АСТАНА ҚАЛАСЫ – МӘДЕНИЕТ ОРТАЛЫҒЫ

1. «Мәдениет» деген сөзді қалай түсінесің?
2. «Мәдениет» және «театр» деген ұғымдар байланысты ма?
3. Төмендегі кластерді толтыр.

1-тапсырма. Мәтінді тыңда. Сұрақтарға жауап бер.

• Тыңдалған мәтіндегі ой не жайында?
• Автор театр мәдениетіне қатысты қандай мәселелерді өзіңмен бөлісіп отыр?

2-тапсырма. Суреттердегі іс-әрекетті әңгімеле. Кәсіп түрлеріне сипаттама бер.

3-тапсырма. Төмендегі кәсіби сөздерді топта талдап, кестені толтыр.

   Торта (үлкен балық), балберік (қалтқы), зорат (тары үйіндісі), әптік (қармақтың тілі), күләсән (қауын), қас (зергерлік тас), шит, аттіс, созан, тарақ балта.

4-тапсырма. Мәтінді оқып, түсіндіріп айт. Мәтіннің алғашқы бөлігіне сұрақ қой. Екінші бөлікте не туралы айтылатынын болжа. Мәтіннің әр бөлігіндегі ойды өз болжамыңмен салыстыр.

«Астана Опера» театры

   Есілдің сол жағалауында орналасқан «Астана Опера» театры асқақ сән-салтанатымен көз тартады. Ғимараттың жалпы ауданы – 64 мың шаршы метр. Оның 3000 шаршы метрін сахна аумағы алып жатыр. «Астана Опера» өзінің көлемімен ғана емес, сонымен қатар әсем сәулетімен де таңғалдырады. Әлемдік сәулет өнерінің ең үздік классикалық дәстүрлері ескеріле салынған театр сәулетінде ұлттық нақыш айқын байқалады. Театр ғимараты палладиандық, неоклассикалық сәулет стильдерінде салынған. Ғимаратта барлық спектакль мен концертті жазып алуға мүмкіндік туғызатын студиялық жабдықтау орналасқан, театрдың жеке спутник стансасы бар.
   Едендегі паркет, қабырғалардағы шие ағашынан жасалған панель, кресло мен айналардың барлығы акустикалық тұрғыдан ескеріліп орналасқан. Креслолардың еңкею және бұрылу бұрыштары миландық «Ла Скала» театрының үлгісімен жасалған. Театрдың Үлкен залы 1250 орынға есептелген, ал Камералық зал 250 адамға арналған.
   2013 жылдың 21 маусымында театр өзінің алғашқы маусымын М. Төлебаевтың атақты туындысы – «Біржан–Сара» операсымен салтанатты түрде ашты. Сол жылдың күзінде театр әлемдік тұсаукесерін өткізіп, Пьер Луиджи Пицци қойылымындағы Дж. Вердидің «Аттила» операсымен халықаралық қауымдастыққа таныстырылды.
   Қазір театр репертуарында А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай», Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Ж. Бизенің «Кармен», Дж. Пуччинидің «Тоска», «Богема», «Мадам Баттерфляй», Дж. Вердидің «Аида», «Травиата» опералары, С. Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта», Б. Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», Л. Минкустың «Баядерка», «Дон Кихот», М. Жаррдың «Париж Құдай Ана соборы», П. Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі», «Щелкунчик» балеттері бар.
   Театр репертуары жыл сайын ұлттық және әлемдік опера мен балеттің үздік туындыларымен толыға түсуде.

(«Екпін» мәдени-танымдық журналынан)

5-тапсырма. Оқылым мәтіні бойынша өз ойыңмен бөліс.

Білгенге маржан

   Астана қаласындағы Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, М. Горький атындағы орыс драма театры мәдениет пен өнер ошағына айналды.

6-тапсырма. Оқылым мәтіні бойынша төмендегі сұрақтарға жауап бер.

