Асқар Алтай

(1963 жылы туған)

   Асқар Алтай 1963 жылы 12 ақпанда Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан қаласында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. «Қыр мен қала хикаялары» атты повестер мен әңгімелер жинағы (1998), «Алтай новелласы» атты прозалық жинағы (2001), «Нарық нақыштары» (2003) және «Қызыл бөлтірік» (2006) атты ұжымдық жинақтарда прозалық шығармалары, «Казино» әңгімелері(2008) жарық көрген. «Қызыл бөлтірік» кітабы (по-вестер мен әңгімелер, 1997) Халықаралық Сорос қорының бас жүлдесі – Грантын жеңіп алған. Қазақстан Жазушылар одағының Жастар арасындағы прозашылар форумының (1989–1990), Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

   1-тапсырма. Жазушы Асқар Алтайдың тағы қандай шығармаларын білесіңдер? Жазушы шығармашылығына шағын зерттеу жүргізіңдер. Зерттеуде жазушы әңгімелеріндегі табиғат суретіне мән беріңдер.

!

Пейзаж (французша paysage – мекен, өлке) – белгілі бір жердің, мекеннің, табиғаттың көрінісі. Әдеби шығармадағы жаратылыстың, яки табиғаттың көркем бейнесі. Жазушы әдеби шығармада образдық-метафоралық жүйенің арқауы ретінде табиғат келбетін пайдаланады.
   Көркем пейзаж жасау суреткердің дүниетанымының кеңдігіне, рухани және материалдық мәдениеттерді жете білуіне байланысты. Ассоциация арқылы поэзиялық сұлулық тудырады, ой-шеңбер өрісімізді кеңейтеді.
   Пейзаж ұлттық тілдің нәзік, мөлдір, терең сырларын, сөздің музыкалық, поэзиялық, көркемдік қасиеттерін жарқырата ашуға ұйтқы болса, екінші жағынан, шығарманың ішкі мазмұнын, идеялық сапасын байытады.

Серік Негимов

   2-тапсырма. Әңгіме оқиғасына назар аударыңдар.

Прописка

(Әңгіме)

Желтоқсанда із-түзсіз кеткендердің рухына бағыштаймын.

