«Байқоңыр» ғарыш айлағы

Қажетті ақпаратты табамын және сызба құрастырамын.

1. Тыңда.

Шахтёр мен ғарышкер

Байқоңырдан еркелеп жел еседі.
Жезқазғанның забойларын кешеді.
Ғарышкерлер ұшарында шахтёрге
Сәлем айтып жібереді деседі.

Сондай сәтте көңілім менің өседі,
Төгіледі кеннің қымбат кесегі.
«Ғарышкерлер», «Шахтёрлер» деп айтамыз,
Қатар салған екі бірдей көшені.

Бірі – биік, бірі терең заулайды,
Екеуі де ерлігімен баурайды.
Космодром шахталарым сияқты,
Ал ғарышкер шахтёрлерден аумайды.

Кәкімбек Салықов

2. Өлеңнің авторы туралы әңгімеле.

Кәкімбек Салықов
1932–2013

  • Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында дүниеге келген.
  • Ақын, аудармашы.
  • «Қазақ жері, елі, табиғатын көп жырлаған ақындардың бірі – Кәкімбек Салықов».

Серік Қирабаев

3. Түсініп оқы.

«Байқоңыр» ғарыш айлағы

  «Байқоңыр» ғарыш айлағы Қызылорда облысы Қармақшы ауданы аумағында орналасқан. Іргетасы 1955 жылы қаланған.
  Жалпы, әлемде 20-дан астам ғарыш айлағы бар, бірақ «Байқоңырда» дүниежүзіндегі ұшырулардың үштен бір бөлігінен астамы жүзеге асырылады. Ол әлемде зымырантасығыштарды ұшыру саны бойынша және коммерциялық ғарыш аппараттарын ұшыру саны бойынша бірінші орынды иеленеді.
  Басқа ғарыш айлақтарынан айырмашылығы – оның орналасқан жеріне байланысты. 1954 жылы ғарыш айлағын салатын жерді таңдап алу үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия бірнеше елді мекенді қарап, Арал теңізінен шығысқа қарай жатқан Байқоңырды ұсынған болатын. Басқа ғарыш айлақтарының ішінде, Байқоңыр өзінің орналасуы бойынша ең қолайлысы екен. Ол экваторға жақын орналасқан. Механиканың заңы бойынша ғарышқа ұшыру үшін отын аз жұмсалады. Сондай-ақ экваторда орналасқан ғарыш айлақтарынан айырмашылығы – мұнда жауын-шашын жоқтың қасы. Күн жылдың 300 күнінде жарқырап тұрады. Сондықтан да әлем біздің ғарыш айлағымызды Жердің нөмірі бірінші ғарыш айлағы ретінде мойындайды.

«Ғарыш әлемі» журналынан, 2013, №7

4. «Байқоңыр» қайда орналасқан? Мәтіндерге сүйеніп, Байқоңырдың қандай қалаларға жақын екенін айт.

5. Мәтінге сүйеніп, сандардың сырын аш.

6. Сәйкестендір.

7. Байқоңырдың атауына байланысты аңызды тыңда.

Байқоңыр

(Аңыз)

  Бір жылы Сырдың бойында үлкен жұт болып, бүкіл мал қырылып қалған екен. Соның алдында назарларға (ру аты) бір бай Қоңыр атты қызын ұзатып салған. Екі-үш жыл өткеннен кейін қыздың ағасы балаларға барып қайтайын деп барса, олар қыстан аман шыққан екен. Қарындасы алдынан шығып, жақсылап қонақ етіп күтеді. Содан қарындасы:
  – Аға, ел жұтап жатса, мына малдан мал алып кет, жылқыдан жылқы алып кет, – деп бір қора мал береді. Ағасы малды ауылға әкеліп, әркімге таратады. Жұрт: «Мұны қайдан алып келдің?» – деп сұрайды. Сонда ағасы:
  – Қоңырдың барған жері жақсы екен, қыстан аман-есен шыққан екен, – дейді. Оны естіп, «біз де құдаларға барып, ең болмаса, ат мініп келейік» деп барғандарының ешбіреуі құр қол қайтпапты.
  Содан Қоңыр деген қыздың барған жері бай болған соң, осы жер «Байқоңыр» аталып кеткен екен.

«Бабалар сөзі». Жүз томдық, 80-том

8. Деректерді пайдаланып, Байқоңыр туралы презентация (таныстырылым) дайында және сөйле.

×
×

Корзина