Табиғаттағы байланыс

Мәтіндегі негізгі ойды анықтаймын, оқиғаны өз ойымша өзгертіп, басқаша құрамын.

1. Түсініп оқы. Жусан туралы өзің не білесің?

  Қазақ халқы үшін жусан – қасиетті өсімдік. Алыс сапарға аттанған жолаушы жусанды өзімен ала жүреді. Оны иіскеп, туған жерге деген сағынышын басады.

2. Түсініп оқы.

Бетпақдала

(Аңыз)

  «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл жүні қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен» дейтін заманда мынадай бір оқиға болыпты.
  Жері шүйгін, оты-суы мол, ғажайып бір өңірде төрт түлік малын мыңғыртқан, төрт құбыласы сай бір ел болыпты. «Жері байдың – елі бай» дегендей, құнарлы өлкенің байтақ төсі байлық пен берекенің, бақыт пен қуаныштың ұйытқысы сияқты екен. Бұл өңірдің құнарлылығы сондай, түн ортасы ауа құрығын шымға тіреп қалғып кеткен жылқышы таң атқанда қолындағы құрықтың бүр жара бастағанын көреді екен дейді. Әлгі: «жатып қалған бір тоқты жайылып, мың қой болған жер» дейтін сөз осындай, түгін тартса, майы шығатын құт мекендерге қатысты айтылса керек.
  Осынау берекесі мен байлығы шалқыған елде жұртты аузына қаратқан бір хан болған екен. «Байлық не дегізбейді?» деген емес пе, дәулеті асып, қаны тасқан хан күндердің бір күнінде бір мінез шығарып, маңайының мазасын алатын болады. Үстінен құс ұшып өтсе де, желідегі құлын кісінесе де, ауыл үстінен құйын ұйтқып өтсе де, төңірегіндегілердің апшысын қуырып, ашу шақырып, жайсыз мінез көрсетеді екен.
  Күндердің бір күнінде шілденің шіліңгір ыстығы пысынатқан соң, әлгі кінәмшіл хан ауыл іргесіндегі өзенге түсіп салқындамақ болады. Жұрт жібек шатырды құрып, ханды өзен жағасына әкеле берген кезде, хан баж етіп отыра кетеді. Маңайындағылар үрпиісіп, «не болдылап» келіп қараса, ханның табанына боз жусанның сояуы кірген екен. Осы сәттен бастап ханның қабағы ашылмайды. Хан түнерген қалпында ордасына келіп, халыққа жар салады: «Жер бетінде бір түп жусан қалмасын! Кімде-кімнің өрісі мен қонысынан бір тал жусан көрсем, менен жақсылық күтпесін!» – дейді. Шабармандар ханның жарлығын ауыл-ауылға жария етіп жөнеледі. Хан жарлығын екі етуге бола ма, қалың ел өзге тірліктерін тастап, жусан жұлуға жұмылыпты.
  «Ел іші – алтын бесік», көсемі де, шешені де, байы да, байғұсы да сол ел ішінен табылады ғой. Ханның осынау қиянат тірлігін жөн көрмеген бір ақылгөй қарт Ордаға арнайы келіп, басу айтады.
  – Уа, хан ием, – дейді ақылгөй қарт, – «ашу – дұшпан, ақыл – дос», сабаңа түсіп, сабыр сақтасаң еді. «Битке өкпелеп, тоныңды отқа жағуға» бола ма, табаныңа кірген шөгірді кек тұтып, ойланбай әрекетке кіріссең, сол шөгір ертең-ақ маңдайыңа тікен болып қадалады. Боз жусан – даладағы тіршіліктің тірегі. Күннің ыстығын қайырып, жердің дымқылын сақтап тұрған осынау киелі өсімдік. Малыңа азық болып, басыңа береке дарытушы да осы жусан. Сарай ашар хош иісі мен жанға шипа шырыны құрт-құмырсқа, кене мен бүйінің қаптап кетуінен сақтайды. Тіл алсаң, райыңнан қайт та, жеріңнің берекесін, еліңнің ертеңін ойла…