Автор

   Күн ұзарған, түн қысқарған көкектің кәрі қыздай қылтың- сылтың басы. Өскеменнен түсте шыққан автобус Ұлан арқылы Самарға тікелей асып, Ертіс түсіп, Күршімнен бір-ақ шығуға бел байлаған. Көкек келсе де, наурыз жылымығының қайырма қызыл шұнағы қала ішін дірдек қақтырып, Ұлан асуына қарай созылған ұзақ жол беті сиыр жалағандай. Жып-жылмағай көк мұз. Алды-арты бірдей тартатын шағын сары автобус ішіндегі азғана жолаушыларды селкілдете ұрып, соқтырып келеді. Күн аяздан шаңытып тұр. Автобустағылар өзді-өзімен шүйіркелесіп, қайсыбірі жорта қалғып отыр. Жолаушылар арасында нәресте құшақтаған жас келіншек қыңқылдаған сәбиін уатумен әлек. Ең артқы орындықта отырған Архат олардың іс-әрекетіне көз жіберіп, көңілсіздеу күйде көзін жұмған.
   Суыр малақайын көкжелкесіне ысырып, автобустың қабырғасына шалқая отырып, Архат ойға батты. Жолаушылар автобус іші жылы болса да қымтана түсіп, күбір-сыбырлары азайған. Кедір-бұдыр сүргіленген тақтайдай тасжол іші-бауырды солқылдатып, адамның зықысын кетіре лоқ-лоқ ұрып қояды. Жол ұзақ. Кемінде алты сағат жүру керек. Адамды отыра беруден қажытып-ақ жіберді. Жеткенше зарығып боласың!.. Бұл Күршімге асығып та келеді. Туған жеріне жеті жылдан астам уақыт өткенде оралды-ау, бұл. Әне келем, міне келем деп жүріп өмірдің ағымымен келе алмаған. Жол түскені – бүгін. Онда да төрт ай бойы сергелдеңге түсіріп, құрдастары «Сергелдең Сері» атаған паспортқа отыру мәселесі болмаса, әй, келе қоймас еді. Тірлік деген – сол.
   Мұнда бірақ ұзақ болмас. Әрі кетсе – үш ай. Екі қолға бір жұмыс: табылса – жеңіл-желпі қызмет, табылмаса – қара жұмыс. Көңілге демеу – Шірікаяқта тұратын үлкен ағасы, соның үйінде тұрмақ. Ол да ауру: әйтеуір, ептеп-септеп елмен бірге күн кешіп жүр. Жеңгесі орысша өскен, шайпау болатын. 1979 жылы жазда әкесі қайтыс болғаннан кейін, бұл аға-іні, жалғыз анасымен Алматыға көшкеннен бері тұңғыш көргелі отыр. Қазір екі баланың анасы, бәлкім өзгерген де шығар. Араласпай кеткелі де қай заман: аттай жеті жыл… Аға-жеңгесі бірақ сыртқа теппес. Бауыры ғой. Басына іс түсіп келеді ғой, басқа қайда барады? Қаны емес пе?! Қайдам, ондай қылық танытуы да ғажап емес. Қазір екі туып, бір қалғанына да қиғаш қарайтын болып кетті ғой. Егер ауырсынып жатса, бір сыныптасының үйінде пәтерге тұрар. Ер жігітке сол да сын болып па! Ең бастысы – паспортқа «пропискаға» отырып, бес жүз сом ақша тауып, Алматыға қайту. Ағасы, әрине, бес жүз сомды бере алмайды. Ол – анық… Осы бір бес жүз сом болмағанда, қызметке орналасып-ақ кетер еді. Бәрінен де төрт ай бойы сергелдеңге салынғанын айтсаңшы. Сол бір желтоқсанның бұрқағы болмағанда, құда да тыныш, құдағи да тыныш, Алматыға іргелес ауылға паспортқа отыра қояр еді. Сол бір сұмдық көтеріліске тайқы маңдайы тап келіп, қызуқандылықпен килікпегенде, қалың тұманда адасып қалған адамдай сандалмас па еді… Желтоқсанның ызғары әскерден «запастағы офицер» болып оралған мұны да қарыды ғой. Ақыры, астана түгілі, маңындағы өзі тұрған ауылға да тұрақтай алмады.
