Ғарыштағы қазақтың ұлттық тағамы

Шығарманың негізгі ойын анықтаймын, мәтіннен деректер келтіріп дәлелдеймін.

1. Ғарышкер Айдын Айымбетовпен болған сұхбаттағы әңгімені тыңда.

  Ғарыштағы бір қызық оқиғаның есіме түсіп отырғаны: экипаждағы жалғыз қазақ болған соң, шетелдік әріптестеріме өзіме деп апарған тағамдардан дәм ұсындым. Құрттың жасалу жолы жөнінде кеңінен әңгімелеп, кейіннен «ауыз тиіңіздер» дегендей ишара білдірдім. Қызық, алғашында өзге ұлттың тағамы болған соң, әрі бұрын-соңды естіп-білмеген соң, бәрі үрке қарағандай кейіп танытты. Арада біраз уақыт өтті, құртты ерекше сүйсініп жегенімді көрген олар көп ұзамай: «Бізге де берші», – деді. Біреу, екеу, үшеу… Тоқтайтын түрі жоқ. Ара-тұра өз тілдеріңде: «Мынау қандай дәмді тағам, ә? Қанша жыл өмір сүріп, осының дәмін қалайша көрмегенбіз?» дегендей сұрақ қоятындары бар. Сөйтіп жүргенде, ауылдың дәмі деп апарған құртым да таусылуға жақын қалды. «Енді ешкімге бермеймін, Жерге қонғанға дейін біраз уақыт бар». Қызық болғанда, қайдан үйренгенін білмеймін, бір күні шетелдік ғарышкердің жаныма қалықтап келіп, қазақшалап: «Айдын, құрт бар ма?» дегені бар. Сондағы таңғалғаным-ай. Әлгі жігітке еңбегі үшін біреуін ұстатпаудан басқа амалым қалған жоқ. Бұл сәт ешқашан есімнен кетпейді деп ойлаймын.

Ғаламтор материалдарынан

Ғарышкерлер көбіне өңделген тағамдарды қолданады. Жемістер өздерінің табиғи қалыптарында, ал макарон, ірімшік және спагетти секілді тағамдар суды қосуды талап етеді.

«Ғалам» энциклопедиясынан

• Ғарышкерлер жейтін тағам туралы сен не білесің?

2. Жазушы Абдул-Хамид Мархабаевтың «Ғарыштағы қымыз» кітабынан келтірілген үзіндіні түсініп оқы.

Ақсақалдың емі

  Космофлот. Зымыран қонған бойда, жолаушылар салонының есігі ашылды. Екі робот Ақсақалды жұмсақ орындыққа жайғастырып отырғызып, әудем жердегі шаршы топтың ортасындағы үстел жанына апарды. Ұзамай капитаны мен қалған нөпірлері де жетті.
  Кездесуге Күн аумағындағы ғаламшарлардың барлығынан да өкілдер келгенге ұқсайды. Олардың әрқайсысының жанында бір-бірден аудармашы роботтар. Анау тұрған Нептунның өкілі ғой. Оның қасында екі роботтың тұрғаны несі?! Ә… Жаңа есіме түсті. Ұмытып кетіппін-ау. Иә, бәсе! Басқалар қызғанып, күңкіл шығармай-ақ қойсын. Нептун Жердің екі туып, бір қалғаны емес, керек десе, қол созым жердегі, жең ұшы алысып-берісіп тұрған Марс та жалғыз аудармашы роботты (оның өзі де аккумуляторы отырып қала беретін, кекеш робот) місе тұтады ғой. Ал Нептунның тілі бізге жаңадан ғана толық аударылып бітті. Оны әлі үйреніп, жетіліп болмаған бір роботтың суырыпсалма аударма жасауы қиын.
  Ғаламшараралық сыртқы істер басқармасының бастығы құттықтау сөз сөйледі. Ол қонақтар тіліне ғана аударылды.
  Басқарма сөзі тыйылған соң, Ақсақал орнынан тұрды. Ақсақал бұдан бұрын басқа жұлдыздар жүйесіндегі жеті ғаламшармен достық байланыстың бетпердесін ашып берген еді. Қилы-қилы тіршілік түрлерін көріп, ысылған Ақсақал Жермен таныстықты басқаша жолмен жасауды ойлаған екен.
  Ол зымыран капитанына ым қақты. Капитан кейініректе тұрған өзінің екі туысына сыбыр етті. Олар шауып барып, зымыраннан бір аспап алып шықты. Екеуі қолдасып, Ақсақалдың алдына әкеп қойды. Аспапқа қол тигізген Ақсақал жоқ. Оның жанындағы капитан аспаптың радиоактивті сәулелерден қорғағыш қабын сыпырып тастады. Бір тетікті бұрап еді, жиналған шаршы топтан анадай қашық жерде ауада төрт бұрышты ақ шел матадай экран құрыла қалды. Капитан: «Енді не бұйырасыз?» дегендей Ақсақалға қарады.
  – Уа, қадірменді адамдар! – деп Ақсақал енді ғана тіл қатты. – Ғарыштың сонау бір түкпірінен арнайы сіздер, адамдар бар деп келдік. Бізге өзіміз тәрізді саналы бауырлар керек. Мақсатымыз – солардың түрі-түсін көру, адал ниет, достық пейілімізді білдіру, өзіміздің қандай пенде екенімізді аңғарту. Сол үшін бейнетаспалар әкелдік. Мұнда біз тіршілік ететін ғаламшардың дүниеге келгенінен бастап, қазіргі күнге дейінгі дамуы толығымен көрсетілген. Бұл бейнетаспаларға менің өз басымнан қосып-аларым жоқ. Рақым етіңіздер! – Ақсақал «сөз тамам» дегендей, орындығына қайта отырды…
Кенет екі роботтың Ақсақалды жер бауырлай құлап түскен жерінен көтеріп, орындыққа қайта отырғызғанын жіті көздер байқап қалды.
  Капитан аспапты бір бұрап сөндіріп, Ақсақалға ұмтылды. Ғаламшараралық сыртқы істер басқармасының бастығы да оның қасына барып қалған екен.
  – Ақсақал, не болды, не болды? – дей берді. Маңдайынан суық тер бұрқ етті: басқа ғаламшар өкілі бір бәлеге ұшыраса, қиын ғой! Ең құрыса, Күн жүйесіндегі көрші ғаламшардың бірінен де емес. Көмекшісіне қарай бұйрық айтты: – «Дәрігерлік жедел көмек» келсін!

