ПЕЙЗАЖДЫҢ ӨРКЕНДЕУІНДЕГІ ИМПРЕССИОНИСТ-СУРЕТШІЛЕРДІҢ РӨЛІ

  19 ғасырдың аяғында француз суретшілері ашық табиғат аясында отырып пейзаж сала бастады. Табиғатты тікелей тамашалап, түстердің өзгеше тұстарын көрсете отырып, суретшілер өз жұмыстарында ерекше әсерл ілікке, жаңашылдыққа қол жеткізді. Суретшілер түстер мен реңдердің молдығын, түстер мен жарықтың құбылуын, сонымен қатар өздерінің алған әсерін көрсетуге ұмтылды.

  76-беттегі картиналарда суретші қаланың бір бұрышын әртүрлі тәулік мезгілінде қалай бейнелегеніне назар аудар. Суретші қала көрінісін бейнелемесе, дәл осындай әсерлісурет салар ма еді? Жауабыңды дәлелде.

  Суретшілердің өздеріне имрессионистер деп айдар таққан алғашқы көрмесі 1874 жылы Париж қаласында өтті. Көңілге қонымды пейзаждардан кейін өнердегі жаңа ағым суретшілерінің жұмыстары өңделмеген сияқты тұрпайы көрінді. Көрермендердің көпшілігі көрмеге өздерін өнердің жаңа бағытын жасаушылармыз деп есептейтін «мансапқорлар мен надандарға» күлу үшін ғана келетін. Келушілердің кейбірі өздерін мазақ болғандай сезінді. Газеттерде ашынған мақалалар жарық көрді. Сыншылардың бірі Клод Моненің көрмеге қойылған жұмыстарының ішіндегі «Күннің шығуы. Әсер» карт инасының атауына байланысты суретшілерге импрессионистердеп ат қойды (французша импрессион «әсер» деген мағынаны білдіреді). Содан бастап бейнелеу өнеріндегі жаңа тәсілді ұстанған суретшілердің бәрі осылай аталатын болған.

  Импрессионистер ашық аспан астында сурет салды. Содан кейде қиындықтар туатын. Аяқ астынан жаңбыр жауып, жел соғады, шыжыған күннің астында тұрып сурет салу да оңай болмайтын. Сондықтан олар әртүрлі құрылғылар – қолшатырды бекіткіш, бояуға арналған арнайы қорап ойлап тапты. Одан соң металл ыдыстағы бояулар пайда болды. Клод Моне қарапайым ғана қайықтан шеберхана жасап алды. Оны суретші Эдуард Маненің мына суретінен көре аласың.

  Уақыттың өтуімен көрермендер импрессионистердің еңбектеріне лайықты бағасын берді. Импрессионистердің өнерін бағалай білетіндер олардың туындыларын жарық пен түстен тоқылған кескіндеме деп атады. Бұл импрессионистер өнерінің мазмұны мен ерекшелігін дәл білдіретін анықтама еді.

К.Писсарро. Көктемгі таң

К. Моне. Көгалдағы таңғы ас

  Мына туындыларға назар аударшы. Олар сәуле шашқан жарыққа, күннің шұғыласына, жан сергітетін таза ауа мен әсерлі түстерге толы!

  Ғаламтордан және тағы басқа дереккөздерден импрессионист суретшілердің туындыларын іздеп тап. Оларды мұқият қарап шық. Суретші жарық пен түс реңктерін қалай бергеніне назар аудар. Достарыңмен бөліс.

×
×

Корзина