   Тұрақтатпады ғой… көрші-қолаң «желтоқсаншы» екен деп шығармағанда, ал Николай бригадир мұның туған ағасы Дәуреннен өшін бір алуға қолайлы сәт туды деп: «Інісі әскерден келе салып, 17-ші желтоқсаннан 21-іне дейін үйінде қонған жоқ. Ел декабристермен бірге Алматыда болыпты деп жүр… Анық-қанығын анықтаңыздар! Ағасы коммунистік партия мүшелігіне кандидат болса да «сенімсіз адам», інісінің іс-әрекетін жасырып отыр. Тексеріңіздер!» – деп «донос» жазып, Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер орнына жазбағанда… Өкініш жоқ бірақ, көтеріліске 18-і күні дәрігер жездесін әдейілеп ертіп барып тұрып қатысты. Таяқты да жеді… жегізді де! Көңілде ғана әлдеқандай алаң, шарасыздығына налу ғана бар. Ал органдағылар Қаскелеңде тергеп-тексеріп үш сағат ұстады. Дәлел болмағандықтан, қоя берді. Ана бір Базиев деген капитан, өзінің ұлты балқар екен, сол қол ұшын берді…
   Тыста суырып соққан жел қаңтардың аяғында қағынған бурадай бұрқырап, көлікті жүргізбеуге айналған. Осыдан бір-екі жыл бұрын ғана бір автобус жолаушы осы Ұлан асуында шала-шарпы үсініп қалған. Қазір де кей жолаушылардың есіне сол жай түскен-ді. Абырой болғанда, ешқайсысы бір-біріне тіл қатпады. Боранның аужайын әркім өзінше түюде.
   Аздан кейін автобус тоқтауға айналды. Наурызда ғана жауған қалың күпсекті көтеріп, борап жауған жылбысқымен араласқан аласапыран аруақтанып-ақ алғандай. Қыстай қанша күресе де, қабақ-қабақ көтерілген күрежолдың үсті дәл қазір адам айырғысыз. Шофер жігіт талай жүріп жүрген жолы болғандықтан, ой жобамен қарды бұза-жара сылбыр қозғалып келеді. Кенет сары автобус бір жағына қиқаң ете лықси беріп, бір жамбасына қарай ошарыла құлады. Бағанадан бері сыр білдірмей шыдап отырған жұрт у-шу болған күйде сол жақтағылардың үстіне ауды. Сол қабырғасына қисая құлаған автобустың моторы өшіп, едені көтеріліп кеткен. Үлкендер мен қыз-келіншек әйелдердің улап-шулаған дауысын баса, капот үстінен мойнын созған шофер ақырып жіберді: «Тоқтатыңдар, паниканы! Жігіттер, мен есікті ашамын қазір, басқалардың шығуына көмектесіңдер! Автобусты тезірек тұрғызып алуымыз керек. Қар басып қалса, қайран болмай қалады. Давай, жігіттер!»
   Артқы есік ашылған бойда тыстағы боран ішке лап қойып, аждаһадай ұйтқып ала жөнелді. Есіктен құйылған қар Архаттың да ашық өңіріне сау етіп, мойны мен алқымын мұздай қарыды. Архат бірінші болып қырынан жатқан автобустың үстіне көтерілді. Ат құлағы көрінбес боран орай да борай борап, екпінімен қаңбақ құрлы көрмей жұлып түскісі бар. Тысқа тағы бір жігіт шықты. Қалғандары іште. Іштегі жігіттер көмектесіп, жолаушылар көкке қарап қалған жылы автобустың есігінен біртіндеп шыға бастады. Ең соңынан шофер көрінген.
   Жас балалы келіншек пен үш-төрт қартаң әйелдерден басқалардың бәрі де, шофердің айтуымен, автобусты аяғынан тік тұрғызуға кірісті. Алдымен оң жақ дөңгелектер көтеріліп кеткен жолдың сорабы екі тік күрекпен жанталаса тазаланды. Бұған төрт жігіт тартылған. Автобустың ұзына бойы белуардан ойылды. Ондағы мақсат: бір қырынан жатқан автобусты түзеген кезде төрт дөңгелегі тең басуы үшін. Іле-шала қисая қырындаған автобустың сол жағынан омбы қарды тізеден кешкен отыз шақты адам жабыла ырғып, шофердің айтқанындай өз орнына дік еткізді. Қожанасырдың моласындай қисайған көлік қалыпқа келісімен, бәрі де қуаныса қауқылдасып, жабық есік аузына жақындады. Шофер есікті ашып, жолаушылар ішке өткен. Машина оталмаса да, шофер Архат пен тағы бір жігітке автобустың алдын аршуды бұйырды. Ол екеуі лып ете түскен. Әп-сәтте ұйтқыған боранмен арпалыса тазалаған болып, қайта ішке енді. Шофер автобусты оталдыра қоймапты. Капотты ашып тастап, әлденені шұқылап жатыр. Іші бағанағы ұжмақ жылуынан айырылыпты. Кейбіреулер аяғын резеңке төселген еденге сатырлата соғады.
