Доспамбет жырау ХV ғасырдың 90-жылдарының орта шенінде Азау қаласында дүниеге келген. Сол кезде Донның төменгі ағысын, Азау маңын мекендеген Кіші Орданы билеуші әскери шонжарлар тұқымынан шыққан болашақ жырау заманы мен ортасының талабына сай тамаша тәрбие алып өскен. Доспамбеттің бүкіл
Дешті-Қыпшақты жақсы білгені, Стамбұл мен Бақшасарайда болғаны, сахара тұрмысымен қатар, мұсылман кенттерінің жайына да қаныққаны аңғарылады. Өз заманындағы талай әскери жорыққа қатысқан жауынгер жырау туыстас түркі тайпаларының арасындағы көп қырқыстың бірінде, 1523 жылдың бас кезінде Астрахан түбінде қаза табады. Ол кезде Доспамбеттің жасы әлі отызға да толмаған еді.