Есіл!..
Шілденің шымырқанған сарша тамыз кезінде Есіл өзені адамның көзіне күндік жерден шалынады. Күн сәскеден жоғары көтеріле аққан мөлдір толқынды сағым Есілдің алабына сыймай, аппақ күміс көбігін кең кемерден көпіршіте төгеді. Төгілген сағымның толқыны тулап, шиыршықталып аспанға шапшиды. Шапшыған толқынды сағым сайларды өрлеп, қанатын кең жазады. Шілдеде Есіл өлкесінің желі баяу еседі. Тоғай да бұл кезде кемеліне келіп толықсып тұрады. Жібек шалғынды табиғаттың байлығына көзің тойған кезде оның иесін іздейсің. Ол әрине, Есіл!
Сен Есілді іздейсің де, көпке шейін ұшырата алмайсың. Бұл кезде Есіл сабасына сарқылып, ағар арнасымен моп-момақан боп жылжиды да жатады. Сол түріне қарағанда, егер тасыған кездерін көрмесең, оның сонша кең өлкені сусындатқан өзен екеніне сенбейсің. Есіл ағысының жасырын күшін сен суына сүңгігенде ғана көресің. Моп-момақан боп, тұнып тұрған сияқтанып, оның суы тізеңнен аспай-ақ сені қабықтай қалқытып ала жөнеледі. Сен малтымпаз болмасаң, суға кеттім деп үрейленесің. Есілдің суында тек аяғың мен қолыңды қимылдата білсең болғаны. Көтеріп ала жөнеледі!.. Тәттілігі қандай сол судың!.. Салқындығы қандай!.. Мөлдірлігі қандай!..
(С. Мұқанов)