Жер қалай айналады?

- Жердің орбиталық айналуының салдарын түсіндіре аласың.

Қайталау сұрақтарына жауап бер

1. Астрономдар немен айналысады?
2. Ғарыш нысандары Жер шарымызға қалай әсер етеді?
3. Жерде неліктен күн мен түн ауысады?
4. Жер өз өсінен толық айналып шығу үшін қанша уақыт керек?

  Сызбаға қара. Жер Күнді айналғанда не болатынын анықта.

Білу үшін оқы

  Жер Күнді өз өсінен айнала отырып қозғалады. Жер Күнді секундына 30 километр жылдамдықпен айналады. Ол Күнді бір жылдың ішінде, яғни 365 тәулік 6 сағат 9 минутта бір рет айналып шығады. Ыңғайлы болу үшін 365 тәулікті 1 жыл деп санайды. Қалған сағаттар мен минуттарды жинап, әр төрт жыл сайын кібісе жылы деп есептейді, онда 366 тәулік болады.
  Жер өсінің көлбеулігіне байланысты Күн сәулесі Солтүстік және Оңтүстік жартышарларға әртүрлі түседі. Солтүстік жартышарда қыс болғанда, Оңтүстік жартышарда жаз болады.
  Қысқа қарағанда жазда Күн көкжиектен жоғары көтеріледі, жазда күн ұзақ, қыста күн қысқа болады. Жердің орбита бойымен қозғалуы жыл мезгілдерінің ауысуына әкеледі. Жер шарымыздың экваторына Күн сәулесі тік түсетіндіктен, қатты ыстық болады. Сондықтан онда жыл мезгілі ауыспайды.
  Жылына екі жартышарға да (Солтүстік пен Оңтүстік) Күн сәулесі бірдей түсетін екі күн бар. Бұл күндері барлық әлемде күн мен түннің ұзақтығы бірдей. Бұл күндер көктемгі және күзгі күн мен түннің теңелуі – 21 наурыз бен 22 қыркүйек.

  Жылына бір рет болатын тағы ерекше екі күн бар. 21 маусым – ең ұзақ күн мен ең қысқа түн. 22 желтоқсан – ең ұзақ түн мен ең қысқа күн. Бұл күндер – жазғы және қысқы күннің тоқырауы.
  Экваторда және оған жақын аймақтарда біздің жеріміздегідей жыл мезгілі ауыспайды, алайда оларда жауын мөлшері көп түсетін жаңбырлы маусым бар.

Қызықты деректер

• Ғаламшарлардың Күнді айналу кезеңдері әртүрлі. Ғаламшар Күннен қаншалықты алыс орналасса, соншалықты жыл ұзақ болады.

• Марста Жердегідей жыл мезгілдері бар.
• Алып ғаламшар Сатурнда жылдың бір мезгілі жеті жылға созылады. Жыл мезгіліне қарай Сатурн түсін өзгертіп тұрады.
• Нептунда да жыл мезгілі бар, алайда ол Күннен өте қашық орналасқандықтан, онда әр мезгіл 41 жылға созылады. 2005 жылы бұл ғаламшардың оңтүстік жартышарында жаз басталды, ол енді 2046 жылы аяқталады.

Сабақты қорытындылау

1. Жер орбита бойымен Күнді айналғанда не болады?
2. Неліктен төрт жылда бір рет кібісе жылы деп есептеледі?
3. Қай күндерді күн мен түннің теңелуі деп атайды? Неліктен?
4. Жаңбырлы маусым деген не? Ол қайда болады?

×
×

Корзина