Экологиялық тәрбие мен бiлiм берудiң белгiлi дамуына В.И. Вернадскийдiң теориясы әсер етті. Биосфера туралы iлiм пайда болған соң, экологиялық тәрбие және бiлiм беру нормалары дәлелдендi. Осы теорияға сәйкес ХХ ғасырда ұйымдастырылмаған эволюция саналы түрдегi эволюцияға ауысуға қажет болды. Адамзат өз игiлiгi үшiн әрекетiн өзгертiп, табиғатты айуандықпен пайдалануды тоқтатуы қажет. ХХ ғасырдың ортасына дейiн үстемдiк еткен: «Бiз табиғаттан рақым күтiп отыра алмаймыз – оны одан алу бiздiң мiндетiмiз», – сөз орамы тек қана бастапқы экологиялық мәдениеттiң емес, бастапқы экологиялық бiлiмнiң толық жоқтығын ашық түрде көрсетедi.
  Әйгiлi америкалық ғалым Лестер Браун былай дедi: «Егер әлемдiк бiрлестiк ең алдымен ғаламшардың физикалық деградациясына алаңдайтын болса, онда әлемдi жаңа тәртiпке келтiрудiң негiзгi қағидасы экологиялық қауiпсiздiк ұстанымы болады. Бүкiл әлемде алғашқы орынға экономикалық емес, экологиялық проблемалар шығады. Мұндай жағдайларда өркениет пен табиғат арасындағы қарым-қатынас мемлекеттер, ұлттар немесе өркениеттер арасындағы қарым-қатынастан әлдеқайда маңызды болады».
  Экологиялық бiлiм беру мiндетiн жүзеге асыруға бағытталған ЮНЕСКО шешiмi: ХХ ғасырдың (1981 жылдан бастап) соңғы жиырма жылы экологиялық бiлiм беру жылдары болып жарияланды. Сөйтiп, экологиялық бiлiм берудi қарқынды дамыту жаһандық дағдарыстарды болдырмаудың стратегиялық амалы және бүкiл өркениеттi елдердiң алдында тұрған көкейкестi проблема ретiнде есептеледi. Бүгiнгi күнi әлемнiң көптеген елдерiнде бiлiм беру жүйелерiн жетiлдiру жүрiп жатыр. Халықтың экологиялық мәдениетiн қалыптастыру үшiн кемiнде экологиялық бiлiмдi меңгеру қажеттiгi айқын бола бастады. Қазақстанда бұл жағдай биология оқыту жүйесiне экология бөлiмiн енгiзу арқылы ойдағыдай iске асырылады. Көптеген еуропалық елдерде қай бағдарда екенiне қарамастан, барлық орта және жоғары оқу орындарында экологиялық пәндi оқыту мүмкiндiгi қарастырылуда. Экологиялық бiлiм жалпы алғанда адамның қоршаған әлемге ұқыпты болуына, сонымен бiрге өзiнiң iшкi әлемiн жетiлдiруге, өзiне дұрыс қатынаста болуына үйретудi ұйғарады.
  Осы заманғы мамандардың көпшiлiгiнiң пiкiрi бойынша, экологиялық бiлiм жаратылыстану пәндерi (физика, химия, биология) бойынша қорытындылау формаларындағы бiлiмдi қамтуы қажет. Бұлармен қатар, мiндеттi түрде инабаттылық, құқықтық және эстетикалық бiлiм керек. Оларсыз экологиялық бiлiм өз мақсатына жете алмайды.
  Экологиялық бiлiм арқылы жалпы экологиялық мәдениеттi және экологиялық ойлауды қалыптастыру қажеттiгiмен жарыстыра бiлiктi мамандарға – экологтарға мүдделiлiк үнемi арта түседi. Қазақстанда осыларға байланысты университеттер мен институттар негiзiнде экологиялық мамандар пайда бола бастады. Мәселен, 1989 жылдың өзiнен бастап Петропавл педагогикалық институтында «экология-биология» мамандығы бойынша студенттердi оқыту ұйымдастырылған. Соңғы онжылдықтарда iрi университеттердiң барлығына дерлiгi экологиялық мамандықтар бойынша мамандар дайындауды жолға қойды. Көптеген өндiрiстерде инженер-экологтың мiндеттi түрде штаттық бiрлiгi пайда болды. Бұл мамандық бойынша тек университеттер мен педагогикалық жоғары оқу орындарында ғана емес, көптеген техникалық жоғары оқу орындарында да студенттер қабылдануда.

  Эколог, экологиялық тәрбие, экологиялық білім, ЮНЕСКО.

