Болашақ ғарышкердің саяхаты

Мәтіндегі негізгі ойды анықтаймын, тұжырым жасаймын.

1. Ғарышкер Айдын Айымбетовпен болған сұхбаттан үзінді тыңда.

  – Бәріміз де ғарыштан түсірілген Жердің суретін талай көрдік. Жер жұп-жұмыр, дөңгелек екенін білеміз. Бірақ ғарышта барлығы басқаша екен. Көктен Жер алақандағыдай болып көрінеді. Жер сондай нәзік, кішкентай, қорғансыз. Көзімнің жеткені – біз Жерді аялауымыз керек. Өзіміз мекендейтін ғаламшарды сақтай білуіміз керек.

Ғаламтор материалдарынан

2. Мәтінді түсініп оқы.

Болашақ ғарышкердің «сапары»

(Қиял-ғажайып)

Бұл ғажайып ертегі
Болжап шындық – ертеңді,
Қиялымды шертеді:
Өтер балғын бала шақ,
Өмір-қызық болашақ:
Сол болашақ жайында
Сыр айтайын, пайымда.

Көп жасасаң, көресің,
Мен болашақ кемесін
Айдап бардым алысқа:
Айдан арғы ғарышқа.
Қилы жұмыс меңгердім,
Қиындықты жеңгемін.
Айта бермей мол мұңды,
Жүріп өткен жолымды
Баяндайын сендерге:
Ерекше сыр оттығы –
Ер көлігі от нұрлы
Зымыранға мініп ап,
Айға бардым зымырап.
Айда сайлап кемемді,
Ары ұштым мен енді.

Меркурийге қондым да,
Бір күн қонақ болдым да,
Жеттім ұшып Шолпанға.
Қалдырдым да қолтаңба,
Қанша уақыт болғанда,
Юпитерге қонғанда,
Сақиналы Сатурн:
– Кел, – деді, – тез, батырым!
Сатурнның үстіне
Самғап барып, түстім де,
Одан ұшып, Уранға
Қондым барып ұрандап.
Одан ұшып, шарықтап,
Ойлап істі парықтап,
Үстеме боп екпінім,
Үстіне қондым Нептунның.
Самғадым да арманға,
Плутонға барғанда:
– Жеттім, – дедім, – арманға!
Білмей көп жыл өткенін,
Қайта айналып, сағынып,
Жер-анама жеткенмін.
Ғаламшардың бәрінен,
Әрі қуат, әрі дем
Жер-анамыз жақсы екен:
Аман болсын Бас мекен!

Әдібай Табылды

3. Мәтінге сүйеніп, кішкентай ғарышкер болған ғаламшарларды ата.

4. Болашақ ғарышкердің пікірінше, ең жақсы ғаламшар қайсы? Өлеңнен тауып айт. Сенің ойың ше?

5. Мәтінге және жоғарыдағы пікірге сүйеніп, Жер туралы 3 тұжырым жаз.

×
×

Корзина