   Үш жас жігіт жиналмалы есікті айқара аштыра бере тыста құтырынған қарлы құйын ішке қарай қотарыла құйылсын. Бірақ ана үшеуі ештеңені елемегендей іле-шала шығып кетті. Олар кетісімен іштегілер жолдарының оң болуын тілесіп, аз уақыттан кейін үндемей қалысты. Боран бақсыдай автобусты айнала асыр салып үйіріледі. Шофердің қасында егделеу бір адам мен тағы бір жігіт көмектескен болып жатыр. Басқалар күдікпен күтулі, ішінде өзі де бар…
   Далада бөрідей ышқына ұлыған боран, іште ызғарлы аяз. Архатты үзік-үзік ойлар жайлаған.
   – …Асығыспын, ауданға кетіп барам. Ертең келерсің деген өзіңіз емес пе едіңіз, – деп Архат Жетісу ауылының ауылсоветі Қақатаевтың алдында әскери формамен сымша тартылып тұрып еді-ау!..
   – Айтсам, айтқан шығармын. – Қақатаев үстелге салбыраған қабағын көтерген. – Дәл мына жағдайға байланысты РОВД-дан инструкция алатынымды қайдан білейін?!
   – Инструкцияның маған қандай қатысы бар, аға? Отан алдындағы борышымды өтеп келдім…
   – Өз басыңа ештеңе деп тұрғаным жоқ. Әзірге күте тұр. Армиядан енді келсең, әлі «пропискаға» уақыт бар. Астананың іргесіндегі ауылмыз. Декабристердің дүрбелеңі… – деп Қақатаев күмілжи берді. – Сондықтан да сондай инструкция берілген… Тоса тұр.
   Одан Алматыға ат басын бұрды ғой бұл. Мұнда да дүңк-дүңк дүрсіл дауыс қарсы алған.
   – …Төрт ай жүрсең қайтейін! Ауылың паспортқа тұрақтандырмаса, кімнен көресің, өзің де кінәлі, – деп орнынан тұрды қара торы келген подполковник.
   – Жолдас подполковник, ауылсовет көлеңкесінен қорқып отыр. Анадағы оқиғадан кейін қала маңындағы колхоз-совхозда бүкіл паспортқа тұрақтанушылардың тізімін жергілікті совет арқылы алып, тексеру жүргізіліп жатыр. «Көбісінің адресі жоқ, үйді-үйде «жоғалған» пропискалылардың әрқайсысына 300 сомнан штраф салып жатырмыз. Мен сені бұл іс бітпей отырғыза алмаймын, өйткені өзің түсінесің ғой, заманның кең-мол кезінде ауылда тұрақтанғандар қаңғып-қаңғып кеткен. Қайда жүргені белгісіз. Оларды түгелдей тауып, шығарғанын шығарып, шығармайтынын тізімге алып болмай, ешкімді де пропискаға ала алмаймын! Жеп отырған нанымнан айырылар жайым жоқ. Нұсқауды бұзуға хақым тағы жоқ!» – деп жолатпайды. Жұмысқа «пропискасыз» алмайды. Мамандығыммен ауылда да, Қаскелең ауданында да орын жоқ. Қалада орын бар екен, бірақ алдымнан «прописка» шықты тағы да. Үйдің көлеміне тұратын адамдармен қосқанда, мен сыйып тұрмын, аға. Жақын туысымыз ғой.
   Архаттың сөзін орнынан атып тұрған ұзын бойлы подполковник бөліп жіберді:
   – Легендаңның түкке де қажеті жоқ мен үшін. Отырмайсың! Қалаға кіргенше – қараспан алған сорлысыңдар, кірсеңдер – басбұзар бұзақысыңдар… Сенсіз де қаладағы кердеңдердің лаңы аз емес.

