Бағбан сыры

Мәтіннен өзіме қажетті ақпаратты аламын, сызбаға түсіремін.

1. Топбасшы деген кім? Ол қандай болуы керек?

2. Мәтінді түсініп оқы.

Ұжымдық дәстүр

  Біздің мектеп – жаңадан салынған сәулетті, сәнді ғимарат. Көктемде ұжымдық дәстүр бойынша мектеп айналасын көгалдандыру ісі басталды. Біздің бесінші сынып оқушыларының топбасшысы мен:
  – Біздің сыныптағы он бес оқушы он бес ағаш отырғызып, мектепті бітіргенге дейін, ол ағаштарды үзбей күтейік, – деп ұсыныс жасадым.
  – Біз әрбір ағаштың өз иесін белгілейік, сөйтіп олардың іс-әрекетін бақылап отырайық, – деді Асқар. Біз оның ұсынысын мақұлдадық.
  – Әуелі ағашты қалай отырғызуды үйреніп алу керек, – деді сабырлы Садық.
  – Ағаш отырғызудың қандай қиындығы бар? Оқытушы бәрін көрсетеді, – дедім.
  – Ағаш отырғызу үшін көшет таңдай білу керек, – деп Керім кекиді.
  – Менің атам – бағбан, көшеттерді мен таңдаймын, – деп Демеу демікті.
  – Талаптарыңа нұр жаусын. Сендерге ағаш отырғызатын жерді белгілеп беремін, – деп шаруашылықты меңгеруші Мейірман ағай мейірлене сөйлеп, бізді басқарып барды.
  «Биология» пәнінің оқытушысы Әшір ағай бізге ағаш отырғызатын шұңқырдың тереңдігін, енін белгілеп берді. Біз ағаштардың арақашықтықтарын белгілеп, көшет отырғыздық.
  – «Бітті жұмыс» деп салғырт болмаңдар. Ағашты суару, бұтау, дәрілеу, қорғау, түбін босату әрекеттерін әрбір ағаштың иесі жақсы білу керек, – деп, Әшір ағай ағаш күтудің жағдайларын бізге жақсылап түсіндіріп берді.
  – Өзіміз отырғызған ағаштардың жайқалып, жақсы өсуіне бәріміз жауаптымыз, – деді Әділет.
  – Өстіп, ұжымдық дәстүрге берік болыңдар, – деп сынып жетекшісі Асқарбек ағай біздің ісімізді өз бақылауына алды.
  Біз әрқайсысымыз бір түп ағашты күтіп, өсіре бастадық. Мектеп ауласындағы жайқалып тұрған жас ағаштарды көріп, жұрт бізге алғысын айтып жүр.

Әдібай Табылды

3. Топбасшының ұсынысына өз көзқарасыңды білдір.

4. Сенің мектебіңде (сыныбыңда) қандай ұжымдық дәстүрлер бар? Әңгімеле.

5. Өлеңді тыңда.

Бағбан сыры

Емен,
Қайың,
Ақ терек –
Бәріне де бап керек.
Отырғызсаң алмаағаш,
Тамырына тап қорек.

Назар салып әр түпке,
Келтір бақты тәртіпке.
Бағбан болсаң,
Шалжиып
Жатып алу артық де!

Қашырып та,
Қуып та,
Пәлекетті жуытпа!
Түтін қойып,
Әр түпті
Сақтау керек суықта!

Биологтың, қарағым,
Білесің бе талабын?!
Әр ағаштың сәуірде
Әктеу керек балағын.

Жердің қара құйқасы –
Жас тамырдың шипасы,
Қопсытасың әр түпті,
Көктемеде қи тасып.

Сияқты бір ата-анам
Қарт бағбаннан бата алам.
Жеміс ағаш әдетте
Болу керек жатаған.

Бөлер күн мен көп түнін
Бізде солай жоқ, тыным.
Күзеу керек жыл сайын
Жеміс ағаш шоқтығын.

Ақырында, қыраным,
Көреді көз қырағы.
Бағың менен Еңбегің
Қатар гүлдеп тұрады!

Қадыр Мырза Әли

6. Мәтіндерге сүйеніп, ағаш күтуге байланысты еңбек түрлерін ата.

7. Өлеңнің соңғы шумағын қайталап оқы. Ақын ойын өрбітіп әңгімеле. Еңбек туралы мақал-мәтелдер айт.

×
×

Корзина