Қандай халық болсын, оның жер жағдайы мен тұрмыс-тіршілігі сол халықтың болмысына, мінез-құлық жаратылысына өз таңбасын салып, санасына сіңетіні белгілі. Алла тағала қазақ халқын бірін-бірі сағынысып жүрсін, бірінің қадіріне бірі жетсін деп әдейі ұлан-байтақ жер беріп, сол керіліп жатқан кең жерге ала бұлттан тамған тамшыдай қазақтарды сирек шашып жіберген секілді. Бәлкім, содан да болар, ата-бабаларымыз кісі көрсе, қуаныпты. Танысын-танымасын, ұшырасқан адамға сәлем беріп, жөн сұрасып, әп-сәтте кедергісіз шүйіркелесіп, ұршықтай үйіріліп кетеді екен …
Қазақ халқы – өзінің қат-қабат тарихында небір нәубетті асулардан асып, басынан талай зобалаңды кешірген, мұңы қордаланған шерлі халық. Сонда да өзіне тән ұлттық қалпын шамасы жеткенше сақтап келеді. Соның бірі – адамға үйірсектігі.
(Б. Момышұлы)