«Экология және адамның қоршаған ортаға әсері» бөлімі бойынша қорытынды

  Экология – ағзалардың оларды қоршаған табиғи ортамен және бір-бірімен өзара қатынасы туралы ғылым. Ол адам білімінің дербес саласы ретінде өзге дәстүрлі жаратылыстану ғылымдарынан кейінірек пайда болды. Экология ғылымдардың барлығымен, әсіресе биогеография, биологиямен тығыз байланысты. Сондықтан күні бүгінге дейін экологиялық зерттеулерде физика, химия, геология, география және биологияның әдістері қолданылады. Алайда тек қана экологияға арналған өзіне ғана тән әдістер де бар. Олар – биоиндикация және экологиялық мониторинг (бақылау).
  Адамның табиғатқа немқұрайлы қарауынан бірқатар жаһандық экологиялық проблемалар туындағандықтан, қазіргі заман экологиясының рөлі едәуір өсті. Олардың ішіндегі ең маңыздылары:
  • қоршаған ортаның ластануы;
  • климаттың өзгеруі;
  • мутациялар сандарының артуы;
  • биологиялық әралуандықтың азайып кетуі. Егер бұл проблемалар экологиялық білімге сүйеніп, дер кезінде шешімін таппаса, адамның апатқа ұшырауы мүмкін.
  Экология дербес үш бөлімнен: аутэкология, синэкология және демэкологиядан тұрады. Аутэкология нақтылы ағзаның (түр, ағзалар тобы) қоршаған ортамен байланысын зерттейді. Тірі ағзалардың көпшілігі жерүсті-ауалық ортада өмір сүреді. Екінші орналасқан орны – сулы орта. Онда орныққан ағзалар гидробионттар деп аталады. Олар жарығы аз және оттегі жеткіліксіз, температура деңгейі өзгермелі және белгілі тұздылығы бар тығыз ортада тіршілікке бейімделген. Үшінші өмір сүру ортасы – топырақ. Онда геобионттар орнығады. Төртінші өмір сүру ортасы – өзге тірі ағза. Мұнда не зиянды паразиттер, не пайдалы (немесе қауіпсіз селбесушілер орнығады.
  Ғаламдық экологиялық проблемалардың біріне климаттың өзгеруі жатады. Ауылшаруашылық және өнеркәсіптік өндіріс барысындағы, сондай-ақ табиғи себептерге байланысты (жанартаудың атқылауы, орман өрттері) шығарындылардың нәтижесінде атмосфера өзгереді. Көмірқышқыл газы, күйе, метан және фреон бөлшектерінің жинақталуы озон қабатын бұзып, жылыжай эффектісі туындайды. Олармен қатар өсімдіктер жойылады (орман ағаштарын есепсіз кесу және ормандағы өрт), соның салдарынан атмосферада көмірқышқыл газы СО2 жинақталады. Экологтардың көбісі егер бұл үдерісті тоқтатпаса, ғаламдық жылыну болады деп есептейді. Қазіргі кездің өзінде Жер атмосферасының температурасы орташа 10С-қа жоғарылады. Ғаламдық климаттық өзгерістер сценарийі әркелкі, себебі осындай ауқымдағы өзгерістердің көп болуының барлық салдарын есептеу мүмкіндігі жоқ. Бірақ ғаламдық жылыну мұздықтардың еруіне, Дүниежүзілік мұхит деңгейінің көтерілуіне, тіршілік бар құрлық ауданының қысқаруына, мұхит ағындары бағыттарының өзгеруіне, салынған барлық инфрақұрылымның бұзылып, мәңгі тоңның еруіне, атмосфера мен мұхит атмосферасының химиялық құрамының өзгеруіне апарып соғады. Осы проблеманы шешу үшін халықаралық және мемлекеттік деңгейде іс-әрекеттер жасалуда.
  Қазақстан Республикасының экологиялық проблемаларына алдыңғы бөлімдерде қарастырылған биоалуантүрлілік пен табиғи экожүйелерді сақтаудан басқа экологиялық апат аймақтарының пайда болуы жатады. Табиғат ресурстарын тиімсіз пайдалану және ядролық сынақ жүргізу салдарынан ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, Қазақстанда экологиялық проблемалар қалыптасты. Оған Арал және Арал маңы экологиялық апат аймағы; Семей ядролық полигон аймағы; Батыс Қазақстандағы мұнайдан ластанған аймақ жатады. Республикалық статус (мәртебе) алған осы ірі экологиялық проблемалардан басқа әр өңірдің өзіне тән өңірлік проблемалары бар.
  Біздің елімізде экологиялық проблемалар үкіметтік деңгейде эколог-ғалымдар, әртүрлі қоғамдық қозғалыстардың энтузиастары мен волонтерлерінің күшімен шешіледі. Бірақ экологиялық проблемаларды табысты шешу әрбір азаматтың өзінің міндеті болуы тиіс.
  Үкіметтік деңгейде қорықтар, қорықшалар, табиғат ескерткіштері, ұлттық саябақтар, қорықтық аймақтар сияқты әртүрлі ЕҚТА – ерекше қорғалатын табиғат аумақтары жасалады. Табиғат ресурстарын пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасымен экологиялық талаптар мен нормалар ескеріліп, қатаң регламенттеледі. Бірақ патриотизм болмай, ұлттық дәстүрді сақтамай және алдыңғы қатарлы әлемдік ғылыми білім тәжірибесін пайдалану негізінде тәрбие бермей, экологиялық көзқарас қалыптастырмай заңдарды сақтау мүмкін емес.

×
×

Корзина