* * *

  Дәрігер Ақсақалды мұқият қарап шықты. Шешімінің қате емесіне көзін жеткізу үшін қайта қарап шықты. Сонан кейін емдәрінің рецептісін жасады.
  Ол аурухана меңгерушісінің кабинетіне кірді.
  – Мен Ақсақалды қарап шықтым. Ұзақ ғарыштық сапар жасау нәтижесінде Ақсақалдың ағзасына қажетті бірталай элементтер жойылған.
  Аурухананың жекеменшігіндегі робот меңгерушіге дәрігердің сөзін сартылдатып аударып болғанда, ол:
  – Біздің де жасап жатқан еміміз осындай. Бірақ дәл осылай деп айта алмаймын, – деді. – Егер бұл рецептіңіз дұрыс, сөзсіз шипа болады десеңіз, осы бойынша дәрі дайындайық.
  Дәрігер меңгерушіге бір бүйірін бере терезе жаққа қарап, өзімен өзі күбірлеп сөйлескендей болды. Оның аузынан шыққан әр сөзін аңдып тұрған робот меңгерушіге аударып жатыр:
  – Әттең, өзімізде болғанда ғой! Ақсақалды жеке үйде бағып, есігі алдына … (осы жерде робот міңгірлеп түсініксіз бірдеңе айтты: сірә, әлі эсперантоға аударылмаған өздерінің термині болар) желіге байлап қойып, сүтін сауып… Ақсақал әп-сәтте құлан-таза айығып кетер еді. Халқымызға қайтадан зор медет беріп, қуаныш әкелер еді.
  Меңгеруші оның пікірінің ұшынан айырылып қалып:
  – Нені дедіңіз? Ненің сүті? – деп сұрады.
  Дәрігер терезеге қараған күйі бетін бұрмай, баяғы өзіне өзі айтып тұрғандай қалыппен:
  – Бізде бір ерекше жануар бар. Үй малы. Дара тұяқты. Өзі күйіс қайырмайды. Ақсақалдың мың да бір емі – соның сүтінен жасалған сұйық тағам…
  Аурухана меңгерушісі дәрігердің соңғы сөзіне оншама мән бере қоймаса да, оның берген рецептісімен қоса күйіс қайтармайтын мал жөніндегі монологін Бүкіл Ғаламшараралық Медициналық Орталыққа жеткізіп барды.

* * *

  Ақсақал Ғаламшараралық сыртқы істер басқармасының мүшелерімен ақ ниетпен жылы қоштасып, өзі келген зымыранына отырды. Роботтардың да сүйемелдеуінен бас тартты. Бойына жаңадан бір күш біткендей жүрісі ширақ.
  Ол ауруханадан Жер есебімен екі айда шыққан-ды. Соңғы айында таза емделумен жатты. Ал бірінші отыз күні түгелімен әлгі дәрігер айтқандай күйіс қайыруды білмейтін жарықтық жануарды Жер бетін адақтап іздеуге жұмсалды. Еңбек еш болмады: ол табылды.  Табылды! Біздің ғаламшарымызда да бар екен! Елден еміс-еміс есіткеніміз: бұдан ілгеріректе ол мыңдаған үйір-үйірімен біздің Жерде өмір сүрген екен. Қазір бірлі-жарым қалса керек.
  Жоқ болса, қайдан табады? Жоқтан бар жасалынбайды ғой! Бардан жоқ жасалмаса…

Абдул-Хамид Мархабаев

робот.

3. Мәтіннің жанрын анықта. Дәлелде.

4. Робот Ақсақал адамдарға не айтып тұр? Мәтіннен тауып, рөлге еніп, мәнерлеп оқы.

5. Ақсақал неге өзін жайсыз сезінген? Дәрігер не туралы айтты? Ашып айт.

Бізде бір ерекше жануар бар. Үй малы. Дара тұяқты. Өзі күйіс қайырмайды. Ақсақалдың мың да бір емі – соның сүтінен жасалған сұйық тағам.

6. Ақсақалдың айығу сәтін, оған ем болған сусынның пайдасы жөнінде әңгімеле.

7. Қазақтың ұлттық тағамдарының пайдасы туралы әңгімелеңдер.

×
×

Корзина