Ғажайып табиғат

Мәтінді талдаймын, оқиғаның дамуын болжаймын.

1. Мұқият тыңда. Ертегі екеніне дәлелдер келтір.

Тату елде

(Ертегі)

Сенесің бе,
Сенбейсің бе,
Бір купеде,
Көрмейсің бе,
Келе жатыр –
Бас қосқан.
Шүйіркелесіп,
Әңгіме айтып,
Сырласады
«Сіз» десіп,
Бірін-бірі
Енді қайтып,
Торымайды,
Із кесіп…

Сенесің бе,
Сенбейсің бе,
Ит пен мысық
Достасқан.
Бір үстелде,
Көрмейсің бе,
Тамақ ішіп –
Бас қосқан.
Өте жақын
Туыстастай,
Екеулері
Болыпты.
Бірін-бірі
Қуыспастай,
Өштіктерін
Қойыпты…

Қасқыр мен қой
Достасқан.
Сенесің бе,
Сенбейсің бе,
Түлкі,
Тауық
Достасқан.
Жүр далада,
Көрмейсің бе,
Емін-еркін –
Бас қосқан…
Жүруші еді
Бұзып шырқын,
Жемін іздеп
Тауықтан.
Бұл күндері
Қызыл түлкің,
Қойды әдетін –
Жауыққан…

Бәрін, бәрін
Біріктіріп,
Болдырмайтын
Тосын жай,
Тату елде
Біліктілік
Деген, міне,
Осындай…

Ескен Елубай

2. Адам да жабайы жануармен достаса алады. Түсініп оқы.

Еліктің лағы 

(Орманшының әңгімесі)

Өзім де ерте оянғам,
Торғайлар таңнан шырқырап.
Маужырап тұрған көк орман,
Көктемнің иісі бұрқырап.

Аралап келем ну ішін
Қаулаған жасыл құрағы…
Алдымда жатыр бүрісіп,
Еліктің құйттай лағы.

Қаншалық оның әлі бар,
Жалт беріп,
тұра қашардай,
Қалтырап тұрды жануар
Аяғын тіктеп баса алмай.

Жасаурап кетті көзі де,
Жайы ғой оның күтпеген.
…Бөлек «үй» жасап өзіне,
Асырап жүрдім сүтпенен.

Буыны бекіп,
Жер тіреп,
Өзіне-өзі келгенде,
Жүрсін деп енді еркімен,
Жібердім әкеп сол жерге.

Тау жақтан самал еседі,
Сәулесін көктем сеуіп тұр…
Елігім менің кешегі
Енесін ертіп келіп тұр.

Үнінен шошып өзгенің,
Жүрмейтін қауіп-қатерсіз –
Бейкүнә жәудір көздерім
Келіп тұр қаннен-қаперсіз.

Қауіпке байлап өмірін,
Тұр екен қалай үйге кеп,
Адамнан көрген мейірім
Әкелді ме әлде сүйрелеп?!

Сағи Жиенбаев

3. Өлеңдегі оқиғаны баяндап отырған кім? Мәтінді ІІІ жақтан әңгімеле.

4. Өлеңнің соңғы шумағын қайталап оқы. Адамға елік лағының үйір болу себебі не екен? Ақын ойын өрбітіп әңгімеле.

5. Ертегіні тыңда.

Жалқау мысық

(Ертегі)

  Бір үйдің мысығы бейқам өмір сүріпті. Қарны тоқ болғандықтан, қимылдауға ерініпті. Жалқауланғаны сонша, тіпті тұмсығының астынан жорғалап өтіп бара жатқан тышқанды ұстауға да құлқы болмайды.
  Ақыры тышқан оны:
    – Біздің маубас, – деп мазақтайтын болыпты.
  Бір күні қожасы екі-үш қап бидайды үйіне кіргізіп, өзі сыртқа шығып кетеді. Сол кезде қап толы астыққа тышқандар тұс-тұстан лап қояды. Көзді ашып-жұмғанша қаптың тас-талқанын шығарады. Жылы жерде пырылдап ұйықтап жатқан мысық тынымсыз сытырлаған мазасыз тықырдан оянып кетеді. Сонда қаптың жібін бытырлата қырқып, дәнді күтірлете күйсеп жүрген тышқандарды көреді.
  Оларға ажырая қарап қойып:
  – Ә, тамақ жеп жүрсіңдер ме? – деп қозғалмайды. Орнынан тұрып, тышқандарды қуып жіберуге ерінеді.
  – Әй, қойшы, жей берсін! – деп жата береді.
  Бір кезде үйге кіріп келген қожасы тесілген қапты, шашылып жатқан дәнді көреді де, манаурап ұйықтап жатқан мысыққа жетіп барады.
  – Мен үйде сен бар ғой деп сеніп жүрсем, тіпті үйге кірген ұры тышқандарды да ұстай алмайды екенсің ғой. Сені несіне бағамын. Одан да тоғайға апарып, құтылайын, – деп сақылдаған сары аязда тоғайға апарып тастайды.
  Осы кезде ақ қарға оранған тоғай ішінде бүрісіп тұрған мысықты көрген сауысқан:
  – Жылы үйде жатып, дайын асқа семірдің. Тышқан аулауға да еріндің. Енді қайтер екенсің? Қане, мынау қар басқан тоғайдан тамақ тауып жей қойшы, – деп сықылықтап күліпті.

«Қазақ ертегілері» кітабынан

6. Ертегінің құрылысына талдау жаса.

Негізгі ойы –
Басталуы –
Дамуы –
Шиеленісуі –
Шарықтау шегі –
Шешімі –

7. Екі шығарманы салыстыр.

8. Болжа. Мысық орманда да тіршілік ете алады. Осы тұжырымға сүйеніп, ертегідегі оқиғаны әрі қарай жалғастыр.

×
×

Корзина