   – Жолдас подполковник, мен сізге бұзық емеспін! Арғысы – әскерден төрт ай бұрын келген солдатпын, бергісі – запастағы офицермін өзіңіздей.
   – Енді неғыл дейсің, фамилияң бөлек… Марш!
   – Сонда қайда бармақпын? В конце концов – шетелден қашып келгем жоқ қой…
   – Қайда барсаң – онда бар. Мен сені шақырғам жоқ. Давай, марш отсюда! – деп зілденді.
   – Сіздің олай деуге хақыңыз жоқ. Мен – Совет азаматымын.
   – Сен мені үйретейін дедің бе? Өзің кешегі декабрьге қатысқан қу шығарсың… – Подполковник сынай қарап, кекете жөткірінді.
   – Қатыссам – қатыстым… Оған бірақ дәлеліңіз жоқ сіздің! – Архат та шарт кетті. – Декабрист деп дүре соқсаңыз да…
   – Хватит! Товарищ гражданин, сейчас же идите, иначе я буду вас посадить!
   – Не имеете право!
   – Ох, как имею!.. Арестую вас, как неповиновение закону.
   – Пусть так, товарищ подполковник! Лучше в камере сидеть, чем без надежды бродить… Мне уже некуда! Что хотите, то и делайте. Я буду рад!
   – Ты что, серьезно что ли? Мен отырғыза алмаймын бәрібір. Сен ауылда тұрасың, әскери учетың да сонда. Все! – Подполковник атшаптырым кабинеттің төрінен есікке адымдай беттеді. Калинин ауданы милиция бастығының соңынан Архат еріксіз ере шыққан…
   Енді міне, бойы тоңазып, қарадай елегізіп Алтай биігіндегі бұрқақта бұйығып отыр. Әлгі бір алас-күлес ақ түтекте атып шығып кеткен албырт азаматтар қайда жүр екен деген дерексіз ой оралды. Адасып кетер ме екен, әлде жол таба алар ма бұлыңғыр бұрқақта?! Өз атамекені ғой бірақ…
   Беттен алып, төске шапқан қарлы желмен жолаушы автобусы Ұлан асуында үш сағаттан аса алысып, ақыры Самар жазығына еңкейер тік шатқалға іліккенде пышақкесті тыйылған-ды. Бұл кезде күн бесіннен ауып, бұлыңғыр аспан асты мен терең шатқал ішін қараңғылықтың хабаршысындай зәрлі көлеңке иелеген. Сары автобус кілт тоқтады. Шофер орнынан көтеріліп, ту сыртын жауып тұрған Алтай барысы суретті плакатпен жапсырылған жалпақ әйнек шетінен кеудесімен көрініп, Ұлан асуынан айтқанға көнбей, өз бетімен кеткен үш жас жігітті жолаушылардың есіне түсірді.
   Олар із-түзсіз кетіп, ізім-қайым болғанына көп болмаса да, жұрт жадынан шығып та үлгергендей… Әркім-әркім әртүрлі долбар жасап, бәлкім асудан аман-есен асып, әлде бір қыстаққа жеткен шығар деп топшылаған. Алдымызда кетіп бара жатқан болар дегендерге шофер үзілді-кесілді «жоқ!» деді. Асудағы алас-қалас ақ түтек арасында қалып қоймады ма, тау басы мекенсіз ғой деген күдік кім-кімнің де көңілін жайлаған… Бірақ жамандыққа қимаған, ауыздарының батылы жетпеген – бұлдыр үмітке сенген. Олардың қайда бара жатқанынан да жолаушылар хабарсыз болып шықты. Самар мен Күршім – екі ауданның қайсысынан екені белгісіз.
   Айналасы екі жүз шақырым аймақтың ауа райы құбылмалы-ақ.
   Сары автобустағылар Самарға сағат жетіден аса жетті. Шофер асуда бой бермей кетіп қалған үш жігіт жайлы тиісті орынға хабарлады… Іңір ілінген. Мұнда екі-үш адамды түсіріп тастап, екі-үш жолаушыны отырғызып алып тартып кетті. Олар Ертіске жеткенде түн түнегі қымтап, ай туған. Кәрі өзен үстінде аяз күшті болушы еді, бүгін бірақ қалың қар мен көк мұзды астынан солқылдата ерітетін өлкек соғып тұр екен. Әлі түсе қоймаған мұз үстінен қызыл су жүріп, жылым пайда болып, жарық ай сәулесі мен көтерілген селдір бу арық малдың шарбысындай жұп-жұқа перде тұтыпты.
   Алып өзеннің арғы жағасы көрінер емес. Ол жақта бұларды күтіп тұрған да еш көліктің жыпылықтатқан жарығы көзге ілікпеді. Сары автобустан түскен жолаушылар кәрлі Ертісті бойлай соққан өлкек пен мамыра-жай жайылған қызыл суға қарап тұрды да, амалсыз автобусқа енді. Жас балалы әйел жылаған сәбиін емізіп алуға жолаушылардың орын-орындарына түгел жайғасуын күтті…
   Елдің артынан енжарлау енген Архат қана. Қызыл су жүріп жатқан ұлы Ертістің арғы бетіне өте алмады. Өлі мұз жібіп, жетер жеріне жеткізбеді. Өткелсіз өзенге не шара?! Бұл бірақ алмағайыпта Алматыға сыймаса да, атан атамекені Алтайына табанын тіреп, ертең-ақ ал көңілі бүрлеп шыға келер.
   Жолаушылар мінген автобус Самарға кері қайтты. Оған көкқаяз тасжолға шағылған жалғыз ай ілескен. Асуда бұрқақ, өзенде өлкек соққан құбылмалы күн түнге ауысқан. Архат Күршімге күнбе-күн жете алмады. Ал бұрқақта бұлаңытып кеткен бұландай жігіттер сол бойы оралмады… Архат ымырт аязнан тітіркеніп қойды.

