Қаланың төбесі көрінгеннен кейін өзеннің жағасына тоқтап, сол арада суға түсіп, біраз демалуға тоқтайды. Күтушісі ас әзірлеуге кіріседі. Салқын суға шомылып, денесі сергіп шыққан Айша бибі жұмсақ төсенішке келіп жатады. Салқын су мен таудың самал желі ұзақ жолдан шаршаған жас арудың балғын тәнін аялап, ол маужырап ұйқыға кетеді. Осы кезде оны даланың улы жыланы шағады.
Денесін у жайлап, тынысы тарылған Айша бибі дереу Қараханға хабар бергізеді. Қарахан емші мен молданы алып жеткенде, ару қыз есінен танып жатыр екен. Қарахан молдаға Айша екеуінің некесін қиғызады. Содан кейін ол қызды қолына алып, жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына: «Айша, сен енді бибі болдың!» деп үш рет айтыпты.
Қайғырып, қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күмбез орнатады. Қанша уақыт өтседе, Тараз қаласының іргесінде екі ғашықтың махаббатының өшпес
белгісі іспеттес сол күмбез әлі тұр.
Айша бибі кесенесі – өзінің аңызға толы рухани құндылығымен Қатар сәулет өнеріндегі ғажайып, әлемде теңдесі жоқ ескерткіш. Ескерткішті қалаған кірпіштердің әртүрлілігінің өзі таңғалдырады. Оның алғашқы қалпы тек батыс қабырғасында сақталған.
Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2001–2004 жылдар аралығында жүргізілді. Шеберлер кесенені қайта қалпына келтіру үшін үш жыл бойы ізденіп, оның кірпішінің жасалу технологияларын зерттеді. Тек ескі технологиялы пештерді қолдану арқылы 72 түрлі белгі салынған плиткалар дайындалды. Сондай-ақ кесененің іргетасын қатайту, қабырғаларын көтеру, ішкі және сыртқы желкендерін жөндеу секілді күрделі жұмыстар атқарылды.