– Оны қайтесің, құлыным? – деп әкесі де үйіріле қалатын.
– Ұста болам, көке.
– Қой, менің-ақ темірмен алысқаным жетер. Ұшқыш бол одан да. Кешегі айтқаныңнан айнымасаңшы.
Әкесі сөйтіп оның ұшқыш болсам деп айтып қалған бір сөзін әрдайым есіне салып тұратын.
Бұл ұшқыш болуды армандап жүргенде, әкесі ұстаханада көкірегін ыстап, шой балғамен қып-қызыл темірді соққылайтын да жататын. Тер мен темір таты айғыздап, от жарығымен май жаққандай жылтыраған қарасұр жүзі ғана есінде қалыпты…
Тоқтар әкесінен мүлде ерте айырылды.
Батырлықтың қанға тартып, тектіліктен бойға даритын қасиет екені рас-ау. Үлкендер әкесі марқұм Оңғарбай ұстаны ақылымен де, ісімен де жұртқа жаққан, сөзі орнықты, салмақты кісі еді десетін.
Бала Тоқтардың аты ауызға іліне бастады. Тек үздіктер қатарынан ғана көрінуді пешенесіне жазып қойғандай, он сегізге толмай жатып суреті «Құрмет тақтасына» ілінді. Есімі анау-мынау емес, облыстың «Құрмет» кітабына жазылды. Кешкі мектепте оқуын да жалғастыра берді. Аэроклубта парашютпен секіруге, кейіннен ұшуға жолдама алды. Армавирдегі ұшқыштар даярлайтын жоғары әскери училищеге оқуға түсті. Одан кейінгі өмірінің сан қилы сәттеріне ең алдымен зеңгір аспанмен таласқан МИГ-тер ғана куә болар еді…
Бірде ол көк жүзінде самғап келе жатып, ұшқыр ұшағының өз салмағын өзі ауырлап, зіл тартқанын аңдады. Жерде бақылап отырғандар ақаудың қауіпті екеніне көздері жеткен соң, Тоқтарға парашютпен секіруге бұйрық береді. Мұндайда сынақшы-ұшқыштың бірер секундтың ішінде өз еркімен шешім қабылдауға хақысы бар. Ал одан кешіксе, ұшқыш аман қалу мүмкіндігінен толық айырылады. Ұшақ қираса, көп жылғы еңбектің жетістігіне де көлеңке түспек. Оның сыртында конструктордың, техник мамандардың, әріптестерінің де басынан сипамасы белгілі. Өз қатарындағы ұшқыштар әуедегі сынақ кезінде сыр беріп алған бір-екі ұшақты жерге тастап үлгерген болатын. Неге екені белгісіз, ендігі кезек өзінікі сияқты көріне бастаған. Неғылса да, күдігі алдамапты. Ізін баққан қауіп ақыры қапыдан килікті. Ол Жерге, Жер оған қарсы ғаламат жылдамдықпен зымырады. Орман-тоғай, тау-төбелер иек астынан андыздап қоя берді.
Өміріне қауіп төнгенін сезіп, ажалдан құтқарар тетікке ұмтыла беріп, қолын кейін тартып алды. Қас қағым сәтте шешім қабылдау оңайға түскен жоқ. Көк құрыштай жап-жаңа ұшақты обалсынды деу де ақылға қонбас. Өмірі қыл үстінде тұрғанда, елден ерек ерлік жасауды көксей қоймағаны да ақиқат. Бірақ қалайда мәшинені құтқарудың қамын қарастырып, амалын іздеді. Оны тапты да. Тоқтар темір сұңқарын аман-есен «Тбилиси» палубасына қондырды. Өмір мен өлімнің арасынан жол тауып шыққаны сонда барып санасына жеткен. Арпалыс үстінде ол туралы ойлауға да мұршасы болмапты. Жап-жас майордың әлі игерілмеген «МИГ-29» алып әуе кемесін қондырғанын өз көзімен көргендер әлі күнге майын тамыза жыр етіп айтады. Өйткені оның ұшып-қону алаңқайы америкалық «Энтерпройз» кемесінің палубасынан бірнеше есе кіші еді.
Осындай ерекшеліктері бар «МИГ-29»-ды жетілдіруге арналған кезең ғарышкердің өмірбаянынан ерекше орын алады. Тоқтар үшін бұл жылдар ғарышқа сапардың баспалдағы іспетті де көрінеді. Жеті қат аспан төрін сан мәрте шарлап ұшқан сынақшы ғарышқа да қадам басты. Өзімен бірге қазақ елінің де мәртебесін аспандата көтеріп, ғарышқа бір-ақ алып шықты. Тіпті оның түркі халықтары арасынан бірінші болып ғарышқа ұшуының өзі неге тұрады!