1.1. Эргономика дегеніміз не?

НЕНІ ҮЙРЕНЕСІҢДЕР?
– Эргономика міндеттерін тұжырымдауды және шешуді;
– Интернетке тәуелділіктің проблемаларын талқылауды.

ТІРЕК СӨЗДЕР
Эргономика
Эргономика
Ergonomics

Компьютер кабинетінде жұмыс істеу тәртібімен, қауіпсіздік ережелерімен 5-сыныптан бастап таныссыңдар. Компьютермен дұрыс жұмыс істеуді ұйымдастыру дағдысы денсаулықты сақтау тәрбиесіне байланысты.
Компьютерде жұмыс істеуді дұрыс ұйымдастырмау салдары:

  • омыртқаның қисаюы;

  • омыртқаның бұлшық еттерінің қысылып қалуы;

  • көздің көру қабілетінің төмендеуі;

• компьютерлік көру синдромы және т.б. ауруларға шалдықтырады.
Компьютермен жұмыс істеуде пайда болатын аурудың алдын алуға болады. Ол үшін мектеп қабырғасынан бастап жұмысты тиімді ұйымдастыруда эргономика негіздерін білу қажет. 
Эргономика дегеніміз не? Ergon – жұмыс + nomos – заң деген ежелгі грек сөздерінен шыққан. «Эргономика» еңбек процестері туралы ғылым деген мағынаны білдіреді.

Эргономика – жеке адамның немесе адамдар тобының техникалық құралдарды нақты жағдайда қолдану іс-әрекетін кешенді зерттейтін ғылым.

Компьютер кабинетінде қауіпсіз жұмыс істеу ортасын құру үшін не маңызды?
Біріншіден, оқу ортасында оқыту жағдайының гигиеналық тәртібін сақтау қажет. Ол үшін компьютер кабинетінде сақталатын эргономиканың кейбір ережелер жиынтығын қарастырайық (1.1.1-сурет). 
Екіншіден, компьютермен жұмыс істеу кезінде миға және көзге артық күш түсіп, эмоционалдық шаршауды болдырмау үшін үзіліс жасау керек. Сол кезде көзге арналған арнайы жаттығуларды орындау қажет (1-қосымша, 128-бет). Информатика сабағынан кейін иық пен қолдың шаршағанын басуға арналған жаттығулар ұсынылады (2-қосымша, 128-бет).

1.1.1-сурет. Компьютер кабинетіндегі эргономика ережелері

Сонымен, эргономиканың түрлі міндеттерін шешу үшін қойылатын талаптар: 

• компьютер кабинетіндегі эргономика талаптарына қойылатын нұсқауды білу;

  • нақты жағдайда оқушылардың эргономика техникаларын білуі;

  • оқушының жұмыс орнына қолайлы жағдай туғызу арқылы жұмыстың тиімділігін арттыру;

• эргономиканы психология, физиология, экология және т.б. ғы­лымдармен пәнаралық сипатта байланыстыру.

Әрбір пайдаланушы жаһандық желіде жұмыс істеу кезінде интернеттің пайдалы жағын және денсаулыққа зиян келтіретінін білуі тиіс. Жаһандық ақпараттық ресурс, білім беру және дамытушылық ойындары, әлеуметтік желілер және басқа да желідегі әртүрлі қызмет өскелең ұрпақтың тәуелді мінез-құлықтарының негізгі көзі болып табылады. Жасөспірімдер арасында Интернет желісінде уақытты көп өткізуі, олардың желілік ойындарға деген гиперқызығушылығын тудырумен байланысты. Ал чаттардағы қарым-қатынас, форумдарға, топтық ойындарға қатысу киберкоммуникативтік тәуелділік деп аталады.

Білу және түсіну

1. 5-сыныпта компьютер кабинетінде техника қауіпсіздігінің қандай ережелерін үйрендіңдер? 
2. Эргономика ғылымы нені үйретеді? «Эргономика» сөзін орыс және ағылшын тілдерінде айтыңдар.
3. Компьютер кабинетіне қандай эргономикалық талаптар қойылады?
4. Компьютер кабинетінде эргономика ережелерінің жиынтығын не үшін білуіміз қажет?
5. Компьютерлік ойын ойнау кезінде адамға эмоционалдық, психологиялық күш түсіп, көздің шаршауы артады. Шаршағанды қандай жолмен басуға болады?
6. Сыныптастарыңа Интернетке тәуелділіктен қорғану туралы не айтасыңдар?

