Қазақстан пайдалы қазбаларға бай. Оның қойнауында жанғыш пайдалы қазбалардың мол қоры бар. Мұнай, табиғи газ, көмір кен орындары көп.
Сондай-ақ Қазақстанда құрамында қорғасын, қалайы, сынап, мырыш, мыс, алюминий бар түсті металдар қоры баршылық.
Біздің еліміздің аумағында полиметалл кендерінің мол қоры бар. Грек тілінен аударғанда «поли» – «көп» деген мағынаны береді. Бұл кендердің құрамында бірнеше металл бар, олардың бастысы – қорғасын мен мырыш. Олардан басқа құрамында мыс, алтын, күміс, палладий, платина және тағы басқа металдар болады. Таллий, цирконий, индий, кадмий, вольфрам сияқты сирек кездесетін металдардың да кен орындары бар.
Қазақстан темір кенінің қоры жағынан дүниежүзінде жетекші орын алады.
Металл емес пайдалы қазбалардан Қазақстан аумағында тұз бен құрылыста қолданылатын түрлі пайдалы қазбалар кең тараған.
Пайдалы қазбалар – біздің мемлекетіміздің басты байлығы. Оларды өзіміздің қажеттілігімізге жаратып, басқа елдерге де сатамыз.
Пайдалы қазбаларының жалпы қоры бойынша Қазақстан дүниежүзінде алтыншы орын алады.