1. Сабақ тақырыбына өзек болып тұрған «дәстүр» және «жаңашылдық» ұғымдарының мәнін анықта. Олардың арасында қандай байланыс болуы мүмкін деп ойлайсың? Пікіріңді шағын пайымдама-мәтін түрінде жаз
2. Суретке қарап, сұрақтарға жауап бер.
1. Бұл – біздің еліміздегі аса құнды жәдігер, сәулет өнерінің керемет туындысы. Онда ұлттық сәулет өнеріне тән қандай белгілер бар?
2. Ол қандай ғимараттар тобына жатады?
3. Сәулет туындысының түркі халықтары үшін маңызы қандай?
3. Мағжан ақынның «Түркістан» өлеңінен алынған үзіндіні оқы. Оның мазмұнының жоғарыдағы сәулет өнерімен байланысы бар ма? Ойыңды дәлелде. Өлең мәтініндегі қосарланып тұрған тыныс белгілерінің қойылу себебін анықтап, айтып бер.
Тұранның тарихы бар отты желдей,
Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей.
Тұранның жері менен суы да жат,
Теңіздей терең, ауыр ой бергендей.
Ертеде Оқыс, Яқсарт – Жейхун, Сейхун,
Түріктер бұл екеуін дария дейтін.
Киелі сол екі су жағасында
Табасың қасиетті бабаң бейіті.
Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?
Түрікке адамзатта ел жеткен бе?
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?!
Тұранның билері бар Тарағайдай,
Сол биден Темір туған от боп ойнай.
От шашып жер жүзіне Ақсақ Темір,
Жарқ етіп өте шыққан найзағайдай.
Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?
Бұл Тұран ежелден-ақ Алаш жері,
Тұрансыз тарқамаған Алаш шері.
Тұранның топырағында тыныштық тапқан
Алаштың арыстаны – Абылай ері…
Шер батса, кім іздемес туған елін,
Тұлпар да көксемей ме туған жерін?
Арқаның ардагері – қалың алаш,
Тұран да, біле білсең, сенің жерің!
Қырағы Тянь-Шань мен Памир, Алай,
Күтеді көптен сені қарай-қарай.
Кене мен Абылайдың жолын қумай,
Жапанда жайылудың мәні қалай?!
Ертеде Оқыс, Яқсарт – Жейхун, Сейхун,
Түріктер бұл екеуін дария дейтін.
Киелі сол екі су жағасына,
Болмаса, барсаңшы іздеп бабаң бейітін!
4. Мәтінді тыңда. Салалық термин сөздерді жазып ал. Мәтінде суретте көрсетілген қай ғимараттар туралы айтылады?
5. Мәтін мазмұнына сүйеніп, осы сәулет туындыларында дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысы қалай көрініс тапқанын айт. Өз сөзіңде сәулет өнеріне қатысты термин сөздерді орынды қолдан.
6. Мәтінді оқы.
Астана қаласының Бас жоспары – Астана қаласы тіршілік-тынысының қолайлы ортасын құру және оны орнықты дамыту, экологиялық қауіпсіздігін, табиғи және мәдени мұраларын сақтау мақсатында жасалған қаланың сәулет-құрылыс жоспары. Бұл жоба Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен іске асып жатыр. «Астана қаласының Бас жоспарын» жасауға халықаралық байқау жарияланып, байқау нәтижесінде жапон сәулетшісі Кишо Курокаваның арнайы жасаған жобасы қабылданды. Осы жобаның ішіндегі өте құнды сәулет туындысы – Қазақстанның Ұлттық музейі.
Жалпы көлемі 74 мың шаршы метрден асатын Ұлттық музейге Қазақстанның ерте ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі археологиялық, этнографиялық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштері жинақталған. Ұлттық музейдің экспозициялық кешендерінде Астана, Тәуелсіз Қазақстан, Алтын, Ежелгі және ортағасыр тарихы, Этнография, Тарих, Заманауи өнер залдары бар. Мұражай халықаралық стандарттарға сай жабдықтармен жарақтандырылған.
