Қандай ғарыш денелері бар?

- жекелеген ғарыш денелерін сипаттай аласың.

Қайталау сұрақтарына жауап бер және тапсырмаларды орында

1. Күн деген не?
2. Күн жүйесінде қандай ғарыш денелері бар?
3. Неліктен тек бір ғана ғаламшарда тіршілік бар?
4. «Ғаламшар» және «Ай» сөздеріне синквейн құрастыр.

Осы ғарыш денелеріне кластер құрастыр.

Мәтін бойынша тапсырмаларды орында.

  Іңкәр осы кешті тағатсыздана күтті. Сағат сегізде әкесі іссапардан оралады, анасы екеуі күтіп алуға әуежайға барады.
  Әуежайдан қайтқанда қараңғы түсіп кетті. Аспанда жұлдыздар жарқырайды. Іңкәр көлік терезесінен жұлдыздарға қызыға қарап келеді. Ол аспаннан Жетіқарақшы шоқжұлдызын көрді. Кенет аспаннан жарқыраған бір нәрсе ұшып өтті де, тез сөніп қалды. Анасы бұның «жұлдыздың ағуы» деп аталатынын айтты. Іңкәр Жерге жұлдыздың түсуі мүмкін емес, яғни бұл басқа бір нәрсе, қалайда оның не екенін анықтау керек деп ойлады.

1. Іңкәр аспаннан не көргенін болжап айт.
2. Іңкәр мұның не екенін анықтау үшін қандай дереккөздер пайдаланады?

Білу үшін оқы
«Инсерт» әдісін қолдан.

  Ғарыштық кеңістікте жұлдыздар, ғаламшарлар және олардың серіктерінен басқа да ғарыш нысандары бар. Олар: метеорлар, метеориттер, астероидтар, кометалар мен кіші ғаламшарлар.
  Метеорлар мен метеориттер – бұлар ғарыштық қалдықтардың тас немесе темір сынықтары. Бұл сынықтар Жер атмосферасына түскенде қатты қызады да, соңына жарық қалдырып жарқырайды. Біраздан кейін тастар жанып, жарық көрінбей кетеді. Бұл тастарды метеорлар деп атайды. Егер мұндай тас толық жанбай Жер бетіне түсетін болса, онда оны метеорит деп атайды. Тәулігіне ғаламшарымыздың атмосферасынан мұндай мыңдаған нысандар ұшып өтеді.
  Жер бетіне бір метеорит түссе, ол жерде ойық – кратер пайда болады.
  Астероидтар – бұлар тас немесе металл түріндегі аспан денелері. Бұл денелердің көпшілігі Марс пен Юпитер орбиталарының арасында орналасқан. Бұл астероидтық белдеу деп аталады.

  Күн жүйесінде бір миллиондай астероид бар. Астероидтың көлемі әртүрлі болады: ең кішілерінің диаметрі 10 метрге дейін, ал ең ірілерінің диаметрі 900 километрге дейін жетеді.
  Астероидтық белдеудегі ең ірі нысан – Церера. Оның диаметрі 950 км болады, сондықтан оны кіші ғаламшар деп атайды. Қалған астероидтар әлдеқайда ұсақ. Ірі астероидтардың көлемі мен құрылымы ғаламшарларға ұқсайды. Астероидтық белдеуден басқа Күн жүйесінде кіші денелер айналатын тағы бір белдеу бар. Олар астероидтардан өзгеше және қатқан газдар мен судан тұрады.

Церера

Қызықты деректер

• Ғаламшарлар арасындағы кеңістіктен атмосфераның төменгі қабатына өтіп кеткен метеоритті болид деп атайды.
• Ғаламшарымызға күніне 100 кг метеорит құлайды.
• Метеориттер Жер атмосферасын секундына 11 километрден 30 километрге дейінгі жылдамдықпен кесіп өтеді.
• Метеориттен адам шығыны ешқашан болған емес.

Сабақты қорытындылау

1. Күн жүйесінде қандай ғарыш нысандары бар?
2. Метеорлар мен метеориттердің бір-бірінен қандай айырмашылықтары бар?
3. Неліктен кіші ғаламшарлардың (кіші денелер) мұздан құралғанын болжап айт.

  Нақты дереккөздерден Күн жүйесіндегі кіші денелер туралы ақпараттар тап. Хабарлама дайында. Сыныптастарыңа айтып бер.

×
×

Корзина