1. «Астана Опера» театры қандай сәулетімен ерекшеленеді?
2. Театр қандай стильде жасалған?
3. Театрда қандай қойылымдар бар?
4. Опера театры мен драма театрының басты ерекшеліктері неде деп ойлайсың?

7-тапсырма. Мәтінді оқып шығып, кәсіби сөздерді теріп жаз. Қай салаға жататын кәсіби сөздер екендігіне көңіл бөліп, оларға түсінік бер. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін пайдалан.

   Ертеде бір балықшы суды жағалап келе жатса, алыста күнмен шағылысып, жалтырап дыраудай бір нәрсе көрінеді. Жақындап келсе, айналасындағы бір жымға денесінің көбін батырып, үлкендігі қайықтай бір нән балық жатыр екен. Балықшы оны қолындағы жарағымен аулап ала алмайды. Көршісі Иван деген балықшының жарағы, ау-жадырасы бар екен…

8-тапсырма. Театр мәдениетіне қатысты төмендегі кеңестерді оқып, сұрақтарға жауап бер.

• Театрда қойылым барысында көп сөйлемей, анда-мұнда шықпай, көп қозғалмаңыз. Актерге кері әсерін тигізуіңіз мүмкін.
• Ұялы телефоныңызды сөндіруді немесе дыбыссыз режимге қоюды ұмытпаңыз.
• Трагедия болса, өте қатты жыламаңыз.
• Комедия болса, өте қатты күлмеңіз; көрермендердің назарын өзіңізге аудартып аласыз…
• Әрине, күлуге, жылауға болады… Тек өз орнымен… Шектен тыс емес! Негізі театрда (барлық жерде) тәртіпті, тәрбиелі, мәдениетті болып жүру керек.

• Сен театрдан немесе теледидардан қандай қойылым көрдің?
• Қойылымда өзіңе жақсы әсер қалдырған қандай нәрселерді айтар едің?
• Театр мәдениетіне жатпайтын жағдаяттарды байқадың ба? (Ортаға сәйкес киім кимеу, қатты сөйлеу, ұялы телефон қолдану т.б.)

9-тапсырма. Тапқырлар сайысы. Төмендегі мақал-мәтелдердің құрамындағы диалект сөздерді анықтап, түсініп оқы.

   1. Ел аузына елек қойып болмас. 2. Тозған елді там жияр. 3. Пұлсыз базарға барма. 4. Шөп жаманы – қоға, құс – жаманы шажа. 5. Әр кәллада бір қиял.

10-тапсырма. Сөздердің емлесін есіңе сақта. Жұбыңмен бірге қайталап айтып, дәптерге жазыңдар. Бір-біріңді тексеріңдер.

   Неоклассикалық, палладиандық, акустика, хореограф, репертуар.

11-тапсырма. Кәсіби сөздерді тауып, дәптеріңе жаз және олардың қай кәсіпте қолданылатындығы бойынша шағын зерттеу жүргіз.

   Шал енді қауындық жерінің басынан шықпайтын болды. Қарықтардың арасына шыққан отақтарды шабады. Болашақ шартақ құратын жерді тегістеп, шаңы бұрқырап жатпасын деп су салады.
   Қаракең пәлек аралап «жеуге жарайды-ау» деген екі қауынды үзіп, немерелеріне құшақтатып жіберді. Көп ұзамай қауыннан сарғайып әңгелектер шыға бастады.

(Т. Нұрмағамбетов)

12-тапсырма. Жұбыңмен бірге кестені толтыр.

13-тапсырма. «Төрт сөйлем» тәсілін пайдалана отырып, сабақ бойынша түсінгеніңді жаз.

Пікір. Оқыған мәтін бойынша өз пікіріңді бір сөйлеммен жаз.
Дәлел. Өз пікіріңді бір сөйлеммен дәлелде.
Мысал. Пікіріңді өмірмен байланыстырып, бір мысал келтір.
Қорытынды. Тақырып бойынша қорытынды жаз.

×
×

Корзина