Үй ішінде әкесі Қанышты өзінше баулыды. Жасы онға толған баласын есі кірген адамға жорыды. Бұған баланың зеректігі мен ұғымталдығы да себеп болды. Сабағын әзірлеп бітіргеннен кейін әкесі Қанышты қасына отырғызып алады да, қисса-дастандар оқытады. Өзі тапжылмаған қалпы бас шұлғи тыңдайды. Бұдан басқа ұлы бабасы Бұхар жыраудың өзі жазып алып, қастерлей сақтап жүрген жыр-толғауларын да жатқа айтқызады. Осылайша Қаныштың көкейінде талай дастандардың сарыны сақталып қалды. Әсіресе, әкесі үзбей оқытатын «Едіге» жырының оқиғасы жадында өшпестей жатталды.
Саналы бидің үзбей жыр-дастан айтқызуының мәнісі – баласының ана тілін меңгеруіне себін тигізудің тәсілі еді. Әке мұраты біртіндеп жүзеге асып та жатты. Қаныш туған халқының салт-дәстүріне, өлең өнеріне, мәдени мұраларына қаныға берді. Сүйіспеншілігі тасқындады. Әсіресе Жаяу Мұса атасының әуендеріне және сол кісінің ықпалымен халық әуендеріне әуестігі артты. Әндердің ырғақ-үйірімін бұзбай, бұрмаламай айтудың тәсілін үйренді. Қариялар сөзіне құлақ түре жүріп, қазақтың таралым шежіресінен де көп жайларды білді.
Сырғыған жылдар Қанышты ширатып, жаңа-жаңа белестерге өрмелетті…
Туған даласының құдіретін таныту үшін құлшынған Қаныш Имантайұлы өзінің де дарынын айшықтады, көксеген мұратын жүзеге асырды. Ол жерді халықтың ырысы деп біледі. Сол ырысты халықтың қажетіне жаратты. Қазақтың сары даласын қазаны сақырлап қайнап тұрған өндіріс ошағына айналдыруға бүкіл күш-жігерін сарп етті.
(Қ. Толыбаев. «Қаныш Сәтбаевтың балалық шағы» кітабынан»)