Ерте, ерте, ертеде,
Шеттегі бір өлкеде
Соғыс болды алапат,
Жер дүрілдеп өртене.
Жерді түтін қақтады,
Қара түнек қаптады.
Балалар мен аналар
Баратын жер таппады.
Белгісіз кім кінәлі,
Азалы ел жылады.
Қанша батыр, сарбаздар
Оққа ұшып, құлады.
Дауыл тұрып, жұлқынды,
Теңіз тасып, бұлқынды.
– Дереу соғыс тыйылсын! –
Деп, Жер-Ана сілкінді.
Ақ көгершін қалықтап,
Өрттен қашып, шалықтап,
Көкке бойлап, биікке
Көтерілді шарықтап.
Ол бұлттардан өтіпті.
Айға ұшып жетіпті.
Тілегін Ел-Ананың
Оған баян етіпті:
– Тыңда, жарық Айымыз!
Тым жаман-ау жайымыз:
Соғыс өрті қаулады,
Соққы көрдік дәйім біз.
Сен анықтап қарашы:
Жер – әлемге таласып,
Жауласқандар не тапты?
Достассын да жарасып.
Ай тіл қатты ақырын:
– Амансың ба, ақылдым!
Жақтым көктің шырағын,
Жайым – ғарыш – тұрағым.
Ақ сәулемді себелеп,
Жерге шашып тұрамын.
Жерге мәңгі серікпін,
Жеті күнге көрікпін.
Сондықтан да адамдар:
– Айым, – дейді, – көріктім!
Күн ғой біздің анамыз,
Күннен қуат аламыз.
Ақыл-кеңес сұрайық,
Алыс демей арамыз.
Күнімізге барып қайт,
Көргеніңнің бәрін айт.
Жадыратып біздерді,
Жақсы хабар алып қайт.
Неше жарқын күн өтті,
Неше дүркін түн өтті.
Шаршамастан құс ұшып,
Шарықтауын үдетті.
Ақ алмастай жарқылдап,
Ақ қанаты сартылдап,
Самғап келді Күнге ол,
Самұрықтай аңқылдап: