Ұшып келем

Мәтіндегі оқиғаға ұқсас әңгіме айтамын, өз ойымды білдіремін.

1. Ұшақпен ұшып көрдің бе? Ұшақтағы жолаушы көз алдыңа нені елестетеді?

2. Өлеңді түсініп оқы.

Ұшып келем

Ұшып келем,
Ұшып келем көгімде,
Ұшып келем
Мөлдір аспан төрінде.
Көкте жүріп қызығамын
Жердегі –
Сонау, сонау
Өзім ұшқан өңірге.

Анау менің
Асу-асу белдерім,
Асқаралы тауларым мен
Көлдерім,
Мен Жерімнен
Қанша биік ұшсам да,
Көз алдымда
Келе жатыр ол менің.

Туған жердің –
Құдіретті күшімен
Жаңа ғана, жаңа ғана ұшып ем,
Қазір, міне,
Келемін мен зымырап,
Аппақ-аппақ
Жұлдыздардың ішімен.

Осы бір сәт
Жарқырайды жанарда,
Жұлдыз болып
Көрінемін ғаламға.
Жердегі адам,
Жерде жанған алау от
Жұлдыз болып
Көрінеді маған да!

Сағи Жиенбаев

 

3. Ақын туралы әңгіме.

Сағи Жиенбаев
1934–1994

  • Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Оймауыт ауылында дүниеге келген.
  • Балаларға арналған «Қайырлы таң», «Әлия» т.б. жыр жинақтары бар.
  • «Ол табиғатты құрғақ суреттеп жатпайды, әдемі ырғақ, келісті сөзбен баяндап, ғажайып көріністерді қайтадан көз алдыңа әкеледі».

Сағи Жиенбаев

 

4. Өлеңді қара сөзбен ІІІ жақта әңгімеле.

5. Көркемсөздер (эпитет) ойластыр.

6. Қызықты әңгіме: «Ұшақтағы оқиға». Өмірден алып немесе оқыған шығармаңа сүйеніп, оқиға ойластыр.

7. Өлеңді жаттап ал.

×
×

Корзина