Қанатты болсаң, қайтер едің?

Мәтіндегі оқиғаға өз көзқарасымды білдіремін.

1. Сабақтың қалай аталып тұрғанына мән бер. Шынында да қайтер едің?

2. Түсініп оқы.

Қанатты қыз болсам…

Қанаты бар қарғалардың,
Қанатым жоқ неге менің?
Таңғалдырып балаларды,
Ұшып мен де көрер едім.

Ұшып жүрсем мен де тынбай,
Көк аспанға қарап олар:
«Ләйлә қыздың қанатындай
Қанат керек», – дейтін болар.

Ертек сүйгіш бар ғой бала,
Аңыз ғылып айта берсең.
Ұшып барып ауылға да,
Алматыға қайта келсем.

Көк аспанда еркін жүзіп,
Дүниені араласам.
Содан кейін бақшамыздың
Ауласына қона қалсам.

«Қанатты қыз ұшып кетті,
Қараңдаршы, орман, өзен.
Менің Ләйләм құс боп кетті», –
Деп жылай ма Күлтай әжем?

Тұманбай Молдағалиев

3. Ләйлә қыздың арманы сенде қандай көңіл күй туғызды?

4. Енді Арыстанның арманын тыңда.

Қанатты қыз болсам…

Мынау – менің құндақтаулы жатқаным,
Ана сүтін тұңғыш рет татқаным.

Мынау – менің өзім және бесігім,
Елеңдеймін айтылғанда есімім.

Содан кейін, сірә, біраз жыл өткен,
Мына менің отырғаным түбекте.

Ал мынау – бір жүрген кезім еңбектеп,
Ұмтылғаным сүт құюлы шөлмекке.

Мынау – енді тәй-тәй басып жүргенім,
Мынау – анам, оң жағымда тұр менің.

Сондай-сондай толып жатыр сәттерім,
Ойыншықтар: түйе, сиыр, ат керім!

Бүгін емес,
Ертеңімді уайымдап,
Келешекке қойдым орын дайындап.

Онда былай жазылады:
«Марстан
Қайтқан қазақ ғарышкері – Арыстан!»

Дәл осылай өсіреді мені елім,
Дәл осылай боларыма сенемін!

Қадыр Мырза Әли

5. Өлеңді екі бөлімге бөліп, әр бөлімге ат қой.

6. Өлеңдердің авторлары туралы не білетініңді есіңе түсір.

Тұманбай Молдағалиев
1935–2011

  • ?
  • ?
  • ?

Қадыр Мырза Әли
1935–2011

  • ?
  • ?
  • ?

7. Қалаған өлеңіңді жаттап ал.

8. «Мен қанатты қыз (ұл) болсам…». Қиял-арманыңды қағаз бетіне түсір (10 сөйлем).

×
×

Корзина