  Ақылгөй қарттың алысты ойлаған жанашыр сөзін кінәмшіл хан тыңдамайды. Әлгі айтқан сөздің бәрін кек тұтады.
  Арада екі-үш ай өткенде ханның қол астындағы өлкеде бір тал жусан қалмайды. Жусан жұлуда белсенділік көрсет кендерді хан марапаттап, сыйлық үлестіреді.
  Содан уақыт өте береді. Күндердің бір күнінде ел іші күтпеген бір сұмдыққа тап болады. Байтақ дала дуылдаған құрт-құмырсқаға, бүйі-шаянға, қарақұрт пен өрмекшіге толып кетеді. Отар-отар қойларды кене буып, оттан қалады… Келе-келе түйені шаян шағып, өрісте қалады. Бүйі мен қарақұрттан қорғанған ел бой жазып, ақ төсекте жата алмайды.
  Сөйтіп жүргенде ханның мәпелеп бағып отырған тұлпарын қарақұрт шағады.
  «Есті ханның қайғысы ақылменен басылар, есер ханның қайғысы ашу болып шашылар» деген сөз рас, тұлпарынан айырылған хан тағы да бұрқ-сарқ ашуланады. Халқына жарлық шашады: «Ел-жұрт барлық тірлікті қойып, құрт-құмырсқа, бүйі-шаян, өрмекші, қарақұрт, жылан, кесірткені қыруға кіріссін!» – дейді. Шабармандар хан жарлығын жерге түсірместен, тағы да ауыл-ауылға таратып жөнеледі.
  Хан жарлығын екі етуге болмайды, жарлығы орындалуы керек. Амалы қалмаған ел өлкенің гүл, құрағына, беткейдің бозына, төскейдің орман-тоғайына өрт қойып, туған жерді оттың құшағына береді. Төрт түлік малы мен дүниесіне дейін отпен аластайды. Жер бетінде жыбыр етер тірі жәндік қалмайды. Ел-жұрт иығына түскен ауыр жүктен құтылғандай болады.
  Бұл тыныштық та ұзаққа созылмайды. Ел-жұрт бұрын-соңды көрмеген тағы бір сұмдықтың куәсі болады. Байтақ даланың тірі жәндігі қырылған соң, көп кешікпей-ақ сол жәндіктерді қорек ететін құстар да қырыла бастайды. Күнімен шырылдап ұшқанда оймақтай бөтегесін толтырар тірі жәндік таппай, алдымен даланың бозторғай, қарлығаш, бұлбұл, көкек, кептер, тарғақ сияқты ұсақ құстары қырылады. Мұнан соң көп кешікпей-ақ, сол ұсақ құстарды қорек ететін тұйғын, сұңқар, жапалақ, қаршыға, жағалтай, лашын сияқты қыран құстар қырылады.
  Алғашқыда ел-жұрт табиғаттың бұл құбылысына жөнді мән бермейді. Кешікпей-ақ тағы да бір күтпеген нәубет әкелгендей болады. Енді жер астын сағалап, баяғы қалың өрттен аман қалған тышқан мен жыланның алуан түрі қаптайды. Көкте қыран құстар қырылған соң, әсіресе саршұнақ, түйеқұлақ, алақоржын, атжалман сияқты тышқандар құжынап кетеді. Байтақ даланың астын үстіне шығарып, шұрқ-шұрқ інге айналдырған тышқандар елдің берекесін алып, азын-аулақ егістерін жайпап кетеді.

Ақселеу Сейдімбек

3. Табиғаттағы байланыс. Аңызға сүйеніп, деректер келтіріп, дәлелдеп сөйле.

4. Негізгі ойдың басталуы, дамуы, шиеленісуі және шарықтау шегіне қарай берілген суреттерді ретімен орналастырып әңгімеле.

5. Нәубет деген не? Мәтіннен осы сөздің мағынасын ашатындай тұстарды тауып оқы.

6. «Хан өз ісіне өкінді» деген тұжырыммен аңызды басқаша аяқтап көр. Ол үшін жоспар құр. Жоспар бөліктерін сұраулы сөйлемдермен ата.

×
×

Корзина