Экспозициялар үшін заманауи көрме технологиялары: бірегей иілгіш экран, медиа-еден, қазіргі Астананың серпінді макеті, голограммалар, диодты жарығы бар LED-техника, сенсорлы дүңгіршектер, мультимедиалық жолсерік және т.б. қолданылады. Жеті залда ұсынылатын негізгі экспозициялардан бөлек көрмелерде ашылды: Қазақстан Республикасы қолөнершілерінің жәрмеңкесі, «ХІХ–ХХ ғасырлар тоғысындағы қазақтар» мұрағат суреттерінің көрмесі, Венгрия суретшісі Джудит Покс пен Ресей суретшісі Яна Волкованың киізден жасаған жұмыстарының фотокөрмесі, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Сәуле Бапанованың «Сейхун толқындары» атты киізден жасалған киімдерінің жиынтығының көрсетілімі.
Баспасөз мәжілісі барысында шетелдік қонақтардың бірі Джон Симпсон: «Лондондағы Британ музейінің тәлімгері ретінде осындай іс-шараға қатысу мен үшін зор құрмет және қуаныш. Музей – мәдениет белгісі, зерттеулер жасау мен білім алу үшін үлкен мүмкіндік берер, халықаралық ынтымақтастыққа үлкен үлес қосар орталық. Музей құрылысының дизайны – кісі таңғаларлықтай, өте маңызды заманауи ғимарат. Бұдан басқа, көне экспонаттарды мультимедиалық технологиялар арқылы көрсетудің жаңа тәсілдерін қолдану – заманауи жетістік», – деді.
Ұлттық музейге 17.30–22.00 аралығында баруға болады. Келушілер үшін «Ұлы Жібек жолымен саяхат» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады, оның ішіне төмендегілер кіреді:
– Түркістан, Сауран, Испиджаб, Тараз, Сығанақ, Ақмешіт,Отырар, Суяб сияқты Жібек жолы өткен Қазақстандағы ортағасырлық қалаларға бөлінеді;
– суретшілер мен қолөнер шеберлерінің шеберлік-сыныптары,
– сәндік-қолданбалы өнер жәрмеңкесі;
– суретшілердің аспан астында сурет салуы, ұлттық киім үлгісімен суретке түсу;
– балаларға арналған интерактивті ойын бағдарламасы, балаларға арналған интерактивті алаң, музей викторинасы;
– ұлттық ойындар, ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм тату;
– домбырашылар кеші.
(«Астана ақшамы» газетінен)
7. Мәтіннен төл және кірме сөздерден жасалған терминдерді екі бағанға бөліп жаз. Олардың мағынасын анықта.
8. «Аквариум». Мәтін мазмұнына сүйеніп, журналист пен музей қызметкерінің 1,5 минуттық диалогін көрсетіңдер. Диалогте ең маңызды ақпараттар қамтылсын. Сынып ең үздік диалогті анықтасын.
9. Астанадағы «Ұлттық музейде» Ұлы Дала өркениетіне қатысты қандай экспонаттар бар екенін анықта. Музей сайтына кіріп, олармен таныс. Өзіңе қызықты болған деректерді жазып ал.
10. Ұлттық музейдің өзің қалаған залында өткізілетін қазақ археологімен кездесу туралы хабарландыру жаз. Хабарландыру мәтінінде тыныс белгілерін дұрыс қолдан.
11. Мәтінді оқып, мазмұнын сабақ тақырыбымен байланыстырып айт.
…Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық- рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы.
(Н. Назарбаев)
12. Сабақта өткен ақпараттардың негізінде өз ойыңды аргументативті эссе түрінде жаз. Эссе мәтінінде алынған деректерге сілтеме жаса. Оларды пайдаланылған әдебиеттер тізімінде рәсімде.