Мен шыққалы жетіге,
Тура, міне, ай болды.
Құлын шығып екіге,
Асыр салған тай болды.
Бұрынғыдай емес те,
Жанынан жай өтесің.
Қарап тұрсаң көресің
Ойнақтаудың «көкесін».
Атам әлгі қасқаны
Қорада ұстап алды да,
Күзеп-күзеп тастады
Құйрығын да, жалын да.
Ертіп келіп көршіні,
«Ұры тісін» қақтырды.
Ауырсынып қалды ма,
Орнынан шақ тұрды…
Сегіздемін, міне, мен,
Тай есейді құнан боп.
Үйретті өзін күнімен
Ерттеді де, жүгендеп.
Атам әлгі қасқаны
Ұстап алып жуықта,
Жалын күзеп тастады,
Тимеді енді құйрыққа.
Ер салғанға үйренді,
Кәдімгідей жуасып.
Той боларын білгенде,
Суытамыз түн асып.
Құнан жарыс болғанда,
Ағам мініп шабады.
Кейде бәйге алады,
Кейде артында қалады…
Білімге сермеп құлашты,
Тоғызға да жеттім ғой.