   3-тапсырма. Әңгімені композициясына сай бөлімдерге бөліп, тақырып қойыңдар. Шығарманың фабуласын анықтап, сюжетін баяндап беріңдер.

   4-тапсырма. Әңгіменің идеясы қандай? Не себепті «Прописка» деп аталған? Шығармада қандай тарихи оқиға туралы айтылады? Топта талдап, ойларыңды ортаға салыңдар.

   5-тапсырма. Мәтінді тыңдап, табиғат суретіндегі көріктеу құралдарын теріп жазыңдар.

   Уақыт мөлшері: 7 минут.

   6-тапсырма. Архат пен подполковниктің диалогін рөлге бөліп, мәнерлеп оқыңдар. Диалог арқылы автор қандай оқиғадан хабар бергенін айтыңдар.

   7-тапсырма. Архаттың ішкі алай-түлей әлемі мен пейзаж суретінің үндесуін анықтаңдар. Автор табиғатты суреттеу арқылы кейіпкердің толғанысын қалай көрсеткен?

?

   8-тапсырма. Әңгімені оқып, сұрақтарға жауап беріңдер.

1. Басты кейіпкердің өмірінде қандай оқиға болып өтті? Архат қайда, не үшін кетіп барады?
2. Автобуста отырған адамдар кімдер? Оларды автор қалай суреттейді?
3. Архат неге пропискаға отыра алмады? Алтай табиғатының қатал мінезін автор қандай сөздермен берген?
4. Қалай ойлайсыңдар, Архат өз мақсатына жете ала ма?
5. Не себепті автор автобустан шығып кеткен үш жігітті әңгіменің соңында есіне алды?
6. Әңгімені басқаша қалай атауға болады?

   9-тапсырма. Берiлген үзінділерге талдау жасаңдар.

Ауыспалы мағыналы тіркес

…Ұлан асуына қарай созылған ұзақ жол беті сиыр жалағандай. Жып-жылмағай көк мұз.

…Ұлан асуына қарай созылған ұзақ жол беті сиыр жалағандай. Жып-жылмағай көк мұз.

қалың тұманда адасып қалған адамдай сандалмас па еді…

Автобус тасбақаша төрттағандап ілбіп келеді.

Ат құлағы көрінбес боран.

Көріктеу құралдары

Сиыр жалағандай – теңеу. Жып-жылмағай көк – эпитет. Жып-жылмағай көк мұз.

…Ұлан асуына қарай созылған ұзақ жол беті сиыр жалағандай. Жып-жылмағай көк мұз.

қалың тұманда адасып қалған адамдай сандалмас па еді…

Автобус тасбақаша төрттағандап ілбіп келеді.

Ат құлағы көрінбес боран.

   10-тапсырма. Автор әңгімеде неліктен кейіпкерлерін орысша сөйлеткен? Диалогтерді талдай отырып, кейіпкерлердің мінез ерекшелігіне назар аударыңдар.

   11-тапсырма. «Желтоқсан желі» тақырыбында эссе жазыңдар. Эсседегі басты кейіпкердің желтоқсан оқиғасына қатысы қандай?

×
×

Корзина