Қолдану

7. Компьютер алдында денеңді дұрыс ұстамау – иық, омыртқа, мойын, саусақ және т.б. ауруларға әкелуі мүмкін. Осындай кері әсерлерді эргономикалық тұрғыдан қалай шешуге болады? Дұрыс жауапты таңдап, эргономикалық тұрғыдан негіздеп айтып беріңдер: 
1) экранның жоғарғы бөлігі шамамен көз деңгейінде орналасуы керек;
2) аяқтарды кейде жоғарырақ қойып отырған пайдалы;
3) қолдың шаршағанын басу үшін қолдарың шынтаққа дейін үстел үстінде жататындай етіп, пернетақтаны үстелдің шетіне қарай жылжыту керек;
4) пернетақта мен шынтақтар бір деңгейде орналасуы керек;
5) егер жылжымалы пернетақтаны қолдансаңдар, онда қолдарыңды үстелге немесе орындықтың шынтақ қоятын жеріне сүйеуге болмайды;
6) білектерің үстелдің шеткі бөлігіне сүйеніп тұру керектігін қадағалаңдар; 
7) иықтың және қолдың шаршағанын басатын жаттығулар жасаңдар;
8) арқаны тік ұстап отыратындай етіп, өздеріңе ыңғайлы қалыпты таңдаңдар.

Талдау

8. Компьютер кабинетінде тәртіп сақтау ережелерінің эргономикадан қандай айырмашылығы бар?
9. Психологиялық, ақыл-ойдың және көздің шаршауының себептері адамға қалай әсер етеді? Себептердің пайда болуына талдау жасаңдар.

Жинақтау

10. Пернетақтаға, мониторға, компьютер үстеліне, орындыққа және кабинетке қойылатын эргономикалық талаптардың өзіндік шешімін табыңдар.

Бағалау

11. 1.1.3-сурет бойынша шағын зерттеу жүргізіңдер. Компьютерде жұмыс істеу қолайлы, әрі тиімді болу үшін пайдаланушыға қойылатын эргономикалық талаптар орындалған ба?
12. Жастардың Интернетке тәуелділігінің гиперқызығушылығы және киберкоммуникативтілігі туралы не айтасыңдар?

1.1.3-сурет. Компьютермен жұмыс істеу кезіндегі эргономика

Үй тапсырмасын орындауға арналған ұсыныстар
Шағын зерттеуді келесі қадамдарға сәйкес жүргізіңдер.
1-қадам
– Проблеманың атауын атап, оның сипаттамасын беріңдер. 
– Бұл проблеманың неліктен өзекті екенін негіздеңдер.
– Бұл проблеманы шешуге қалай көмектесе аласыңдар?
2-қадам
– Безендіру.
Paint графикалық редакторында компьютермен жұмыс істеу кезінде қойылатын эргономикалық талаптардың суретін салыңдар.

Компьютерде жұмыстың өнімділігі жұмыс орнын ұйымдастыруға тікелей байланысты. Жұмыс орнын қолайлы ұйымдастыру үшін неге назар аудару керек? Негізгі төрт аймақты қарастырайық.

1-аймақ – бел мен аяқ
Компьютерде жұмыс істеудің эргономикалық талаптары орындалмаған жағдайда белдің ауруы пайда болады. Бұл проблеманы шешу үшін белге ыңғайлы етіп орындықты және аяқ қоятын орынды дұрыстап алу керек.

2-аймақ – қол білегі
Пернетақтаға немесе тінтуірге қолды дұрыс қоймаудан қол буындарына, білекке және шынтаққа зиян келуі мүмкін. Берілген жағдаятты шешу үшін пернетақта мен тінтуірдің астына қоятын төсемдерді дұрыс таңдау керек.

3-аймақ – мойын, иық, көз
Арқаның, мойынның және иық бөлігінің бұлшық еттеріне шамадан тыс күш түспеуі үшін монитор тіреуіші мен құжаттарға арналған ұстағышты қолдану қажет. Экран мен көздің дұрыс орна- ласуы иыққа, мойынға және көзге түсетін күшті азайтуға мүмкіндік береді.

4-аймақ – жұмыс орнын ұйымдастыру
Егер эргономикалық талапқа сәйкес компьютердің жұмыс орны дұрыс ұйымдастырылмаса, онда біз жұмыс уақытын босқа өткіземіз. Бұл жағдаятты сауатты түрде ұйымдастыру жұмыс өнімділігін арттыруға ықпал етеді.

×
×

Корзина