Құрлық деген не?

- Жер бетіндегі ірі элементтерді атап, сипаттай аласың.

Қайталау сұрақтарына жауап бер және тапсырмаларды орында

1. Жер литосферасы деген не?
2. Жер шарымызда қанша құрлық бар?
3. Жұмбақты шеш.
    Доп сынды келбеті,
    Онда бар түп-түгел,
    Әлемнің әлпеті.
Шешуіне синквейн құрастыр.

Суретке қара. Жер шарының қабаттарын анықта.

Білу үшін оқы

  Жер қыртысы – түрлі қалыңдықтағы қатты беткі қабат (литосфера). Жер қыртысы бөлек-бөлек литосфералық тақталардан тұрады, олардың арасында сызаттар бар. Бұл тақталар үнемі қозғалыста болады. Олар бір-бірімен соғылған кезде жер сілкініп, жанартаулар атқылайды. Егер бұл мұхиттың астында болса, онда аралдар пайда болады. Оларды жанартаулық аралдар деп атайды.
  Мұндай арал – мұхит бетінің үстіне көтерілген жанартаудың ұшы.
  Арал – жан-жағын су қоршап жатқан судағы құрлық. Жер шарымызда арал көп, алайда олардың ең үлкені – Гренландия.

  Жер бетіндегі ең ірі элементтер – құрлықтар, яғни жан-жағын су қоршап жатқан континенттер.

  Аралдар мен құрлықтар бір-бірінен көлеміне қарай ерекшеленеді. Жер шарымызда алты құрлық бар.

Картаға қара. Құрлықтар қайда орналасқанын және қалай аталатынын анықта.

  Барлық құрлықтар бір-бірінен көлеміне қарай ерекшеленеді.

  Кестеге қара. Әр құрлықтың көлемін анықта. Ең үлкен және ең кіші құрлықтарды ата.

  Австралия. Бұл құрлықта осылай аталатын бір-ақ мемлекет орналасқан. Халық саны – 24 млн адам.
  Антарктида. Мұнда мемлекет пен тұрақты тұрғын жоқ. Ең суық құрлық, оны түгел мұз құрсап жатыр.
  Африка. Бұл құрлықтың аумағында 55 мемлекет орналасқан.
  Еуразия. Бұл құрлық екі бөліктен тұрады: Еуропа және Азия. Мұнда әлемдегі ең үлкен ел – Ресей орналасқан. Сондай-ақ Еуразия аумағында Жер бетіндегі ең биік Эверест тауы бар (оның биіктігі – 8848 км). Осы құрлықта біз де өмір сүріп жатырмыз.  Жер көлемі жағынан Қазақстан дүниежүзі бойынша 9-орын алады.
  Солтүстік Америка. Бұл құрлықта 23 мемлекет бар. Ең ірілері – Канада мен Америка Құрама Штаттары (АҚШ).
  Оңтүстік Америка. Мұнда 12 мемлекет орналасқан және 400 млн-нан астам адам тұрады.

Қызықты деректер

• Антарктиданы 1820 жылы ашқан. Адамдар бұрын бұл құрлықты білмеген. Бұл құрлық ешбір елге жатпайды. Мұнда тек ғалымдар ғана жұмыс істейді. Антарктидада шамамен 70% мұз түріндегі ауызсу қоры бар. Антарктиданың кей жерлерінде мұздың қалыңдығы 4800 метрге дейін жетеді. Егер бұл мұздың барлығы еритін болса, теңіздер мен мұхиттардағы су деңгейі 55 метрге дейін көтеріліп, жағалаудағы қалаларды су басып қалар еді. Антарктида аумағында 1983 жылы ең төменгі температура (–89,20С) тіркелді.
• Ғаламшардағы ең ыстық жер – Африка. 1922 жылы 13 қыркүйекте Ливияда (Солтүстік Африка) көлеңкедегі ауа температурасы +57,70С болған.
• Жердегі ең ауасы құрғақ жер – Антарктида. Өте төмен температураға байланысты су буланбайды, сондықтан мұнда ауа өте құрғақ болады.
• Жерастына 2080 метр төмен түсудің әлемдік рекорды – Абхазиядағы Крубера-Воронья үңгірінде тіркелді.

Сабақты қорытындылау

1. Құрлықтар мен аралдар деген не? Олардың бір-бірінен айырмашылығы неде?
2. Жер шарымызда қанша құрлық орналасқан? Құрлықтардың үлкендігіне қарай диаграмма құрастыр (кестені пайдалан).
3. Ермексаздан ғаламшарымыздың құрлықтар бейнеленген моделін жаса.

×
×

Корзина